
“Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра” деп белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі жырына арқау еткен қос ішекті аспап – қазақтың терең тамырлы тарихы, көнекөз шежіресі. Көпті көрген қарияның көкірек күйіндей халқымыздың күйініші мен сүйінішін шанағына сыйдырып, сиқырлы әуен төгетін қасиетті домбыраға деген құрмет ерекше. Әрбір қазақ домбыраны қастерлеп, үкі тағып, төріне ілген.
Мен Есіл ауданындағы Бірлік ауылының тумасымын. Бала күнімнен өнерге жақын болып өстім. Әсіресе, ән сайыстарына жиі қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Сегізінші сыныпты тамамдаған соң облыс орталығындағы музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатына оқуға түстім. Бала күнімнен әнші болуды армандадым. Алайда, дәстүрлі ән мамандығына 9-сыныптан бастап қабылдайды екен. Сөйтіп, домбыра сыныбына ауысуыма тура келді.
Өнерге құштарлығымды аңғарған ұстазым Майра Сапарқұлова маған домбыраның қыр-сырын үйретті. Бүгінде домбыра – менің жан серігім. Бұл аспап өмірімде маңызды орын алады. Күйшілік өнерді таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Керісінше, халқымыздың болмысын ұғындырған күйдің құдіретіне басымды иемін. Кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін тамамдадым. Бүгінде облыстық филармонияның Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің құрамында өнер көрсетемін. Сондай-ақ, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда ұстаз болып еңбек етемін. Қол жеткізген жетістігіміз де аз емес. Жақында оқушыларым халықаралық байқауда бас жүлдеге ие болды. Республикалық сайыстарда да жүлделі орындардан көрініп жүрміз. Сондықтан жас маман ретінде өзімнің білгенімді өзгелерге үйретіп, оқушыларды өнерге баулудамын.
Халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеу – ұлттық құндылықтарды қастерлеуден бастау алады. Ал атадан қалған мұраны қастерлеу – ұрпақ парызы. Ұрпақ тәрбиелеуде домбыраның мәні зор. Қос ішекті аспаптың құлағында ойнап, қазақтың үнін, сазын естіп өскен бала ұлттық құндылықтарымыздың қадірін білетін болады.
Өнер десе ішер асын жерге қоятын, домбыраның қадірін білетін жеткіншектерді көргенде, көңілім жай табады. Сондықтан тәуелсіз елдің ұланы ретінде өнер арқылы мемлекетіміздің дамуына аз да болсын өз үлесімді қосуды алдыма мақсат еттім. Жақында Қызылжар қаласында “Шабыт” үйірмесін аштым. Облыс орталығында домбырадан сабақ беретін мұндай үйірме аз. Бар болса да ақылы. Ал қазір домбыра үйренгісі келетін адам көп. Үйірмеге қатысушылардың дені жастар. Сол себепті үйірме кешкі уақытта жұмыс істейді. Әсіресе, студенттерге қолдау көрсету мақсатында оны тегін өткізуді жөн көрдік.
Домбыра үйірмесін ашу жауапкершілік пен үлкен ізденісті, еңбекқорлықты қажет етеді. Қазір ұлдар мен қыздардан құралған екі топ бар. Олар көне аспаптың қыр-сырын меңгеруде. Құдайға шүкір, қатысушылардың қызығушылығы жоғары. Екі топқа екі түрлі әдіспен сабақ берудеміз. Әр әдісті сынақтан өткізудеміз десем де болады. Алдағы уақытта үшінші топ ашу жоспарда бар. Өйткені, сұраныс көп. Бізге хабарласып жатқан адамдардың санынан жаңылдым. Бірақ уақыт пен орын шектеулі.
“Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз” демекші, үйірменің арқасында топпен қалай жұмыс істеу керек екенін ұғынып, ұстаздық қабілетімді шыңдаудамын. Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе. Қатысушылардың ұлттық аспапқа қызығушылығын оятып, дағдысын қалыптастырып, ынтымақтастыққа тәрбиелеудеміз. Оқытудың заманауи тәсілдерін де кеңінен қолданысқа енгізудеміз. Мәселен, бейне сабақтар қолданылуда. Заман дамыған сайын, талап күшейеді. Сондықтан бәсекеге қабілетті, жаңашылдыққа құштар студенттердің талабын орындау маңызды. Әр сабақты қызықты өткізуге тырысудамыз. “Жалғыз ағаш орман емес…” дегендей, жанымда көмекшім Дархан Қазиев есімді досым бар.
Әр жұмыстың өзіне тән қиындығы болады. Өкінішке қарай, бізде аспап тапшы. Дегенмен, қандай қиындық орын алса да, алған бетімізден қайтпай, алға қарай жылжитын боламыз. Топты кеңейтіп, жеке оқыту курстарын ашу ойда бар. Бұл уақыттың еншісінде. Күйтартыс ұйымдастырып, жас өнерпаздардың біліктілігін саралайтын боламыз. Бірер айдың ішінде қатысушылар 4-5 күй үйренді. Осындай қарқынмен жүре берсек біраз жетістікке қол жеткізетініміз анық. Домбыраны кәсіби түрде меңгеру міндет емес. Жаны қазақ әр адам ұлттық аспапта ойнай білуі тиіс.
Бәйімбет ҚҰБАЙДОЛЛА,
“Шабыт” үйірмесінің жетекшісі.