«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДОМБЫРА — ҚАЗАҚТЫҢ КИЕСІ”

Домбыра – қазақ халқының жаны, сан ғасырлық серігі, жаңылмайтын сөзі, қара түнекті жарып шыққан сәулелі ойы. Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Оны ақын Қадыр Мырза Әли “Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра” деп бір ауыз өлеңіне сыйдырып, жырлап кеткен. Осыдан-ақ, қазақты домбырасыз елестетудің мүмкін емес екенін аңғаруға болады. Халқымыздың арман-мұраты, болмыс-бітімі, тағдыр-талайы көмейінен күмбірлі күй болып төгілген ұлттық аспабымыздың мәртебесін асыру мақсатында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық домбыра күнін жариялағаны белгілі. Биыл алғаш рет ел деңгейінде ұлан-асыр тойланған мерейлі мереке Петропавлдағы өнер колледжінің ұстазы, “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері, домбырашы Шайтас Айтбаеваның да көңіліне шуақ сыйлады. Өнерпазбен киелі аспаптың қазақ танымындағы орны, домбыраға деген өңір жастарының қызығушылығы мен сүйіспеншілігі туралы әңгіме өрбіткен едік.

– Шайтас Сайлыбайқызы, сіз ұзақ жылдар бойы өнер колледжінің ұлттық аспаптар бөлімінде ұстаздық қызмет атқарып келесіз. Осы уақыт бедерінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, оларды өнер жолына баулыдыңыз. Қазақ халқының мәдениетін өскелең ұрпаққа, өнерсүйер жұрт­шылыққа кеңінен насихаттау, жас таланттар мен шебер орындаушылардың жолын ашу мақсатында атқарып жатқан жұмыстарыңыз аз емес. Алдымен, өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып, өнер жолына, соның ішінде домбыраға қалай келгеніңізді айтып берсеңіз.

– Мен еңбек жолымды 1985 жылы бастадым. Сол жылы қазіргі Ақмола облысына қарасты (бұрынғы – Көкшетау облысы) Зеренді ауданындағы музыкалық мектеп жанынан алғаш рет домбыра сыныбын аштым. Екі жылдай қызмет етіп, әріптестеріммен бірге ұлттық аспапқа әуес өрендердің шоғырын қалыптастыруға тырыстық. Көздеген мақсатымыз орындалды. Жұмысымыз алға басып, үмітіміз ақтала бастаған сол кездің өзінде жоғары білім алудың, білікті ұстаздардың алдын көрудің маңызы қатты сезілді. Осы ой мені 1987 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсуге жетеледі. Бес жыл бойы есімдері елімізге белгілі домбырашылардан дәріс алып, ұлттық қазынамызға одан сайын жақындай түстік.

Мен консерватория қабырғасынан түлеп ұшқан жыл тәуелсіздіктің елең-алаң шағына тұспа-тұс келді. Экономика тұралап, ел бюджетінде оның тамырына қан жүгіртетін қаржы болмаған уақытта да руханиятты, өнерді дамытуға бетбұрыстар жасала бастаған еді. Өңірлердегі музыкалық мектептердің, колледждердің директорлары консерваториямен келісімшартқа отырып, дайын кадрларды өңірлеріне алып кететін. Мен Павлодарға аттандым. Қазағынан өзге этносы басымырақ өңірде өнерге әуес өрендерді баптау, тәрбиелеу, олардың санын көбейту оңай шаруа емес. Алға қойған мақсаттарымызға нақты жұмыспен жетуге деген талпыныстың нәтижесінде аз уақыт ішінде жас домбырашылардың үні жарқынырақ естіле бастады.

Өзім Тайынша ауданында туып-өстім. Әкем де, анам да, атам мен әжем де өнерден құралақан болмады. Менің осы жолға түсуіме де ықпал еткен сол кісілер. 1999 жылы Қызылжарға келдім. 15 жылдай облыстық филармонияда Есіл (қазіргі Сегіз сері атындағы) халық аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсеттім.

– Сіз Қызылжарға табан тіреген алғашқы жылдардағы жағдай мен бүгінгі ахуалды салыстыру әсте мүмкін емес қой. Бүгінде, Құдайға шүкір, ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге ерекше қолдау көрсетілуде. Жергілікті өнерпаздарға, жалпы қазіргі ахуалға көңіліңіз тола ма?

– 1999 жылы кәсіби домбырашылар өте аз, саусақпен санарлықтай ғана болатын. Жан-жақтан мамандар шақыртылды, оларға материалдық қолдаулар көрсетілді, бірте-бірте ұлттық аспаптарды меңгерген мамандардың қатары қалыңдады. Ол кезде облыста оркестр мүлдем болмады. Бәріміздің басымыз қосылып, Есіл оркестрінің құрылуына ықпал еттік. Алғашқы кезде домбыра сыныбының жұмысын жетілдіруден гөрі, оның жабылып қалмауын көп ойладық. Қабілеті бар-жоғына қарамай, ұлттық аспапты үйренемін деген оқушыларды қабылдап, тәрбиеледік. Ауылдарды аралап, бойынан өнердің ұшқыны байқалатын жастарды жинадық. Музыкалық білім беру жүйесінің тәртібі бойынша өнер мектебінде білім алмаған бала колледжге немесе өзге де білім орнына қабылданбауы тиіс. Бізде, шыны керек, тәртіпке бағынатын мүмкіндік те болмады. Кейде өткен күндерді ой елегінен өткізіп отырып, бүгініме шүкіршілік етемін. Ұлттық құндылықтарымызға, бабалар мұрасына бейжай қарамайтын, елімізді, отандық бренд саналатын – домбырамызды әлемге танытып жатқан шәкірттеріміз өсіп келеді. Өзіміз оқытқан оқушыларымыздың бірқатары жоғары оқу орнын бітіріп, жемісті жұмыс атқаруда. Қазір дарындылардың өзін іріктеп, болашағынан үміт күттіретін, жанып тұрған таланттарды ғана таңдайтын деңгейге көтерілдік. Бұрын республикалық конкурстарға қатысатындардың саны отыздан аспайтын, бүгінде жүзден асып жығылады. Біз осының бәрі тәуелсіздігіміздің арқасында орын алып жатқанын мақтаныш етумен қатар бағалай білуіміз керек. Аудандарда, Петропавлдағы көптеген білім ошақтарында домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Орыстілді мектептердегі балалардың өнері жаныңды жадыратады.

– Биыл Ұлттық домбыра күні алғаш рет аталып өтілді. Осыған орай елордамызда ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден жүйріктер шақырылды. Сол мерейлі шарада сіздің де шәкірттеріңіз төбе көрсетті емес пе?

– Кешегі келмеске кеткен кеңес заманында “домбыра – ескіліктің қалдығы” дейтін сөзді жиі еститінбіз. Сонда да біздің бойымыздағы оған деген сыйластық сезімі ортаймады. Оған біреу сенер, біреу сенбес. Бұрынғы ақындарымыз домбырасыз өлең айтпаған, ел араламаған. Бір ғана Кенен ақынның “Домбыраны тастамаймын қайда барсам, жаныма жүре алмаймын байламасам” деген сөзі осынау аспаптың бағасын айшықтап тұр емес пе? Қазақтың санасын сергітіп бөлінбес бүтініміздің ұлттық мереке күніне арқау болғаны ел болып қуанарлық жағдай. Елбасымыздың өзі бастамашы болып, мерекелер тізіміне енгізілген күнді ұлықтау – баршамыздың міндетіміз. Менің ойымша, біздің халқымыз әлі де әлемде домбыра десе – қазақты, қазақ десе – домбыраны танитындай деңгейге жете қойған жоқ. Соған тырысу керек. Әр өңірде домбырашылар ансабльдері құрылса деген ниетім бар. Бұл орайда әлем елдері атқарып жатқан бірқатар жұмыстарды үлгі еткеніміз абзал. Мәселен, көрші Ресейде балалайкашылар мен баяншылардың, Өзбекстанда рубабшылардың, Беларусьте цимбалшылардың, Түркіменстанда дутаршылардың ансамбльдері жұмыс істейді. Бұ­­лар айналып келгенде, ұлттың мәр­тебесін көтеру мақсатында атқарылып жат­қан шаруалар екендігіне дау жоқ. Осы ретте “бізде онсыз да халық аспаптары оркестрлері, ансамбльдері бар емес пе?” деген сауал туын­да­уы мүмкін. Иә, мұндай ұжым­дар­дың бар екені рас және олардың мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанына ешкімнің таласы жоқ. Бұл ұжымдарда домбыра басқа да аспаптармен үйлесімді үндесе отырып, нақты бір шығарманы орындауда пайдаланылады. Әрине, мұндай құрамдағы домбыра талай тыңдарманның жүрегінен орын алды. Ата-бабамыздан келе жатқан рухани-мәдени мұраға сызат түсіп, музыкалық тіліміз шұбарлана бастаған мынандай жаһандану заманында осы іспеттес өнер ордасының шаңырақ көтеруі ұлттың рухын көтерудегі нақты бір қадам болар еді. Екіншіден, домбыра барлық деңгейде білім беретін мектептерде үйірме ғана емес, қосымша пән ретінде енгізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл, біріншіден, қазақтың төл аспабына деген жастардың, өзге этнос өрендерінің құрметін арттырса, екіншіден, ұлттық бірегейлікті сақтаудың нақты мысалына айналар еді.

– “Ұстаз шәкіртімен мың жасайды” деген тәмсіл бар. Шәкірт тәрбиесінде неге баса мән бересіз?

– Осы уақытқа дейін қанаттандырған жүзге жуық шәкіртімнің дені консерваторияны тамамдап, еліміздің әр түкпірінде қызмет етіп жүр. Асхат Ғалеев есімді шәкіртім “Сегіз сері” атындағы халық аспаптар оркестрінің домбыра тобының концертмейстрі. Оның Италия, Германия, Түркия сияқты елдерде Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, шетелдіктерді домбыраның құдіретті үнімен тамсандыруы ұстаз ретінде мені де қуанышқа бөлейді. Өнер колледжінде мен қызмет ететін бөлімнің кіші тобында 40-тан астам бала оқыса, колледжде сонша студент білім алуда. Өнерге талпынысы бар балаларды еркін тәрбиелегенді жақсы көремін. Бұл бетімен жіберу деген сөз емес. Оны өзіңмен тең дәрежеде ұстай отырып, бойындағы жасырынып жатқан қабілетінің ашылуына демеу көрсету. Кез келген адам талантты. Ол бір-екі жылда ашылмауы мүмкін. Ол үшін ұстазға шыдамдылық, шәкіртке ізденіс пен еңбек керек. Осы екеуі тоғысқан жағдайда ғана адамның мүмкіндіктері бұрқ-сарқ етіп қайнап шығады. Консерваторияда маған Сүлейменұлы, Әубәкіров, Мұқитов, Қарабалина сынды белгілі өнер майталмандары сабақ берді. Олар: “Өнерді атақ, мансап, ақша үшін пайдаланбаңдар” дейтін. Осыны шәкірт тәрбиесінде басты ұстаным етемін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp