Мен қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Уәлиханов ауданының Чехов ауылындағы орта мектептің 10-шы сыныбында оқимын. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап қазақ тілінде білім алып келемін. Әжем Тамара Вьюшкина – қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне, тіліне, мәдениеті мен әдебиетіне ерекше құрметпен қарайтын адам. Ол өзінің бұл әрекетін балалары мен немерелеріне “Қиын-қыстау кезеңде бір үзім нанды бөліп беріп, төрінен орын ұсынған қазақ халқының қонақжайлылығы, досқа адалдығы барша әлемге үлгі”, – деген жылы сөзімен түсіндіретін. Менің оқуды мемлекеттік тілде жалғастыруыма да себепкер сол кісі болды.
Төртінші сыныпта оқып жүргенде қазақтың ұлттық аспабы – домбырада ойнауды үйренгім келді. Бұл ғажайып аспапқа қызығушылығымды оятқан Айнұр Назымбекқызы және Шакиман Жұрағат болды. Араға жыл салмастан мектепішілік, аудандық мәдени іс-шараларға белсене қатыса бастадым. Бүгінде бос уақытымда домбырамен күй тартқанды ұнатамын, оны өмірлік серігім деуге де болады. Өзінің домбыра шерту машығымен дараланған атақты күйшілер – Құрманғазы Сағырбайұлының, Дина Нұрпейісованың күйтабаққа түскен туындыларының шығу тарихын оқуға ден қоямын.
Он жыл бойы озат оқушылардың қатарындамын. Абай атамыз айтқандай, “көңілдің кейбір сәттерін” өлеңмен өрнектегенді, әртүрлі өмір құбылыстарын жырға арқау еткенді ұнатамын. 2016 жыл мен үшін мақтануға тұрарлық айрықша оқиғаларға толы болды. Қазақ тілі пәнінен жыл сайын өткізілетін “Жарқын болашақ” олимпиадасының аудандық, облыстық, республикалық кезеңдерінде топ жарып шықтым. Еліміздің оңтүстік астанасы – Алматы қаласында өткен білімділер байқауы нық сеніммен, таудай талаппен алға ұмтылуыма, алдыма жаңа мақсаттар қоюыма әсер етті.
Виктория ВЬЮШКИНА,
Чехов орта мектебінің 10 “а”
сынып оқушысы.
Уәлиханов ауданы.