
Облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев бастаған тәртіп сақшылары донорлық акцияға қатысты. Петропавл қаласындағы қан орталығында санитарлық нормаларды сақтай отыра облыстық және қалалық патрульдік полиция батальондарының, аппараттың, жедел басқару орталығының қызметкерлері, учаскелік инспекторлар — барлығы үш жүзге жуық полицей қан тапсырды. Бұл күні алғашқы погондағы донор облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев болды. Марат Сағынтайұлы жас кезінен қан тапсырған екен. «Полициядағы қызметте төтенше жағдайлар жиі орын алып жатады. Сондықтан қызметкерлеріміз қан тапсыру бойынша донорлық акциялардың маңызын өте жақсы түсінеді. Сондай-ақ, мұндай іс-шараға қатысу денсаулыққа да пайдалы» — дейді облыстың бас полицейі.
Облыстық қан орталығы директорының орынбасары Валентин Дигтяр қанды жұмыс күндері сағат 8.00-ден 13.00-ге дейін, ал қажет болған жағдайда демалыс күндері де тапсыруға болатынын айтты. Орталықта еріктілер, әскери қызметкерлер, құтқарушылар мен полицейлер жиі қан тапсырып тұрады екен. Осы жолы әр полицей 450 миллилитрден қан тапсырды. Іс-шараға қатысқан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Қапез Дәулетбаевтың айтуынша, алдағы уақытта қан тапсыруға күн сайын кемінде 50 полицейдің қатысуы жоспарланған. Тәртіп сақшыларының арқасында облыстық қан орталығының қоры бір күннің ішінде 22,5 литр қанмен толығатын болады.