«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДОПТЫ ХОККЕЙДІҢ ДАРАБОЗЫ

 

Қазақтың қай салаға салсаң да жарқырап, көсіле шабатын қасиетін қапысыз дәлелдеген сұңғыла жаттықтырушының бірі Қазбек Байболов болатын. 

 

ХХ ғасырдың 60 жылдарында республика спортын басқарған айтулы тұлға Қаркен Ахметов допты хоккейді дамыту үшін Ресейден Эдуард Айрихті арнайы алдыртты. Айрих тек допты хоккейдің майталманы ғана емес, маман таңдаудың да білгірі болып шықты. Ол кісі қасына серік болуға Қазбек Байболовты шақырды. Осы екі бапкердің тізе қосып, тер төгуі нәтижесінде Алматының “Динамо” допты және көгалдағы хоккей командасы өткен ғасырдың 70-80-жылдары Кеңес одағын ғана емес, бүкіл Еуропаны мойындатты. Бұл екі азаматты бір-бірінен бөле жарып қарауға болмайды. Адамның екі қолы, екі аяғы күнделікті тіршілік үшін қандай маңызды болса, “Динамо” командасы үшін Айрих пен Байболов сондай қымбат еді.
Қазбек Байболов – Қазақстанда допты және көгалдағы хоккейдің негізін салушы майталман мамандардың бірі. Спортшылық жолын Петропавл қаласының “Пищевик” командасында бастаған ол 1956 жылы Алматының “Буревестник” допты хоккей командасына ауысады. Осы команданың сапында Кеңес одағының чемпионатында сынға түседі. Кейін “Буревестниктің” атауы “Динамо” болып өзгереді. Қорғаушы Қазбек Байболов КСРО чемпионатында 183 рет айдынға шығып, қарсы қақпаға 25 доп соқты. Байболов – 1959 жылғы Кеңес одағы студенттер ойындарның жеңімпазы, 1966 жылғы КСРО чемпионатының қола жүлдегері. Допты хоккейден КСРО-ның спорт шебері атанған тұңғыш қазақ спортшысы.
Қазбек Дәулетбекұлы 1967 жылы бапкерлік қызметке біржола бет бұрды. Ол кісі 1978 жылға дейін Алматының “Динамо” командасының екінші жаттықтырушысы болды. Кеңес одағының көгалдағы хоккейден алғашқы чемпионаты 1970 жылы ұйымдастырылса, содан 1978-ге дейін “Динамо” командасы бір құраммен қыста допты хоккейден, жазда көгалдағы хоккейден одақ чемпионатында ойнады. Яғни, Қазбек Дәулетбекұлы Қазақстандағы алғашқы кәсіби көгалдағы хоккей командасының негізін қалаушылардың бірі. Допты хоккейде команданың жаттығу жұмысына қалай басшылық жасаса, Қазақстанда жаңадан тұсау кескен көгалдағы хоккей спортының жаттығу жүйесін қалыптастыруда да Байболовтың еңбегі ерен.
Қазбек Байболов 1968 жылдан бастап бапкерлікпен қоса Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының футбол және хоккей кафедрасының меңгерушісі қызметін жиырма жылдай қатар атқарды. Студенттердің оқуы мен практикалық жұмысын тығыз ұштастырып отырды. Студенттер алғашқы курстан бастап өздері қалаған спорт түрінің жаттығу жүйесін, жаттығулардың орындалу барысын, оның адам ағзасына тигізетін әсерін жақсы білуге тиіс болды. Байболов студенттерді “Қайраттың”, “Динамоның” ойындарына әдейі жіберіп, бір студентке шабуылшының, енді бір шәкіртіне қорғаушының, келесі студентке қақпашының ойынын талдап келуді тапсыратын. Шәкірттер алаңдағы футболшы не хоккейші ойын барысында қанша шақырым жүгірді, спортшының қанша пасы далаға кетті, оның командаға тигізген пайдасы қаншалықты болды, қысқасы, әр студент өзіне тапсырылған ойыншының бәсеке барысындағы бар қимылын хатқа түсіріп, саралап, талдап қайтатын. Осының арқасында ол басқарған кафедра Кеңес одағындағы 25 футбол-хоккей кафедрасының арасында үздіктер сапында болды.
Байболов көңілді кезінде Абай, Пушкин, Лермонтовтың өлеңдерін жатқа айтады екен. Сабаққа кіріспес бұрын жастарды сергіту үшін бірнеше минут қызық әңгіме, анекдот айтып, аудиторияны бір серпілтіп алады дейді замандастары. “Динамоның” сырттағы ойындарынан Алматыға оралған бетте шәкірттерін үйіне шақырып, әңгіме-дүкен құратын әдетін әріптестері мен шәкірттері әлі күнге дейін жыр ғып айтып отырады. Өнерге жақын болыпты. Серке Қожамқұлов, Камал Қармысов, Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов, ағайынды Мүсілім, Рашид Абдуллиндермен жақсы сыйласқан.
Иә, қазақтың допты және көгалдағы хоккейдегі ең мықты бапкері Қазбек Байболов екені дау туғызбайды. Ол кісінің жаттықтырушы ретіндегі басты артықшылығы: әр жаттығуды алдағы ойынға лайықтап өткізетіндігі. “Динамоның” әр ойыншысы кезекті бәсекеде қарсыластың қай ойыншысына қарсы шығатынын жақсы білген. Яғни, “Динамоның” он ойыншысы қарсыластың он ойыншысының артықшылығы мен кемшілігінен хабардар болған. Жаттығу үстінде осының бәрі әбден сарапталып, екшеліп, әр шептегі ойыншы алдағы ойынға дайын тұрды. Қазіргі бапкерлер осы жағына мән бере ме? Үйренемін, жетілемін дейтін жастарға Кеңес одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қазбек Байболовтың мұрасы мен тәжірибесі көмек бола алады.

Қыдырбек РЫСБЕК. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp