Петропавл қаласының білім бөлімі “Ақ қайың” және “Достық” сауықтыру лагерьлерінде оқушылардың жазғы демалысын ойдағыдай ұйымдастырды.
“Ақ қайың” лагерінде балалар демалып қана қоймай, үш тілде ұйымдастырылған шараларға қатысып, қазақша, ағылшынша білімдерін сарапқа салды. Бұл күнделікті қарым-қатынаста тілдерді қолдану арқылы жүзеге асырылды.
Қазақ тілі сабағы күн сайын 10.30-13.00 сағат аралығында өтіп, балалардың ықыласын ояту үшін ойындар, әңгімелер, викториналар түрінде ұйымдастырылды. Олардың бойына Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімді ұялату мақсатында “Туған елім – Қазақстан”, “Қазақстан Республикасының рәміздері” тақырыбындағы пікірсайыстар, “Қазақстан бойынша саяхат” зияткерлік ойындары өткізілді.
Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлеріне баулуға да көп көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде балалар “Тұсаукесер”, «Балаға ат қою» сияқты дәстүрлермен танысып, рөлдерді олардың өздері мүсіндеді.
Іс-шараларға мұғалімдер де қатысып, бұл балаларға жақсы өнеге болды. Осылайша, “Шал мен кемпір”, “Бауырсақ” ертегілері қойылды.
Үйірме жұмыстарында “Бес асық”, “Тоғызқұмалақ” ойындары өткізіліп, Наташа Петрова, Әлихан Жақсыбаев, Денис Иленя сияқты оқушылар мерейге бөленді.
Ал кешкі уақыттарда демалушылар қазақша ән салу сабақтарына қатысты. Балалар ата-аналар туралы әндер шырқап, “Қара жорғаны” биледі.
Демалушылар сурет салу бойынша да шеберлік салыстырды. Бұл байқауларда Диана Қариева, Ибрагим Бүртібаев, Настя Морозова қылқаламға бейімділіктерін танытты.
Қазақ еліндегі барша ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті тұрмысын, достығы мен рухани келісімін бейнелеу мақсатында “Біртұтас аспан астында” атты газет шығарылды. Оқушылар жоғарыда аталған тақырыптар бойынша мақалалар, суреттемелер, хабарлар жазуға машықтанды.
Маусымның жабылуына арналған салтанатты жиында оқушылар өз тілектері мен ризашылықтарын білдіріп, жақсы көңіл күймен қимай қоштасты. Қазақ тілінде өткізілген шараларға белсене қатысып, біліктілік танытқан балалар қалалық білім бөлімінің грамоталарымен марапатталды.
Гаухар ТЕМІРБАЕВА,
Петропал қалалық білім бөлімінің әдіскері.