«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДОСТЫҒЫМЫЗБЕН ҚУАТТЫМЫЗ

Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен биылғы жыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланып, ол қазіргі күні елімізде кең көлемде атап өтілуде.

Аталмыш институтты бұлайша дәріптеудің де өзіндік мән-мағынасы бар. Себебі, ассамблеяның бүгінде бірнеше этностардың басын бір шаңырақ астына тоғыстырып, елдегі саяси тұрақтылық пен ауызбіршілікті нығайтудағы атқарып отырған жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай. Биыл оған жиырма жыл.

Алмағайып заманда көптеген ұлт өкілдері өздерінің тарихи Отандарынан Қазақстанға еріксіз қоныс аударды. Сол шақта қазақтар оларды өгейсіткен жоқ. Керісінше, бауырларына тартып, ауыртпалық пен қиындықты бірлесе еңсеруге көмектесті. Еліміздегі мамыражай тірлік пен ұлтаралық татулықтың бастауы сонда жатыр. Бүгінде Қазақстанды мекен еткен әр этностың өзінің мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын насихаттап, өз тілдерінде сөйлеуде бәрінің құқығы тең. Елімізді мекен еткен 130-дан астам ұлысты айрандай ұйытып отырған да осы. Осылайша біз біртұтас халық болып күн кешудеміз. Мұны Елбасы бастады, ассамблея қостады.  

Еліміз егемендік алғалы бері өңіріміздегі ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімді нығайту тұрғысында құрылған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының да атқарып отырған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Осы жылдың бірінші наурызында аталмыш ұйым өзінің жиырма жылдығын атап өтті.

Бүгінде облыс орталығындағы Достық үйі деген атауға ие шаңырақта 23 этномәдени бірлестік жұмыс істесе, аудандарда олардың саны 106-ға жетті. Олардың жұмыстарының барлығы ұлттық құндылықтарды насихаттау, өскелең ұрпақ арасында достық пен қазақстандық патриотизмді дәріптеуге бағытталған. Сонымен қатар Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық кеңес жұмыс істеуде. Оған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мүшелік етеді. Өңір жастарының 11 клубының басын тоғыстырған “Бірлік” атты қоғамдық бірлестік те бар.

Одан бөлек өткен жылдың сәуір айында жоғарыда аталған білім ордасында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ашылғаны да біздер үшін айтулы оқиға болды. Білім ошағындағы жаңа саланың жұмысы этносаралық қарым-қатынас пен этносаясат төңірегіндегі зерттеулерге ғылыми-әдістемелік бағыт-бағдар беру болып табылады. Тағы бір айтар жаңалық – ол Елбасының тапсырмасына сәйкес ассамблеямызда “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылуы. Ондағы мақсат Достық үйінің жұмысының тиімділігін арттыру, қаржылық және материалдық-техникалық базасын нығайту болып табылады.

Сонымен қатар біз оқу орындарында “Бейбітшілік пен келісім” орталықтарын құру бастамасын көтерген болатынбыз. Онымыз қолдау тауып, былтырғы жылы Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі мен гуманитарлық-техникалық колледжінде ондай орталықтар өз есіктерін айқара ашты. Соңғысында тіпті әдістемелік оқулықтардан бөлек өңір тұрғындарының тарихынан сыр тарқатар көне жәдігерлерден де мол мағлұмат алуға болады. Оның бәрін колледж оқытушылары мен студенттер өздері жинақтаған. Орталық ашу жұмысы алдағы уақытта өзге колледждерде де жалғасын табатын болады.

Бізде тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатқа да баса мән беріледі. Осы мақсатта Достық үйінде мемлекеттік тілді оқыту курстары құрылған болатын. Оған көптеген этникалық топтардың өкілдері қатысады. Одан бөлек поляк, неміс, иврит тілдерінің де курстары жұмыс істейді. Тіл – қатынас құралы. Оны меңгеру – баршамызға ортақ міндет. Осы тұрғыда тек өткен жылдың өзінде ассамблеямыздағы этнобірлестік өкілдері тілдер апталығы аясында облыс орталығындағы қырыққа жуық білім ошақтары, кәсіпорындар мен ұйымдарда болып, ондағы жұртшылықпен кездесулер өткізіп, тілдік байлық төңірегінде әңгіме өрбітті. Тіл ұстартуда тағы бір ерекше атап өтетін жетістігіміз – Петропавлдағы ұлттық өркендеу мектеп-кешені. Ондағы қазақ, неміс, әзірбайжан, корей, украин, армян, шешен-ингуш, поляк, татар бөлімдерінде қазіргі күні 200 бала тәлім алуда. Бір-бірлерінің тілін, мәдениетін мектеп жасынан бойына сіңіріп өскен ұрпақтың толеранттылығы одан әрі кеңейе түспесе, кемімесі анық.

Қазақстан мен Ресейдің ежелден елі аралас, қойы қоралас. Оны мәдени-әдеби, ғылыми тұрғыда да одан әрі дамыту үшін Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы және Қорған облысының Зауралье халықтарының Ассамблеясы арасында өзара әріптестік жөніндегі арнайы жасалған келісім бар. Осы тұрғыда өткен жылы солтүстікқазақстандық ассамблея өкілдері Түмен қаласында өткен жиырмасыншы “Достық көпірі” атты облыстық ұлттық-мәдени фестивалі, Түмен облысының 70 жылдығына арналған “Құрылтай – 2014” мейрамы мен Омбы облысы қазақтары автономиясының 15 жылдығы мерекелеріне қатысса, олар былтырғы жылдың тамызында Айыртау ауданында Балуан Шолақтың 150 жылдығына орайластырылған этномәдениеттің II инвестициялық форумына атсалысты. Екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық одан әрі де дами бермек.

Көпэтносты мемлекетіміздің басты байлығы – ауызбіршілікте. Бұл ретте Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны ерекше. Бұл тұрғыда аталмыш ұйым екі бірдей онжылдықты еңсерді. Осы аралықта атқарылған жұмыс мақтануға тұрарлық. Елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді, яғни біз Елбасының достықты дәріптеудегі сенімін ақтай білдік. Онымызға өзгелер қызыға да, қызғана да қарайтыны жасырын емес. Әлемнің көптеген елдерінде дінаралық, ұлтаралық қақтығыстардың орын алып жатқаны баршамызға аян. Ал еліміз көпэтносты болса да, ол жағынан төніп тұрған қауіп жоқ. Десе де, онымен тоқмейілсуге болмайды. Бауырластықтың тірегін одан әрі де бекемдеу керектігі Елбасының жылсайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айқын көрініс тауып келеді. Онда көрсетілген басым бағыттардың жүзеге асырылуына бірінші кезекте ассамблея өкілдері жауапты. Ендігі міндетіміз – осыны ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету.

Наиль САЛИМОВ,

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp