Омбы облысында алдағы оқу жылында қазақ тілі мен ұлттық мәдениетімізді оқытатын орталықтар ашылмақ. Бұл кешегі күні Омбы облысынан келген іскерлік делегациямен кездесу барысында айтылды.
Кездесуге дейін қос өңірдің басшылары облыс орталығындағы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде болып, тарихи-мәдени орынмен танысты. Бұдан кейін омбылықтар солтүстікқазақстандық әріптестерімен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастың нәтижесін баяндап, бірқатар ұсыныстарын айтты.
Кездесу барысында облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңіріміздің Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымының үлесі 80 пайызды құрап отырғанын тілге тиек етіп, Омбы облысы біз үшін маңызды стратегиялық әріптес болып қала беретіндігін жеткізді. Өз кезегінде Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров өздерінің сыртқы сауда айналымының үштен бірі Қазақстанға тиесілі екендігін, сондай-ақ, үстіміздегі жылы екі жақтың кәсіпкерлерінің бірлесуінің арқасында 7 жаңа кәсіпорынның ашылғандығын атап өтті.
Шекаралас өңірлер ретінде іскерлік қарым-қатынас орнатқан жылдар ішінде көптеген келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Аталмыш құжаттардың арқасында жүзеге асырылған жұмыстарды баяндаған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтің айтуынша, соңғы үш айда өңірдің агроқұрылымдары омбылық кәсіпорындардан 42 тұқымсепкіш пен 4 мың тонна бидай тұқымын сатып алған. Ал Омбы облысы губернаторының бірінші орынбасары Вячеслав Синюгин түрлі салада бірлескен жұмыстарды жүзеге асырып жатқандықтан, мемлекетаралық кластер құру қажет деген ұсынысын жеткізді. Екі елдің шекарасында орналасқан Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұралинов пен Полтавка муниципалдық ауданының басшысы Александр Милашенко өздерінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Кездесу барысында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылғаннан кейін қос өңірдің басшылары баспасөз мәслихатын өткізді. Онда тілшілер тарапынан Еуразиялық экономикалық одақтың негізінде екі өңірдің бірлескен жұмысының нәтижесі, екіжақты іскерлік қарым-қатынастың қорытындысы, мемлекетаралық кластер құру ұсынысының болашағы, қазақ тілін үйрететін орталықтардың жұмысы жайында сұрақтар қойылды.
– Қазіргі таңда облысымыздың 200-ден астам кәсіпкері Омбы облысында сәтті жұмыс істеуде. Омбы облысының да кәсіпкерлері өңірімізде жобаларын жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда бірлескен бірнеше жобаны қарастырудамыз. Олар керамикалық кірпіш шығару зауыты, аграрлық салада көліктік-логистикалық орталықты құру, биогаз қондырғылары, жаңа технологиялар бойынша үйлер салу және тағы басқалар, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
– Бүгінгі таңда өңірімізде өмір сүріп жатқан қазақтардан өз ана тілін үйренулерін талап етіп отырмыз. Балалар өз ана тілін үйреніп, мәдениетін білуі үшін қазақтар тығыз орналасқан өңірлерде аталмыш жобаны қолданбақпыз. Алдымызға қойған мақсатқа жақын арада жетеміз деген ойдамын, – деді Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров.
Баспасөз мәслихатынан кейін құрметті қонақтар Жеңіс стеласына барып, гүл шоқтарын қойды.
* * *
Түс әлетінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров бастаған делегация “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-да болып, өндіріс орны шығаратын өнімдермен танысты.
Танысу зауыт ауласындағы мұнай-газ ұңғымаларын күрделі және жерасты жөндеуден өткізуге арналған “ПАП-80” қондырғысынан басталды. Кәсіпорын директоры Қуаныш Бишімовтің айтуына қарағанда, бұл – зауыттың “КрАЗ” автомобилі шассиіне орнатылған 81-ші жабдығы. Өндіріс орнында аталмыш құрал-жабдықтардың жүккөтергіштігі 80 және 100 тонналық түрлері шығарылады.
Омбылық қонақтар №3 “Энергомаш” цехында болды. Онда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында “Энергетикалық қазандық жабдықтары” жобасы жүзеге асырылуда.
Осы цехтың бір бөлігінде “ПАМЖЗ” АҚ-дан басқа “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС шығаратын темір-бетон бұйымдарының, полиуретанмен оқшауланған полимер және металл құбырларының, жылдам тұрғызылатын ғимараттың үлгілері таныстырылды.
“ТНС-Экспорт” ЖШС-нің астық қабылдау кәсіпорны 15 гектар аумақты алып жатыр. 120 мың тонна дәнді және майлы дақылдар сақтайтын кәсіпорынға АҚШ-тың “Scafco Corporation” компаниясының құрал-жабдықтары орнатылған. Онда 80 адам еңбек етеді. Айлық еңбекақылары – 100 мың теңге. Аталмыш кәсіпорынға “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында инфрақұрылымдарды тартуға 21 млн. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Кәсіпорын басшысы Дәурен Сепбосынов биылғы төртінші тоқсанда майлы дақылдарды тереңдете өңдеуге арналған экстракт зауытының құрылысы басталатындығын, ол АҚШ компаниясының күшімен атқарылатындығын айтып берді. Рапс, зығыр және күнбағыс тұқымын өңдеумен айналысатын зауыт пайдалануға берілген кезде 55 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Ол бір жылда 600 мың тонна өсімдік майларын өндіретін болады.
“Зенченко және К” КС-нің Индустрияландыру картасы аясында өткен жылы іске қосылған сүт зауытында омбылықтар кешеннің өнімдерімен танысты. Былтыр 5132 тонна сүт және кілегей, 8 тонна май, 1107 тонна ашыған сүт өнімдерін, 80 тонна сыр мен ірімшік шығарған. Серіктестік директоры Геннадий Зенченко өндіріс орнына орнатылған америкалық-германдық қондырғылардың тиімділігін сөз етті.
Осы жерде облыс орталығында комбайндар мен коммуналдық техникалар шығарғалы жатқан “ҚазТехМаш” ЖШС бірлескен кәсіпорны да таныстырылды.
Сапар соңында қонақтар “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ ОФ-нің кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болды. Орталықтың бас менеджері Гүлмира Жақыпованың айтуынша, операция залы “Бір терезе” қағидасымен жұмыс істеп, күніне 25-30 бизнес өкіліне қызмет көрсетеді.
Ғимараттың екінші қабатындағы оқу залында өңірлік кәсіпкерлер палатасы Солтүстік Қазақстан мен Омбы облыстарының бизнес өкілдері үшін байланыс биржасын ұйымдастырды. Тараптар іскерлік байланыс орнатуға, келісімдер жасауға мүмкіндік алды.
Мәжіліс залында Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.
– Біз Солтүстік Қазақстан мен Омбы облыстарының арасында бірлескен бизнес-жобаларды дамытудың мүмкіндігін талқылау үшін жиналып отырмыз. Шағын және орта бизнесті дамытуға біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында ерекше көңіл бөлген. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары кәсіпкерлердің бәсекеге қабілетті өнім шығаруларына мүмкіндік береді. Қазақстанда инвесторлар үшін барлық жағдайлар жасалған, – дей келіп Ерік Сұлтанов мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға нақты мысал келтірді.
– Біз солтүстікқазақстандықтармен бірлескен кәсіпорындар ашуға, іскерлік байланыстарды дамыта түсуге мүдделіміз. Бір-бірімізден үйренеріміз де көп. Кәсіпкерлікпен тек қолынан іс келетіндер, соның ыстық-суығына төзуге бел буғандар ғана айналысады. Сондықтан сіздерге сәттілік қана тілеймін, – деді өз кезегінде Омбы облысының губернаторы.
“ҚазТехМаш” ЖШС-нің құрылтайшысы Қажымұқан Қуандықов, “Квик Стар” ЖШС-нің директоры Азамат Ақпантаев, “Vizavi Company” ЖШС-нің директоры Лейла Сайдашева Ресей нарығына шығу үшін омбылық сауда орындары басшыларымен кездесу өткізу, кездесетін кедергілерді жою жайлы өз ұсыныстарын ортаға салды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсіргендер Амангелді БЕКМҰРАТОВ,
Талғат ТӘНІБАЕВ.
