Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған “Қазақстан мен Польша арасында” атты халықаралық бейнелеу өнері туындыларының көрме-байқауы ашылды.
“Облыстық поляк “Коперник” мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі мен бейнелеу өнері мұражайы мамандары бірлесіп жүзеге асырған шараның негізгі мақсаты – талантты жандардың талабын шыңдап, олардың шығармашылық дамуларына жол ашу, сондай-ақ, Қазақстан мен Польша мемлекеттері арасындағы достықты дәріптеу.
“Облыстық поляк “Коперник” мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Валентина Корнева:
– Көрме-байқауға қатысуға 273 үміткер ниет білдірді. Олардың 85-і өңіріміздің өрендері болса, 153-і – польшалық өнерпаздар, – дей келе, қазақ халқының тарихи жәдігерлерін, ұлттық құндылықтарын дәріптейтін дүниелерді кестелі қағазға бейнелеген өңір өнерпаздарының бірқатар туындылары Польшадағы Краков қалалық кітапханасына қойылғанын айтты.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.