«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДОСТЫҚ АЛЛЕЯСЫ

Өткен жылы облыс орталығындағы Тұңғыш Президент саябағында арнайы аллея ашылып, ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Бұл игі бастама биыл да өз жалғасын тапты. Жуырда “Конфессияаралық келісім” аллеясына қайың көшеттерін егу акциясы өтіп, маңызды шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысты.

Қазақстанда түрі, діні бөлек болса да, тілегі бір сан алуан этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешуде. Бұл күні Қазақстанның күші – бірлікте деп білетін олар қолдарына күрек ұстап, қайың көшеттерін отырғызуға бір кісідей атсалысты.

Шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов жиналғандарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

– Біздің мемлекетіміз – көп ұлтты, көп конфессиялы. Бұл – еліміздің басты байлығы. Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-шы сессиясы өтті. Онда ұлтаралық және дінаралық келісім – қарқынды дамуымыздың кепілі екені айтылды. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай діни бірлестіктердің өкілдері бір жерде жиналып, жаңа аллеяда көшет отырғызуда. Бұл науқанның символикалық мағынасы өте зор, – деді Ғани Сақтағанұлы.

Маңызды шараға мешіт имамдары да білек сыбана кірісті. “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы ағаштар айналаға көрік беріп қана қоймай, адамның денсаулығына да оң әсерін тигізетінін атап айтты. “Алла тағала Құран кәрімде: “Әй, адамзат баласы, біз сіздерді бір әке мен шешеден жараттық, ұлттар мен ұлыстарға бөлдік”, – деген. Яғни, бәріміз бауырмыз. Адамзат бір-біріне деген сыйластығын ұмытпасын деймін. Сонымен қатар, барша мұсылмандарды он екі айдың сұлтаны – мүбәрак Рамазан айындағы оразамен де құттықтаймын!”, – деді бас имам.

Бұл күні түрлі конфессия өкілдері 30 түп қайың көшетін отырғызды. Қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған саябақта ағаш отырғызу жұмыстары алдағы күндері де жалғаспақ.

Қанат АТАМАНОВ.

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp