«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДОСТЫҚ”– БҮЛДІРШІНДЕР МЕКЕНІ

Петропавл қаласындағы мектепке дейiнгi мекемелерде орын тапшылығын қысқарту үшiн мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс істейтін “Достық” балабақшасы ашылды. Ол шаһарымыздағы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемесіне кезекте тұрған бүлдіршіндер санын елу балаға азайтты.

“Достық” балабақшасында үш пен бес жас аралығындағы балғындар екі топта тәрбиеленуде. Балабақша директоры, жеке кәсіпкер Владимир Дивисиннің мамандығы – құрылыс инженері.  

– Бұл ғимаратта он жылдан астам лимонад шығардық. Орын жеткілікті, балабақша ашуға лайық болғандықтан, бұрынғы кәсіпорынды жауып, орнына қазіргі күні әлдеқайда сұранысқа ие осы мекемені ашуды жөн көрдім. Менің басқа да кәсіпорындарым бар, сондықтан несиеге кірмей, өз күшімізбен ғимаратты қайта жөндеуден өткіздік. Жазда тағы екі топ ашу жоспарда бар. Өзімнің педагогикалық білімім жоқ, сондықтан мекеменің меңгерушісі әрі әдіскері қызметін Гүлвира Мұқышева атқарады, – дейді жеке кәсіпкер.

Гүлвира Мұқышеваның педагогтік өтілі – 22 жыл, соның 10 жылында мектепке дейінгі білім беру мекемесінің меңгерушісі және әдіскері болған. “Негізгі мамандығым бойынша математика пәнінің мұғалімімін. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бойынша қайта даярлықтан өттім. Астана, Алматы қалаларында курстарда болып, біліктілігімді жетілдірдім”, – деген Гүлвира Мұқышева бізді балабақшаның тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Оның айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік балабақшасында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысына, коммуналдық қызметтің бір бөлігіне, тағы басқаға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі. Келетін балалар тізімін қалалық білім бөлімі берген. Бір балаға төленетін ақы – 18 мың теңге.

Бірінші кіші топта – 3-4, екінші кіші топта 4-5 жастағы балғындар топтастырылған балабақшаның жұмысы “Зерек бала” бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Екі топта төрт тәрбиеші, екі көмекші бар. Ирина Сидоренко – жоғары білімді тәрбиеші, қалғандарының орта арнаулы білімдері бар. Оқу жылының ортасында тәжірибелі мамандарды табу қиынырақ, олардың барлығы мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерге орналасып қойған. Тәрбиешілердің жалақысы еңбек өтілдеріне және санаттарына қарай белгіленеді. Орташа жалақы 40-45 мың теңге шамасында, ол толығымен мемлекеттік мекемелердің типтік ережелеріне сай төленеді.

Топтар әзірге орыс тілінде ғана жинақталған. Алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Жаңа ашылған балабақшада бүлдіршіндер екі апта бойы бейімделу кезеңінен өткен. Іші де, сыртқы орамы да кең ғимаратты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жөндеген Владимир Дивисин оны қажетті материалдық-техникалық базамен де қамтамасыз етеді. Балабақшадағы жағдай, олардың төсекорындары, қолданатын заттары, бүлдіршіндердің танымдық қабілеттерін дамытатын ойыншықтары, ойнайтын жерлері – барлығы арнайы мамандардың тексеруінен өткен.

Жатын бөлмелері де кең, жарық, жылы. Тазалық бөлмесінде балалардың өздерінің жасына лайықталған кішкене қол жуғыштардан жылы су ағып тұр. Едендері жылытылған және ол ауа райының жылы, суықтығына қарай реттеледі.

– Бүлдіршіндер төрт мезгіл тамақтандырылады. Он күнге жасалып бекітілген ас мәзірінің құрамында баланың ағзасына қажетті дәруменге бай жемістер мен көкөністердің болуы қадағаланып, оларды түрлендіріп отырамыз. Аспазымыз – бұрын интернатта істеген, бесінші разрядты маман. Медицина қызметкері балалардың денсаулықтарын тексеріп, таңертең қабылдап алады, тамақтың сапасын, жалпы балабақшаның тазалығын бақылайды, – дейді Гүлвира Мұқышева.

Балабақша қызметкерлері балаларды таңғы сағат сегізден бастап қабылдап, кешке де ең соңғы баланы алып кеткенше тосады. Бұл ата-аналардың жұмыстан шығатын уақытына қарай бейімделіп жасалған жағдай.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp