«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДОСТЫҚ КӨПІРІ

Осыдан он үш жыл бұрын Челябі қаласында өткен Қазақстан мен Ресей елдерінің II өңіраралық ынтымақтастық форумында қос тарап айтулы шараны жыл сайын өткізу жөнінде уағдаласқан болатын. Содан бері үзілмей ұйымдастырылып келе жатқан форум бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың және ынтымақтастықтың ажырамас әрі маңызды бөлігіне айналып отыр.

Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей елдерінің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын Петропавл қаласында өткізу туралы ұсыныс жасаған еді. Әлемдік деңгейдегі іс-шараның іргелес Қызылжар шаһарында өтуі маңызды оқиға. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы экономикалық, мәдени байланыстарды одан сайын нығайта түспек. Дәстүрлі жиын алғаш өткізілген жылдары ұлттық-мәдени, патриоттық тақырыптар аясында өрбіді. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан бастап оның өткізілу форматы, көтерген мәселелер ауқымы одан сайын кеңейе түсті. Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының, соның ішінде Солтүстік Қазақстан мен Түмен облысының өзара тиімді экономикалық байланыстары жыл сайын артып келеді. Мен басқаратын Қазақ ұлттық-мәдени автономиясы Түмен кәсіпкерлеріне Қазақстанда, сондай-ақ, Қазақстандағы бизнес өкілдерінің Түменде өз кәсіптерін ашып, өркендетулеріне қолғабыс етіп отыр. Осыған орай біз мемлекеттік билік тарапынан үлкен қолдауға иеміз. Түмен облысының атынан Қазақстанда өтетін іс-шаралардан, атап айтқанда, кәсіпкерлер форумдары мен “дөңгелек үстел” отырыстарынан шет қалмаймыз. Осылайша, шекаралас аймақтар арасындағы сауда-саттық байланысының дамуына барынша атсалысудамыз. Соңғы үш-төрт жылдың өзінде Қазақстанның жүзден астам кәсіпкері Түмен қаласына Ресейдің инвестициялық ахуалын бағдарлау мақсатында келіп қайтты. Және олардың бірқатары Түменде өз істерінің өркен жайғанын қалап, бүгінде жемісті қызмет етуде. Мәселен, “Метьрополь”, “Макстерм К” компанияларының жұмыстары бір жолға қойылған.

Қараша айының 9-10 күндері өтетін форумның басты тақырыбы – “Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері”. Туризм қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінің экономикасында маңызды рөл атқарады. Жер бетіндегі әрбір 11-ші жұмыс орны туризм негізінде құрылған. Әлемнің табиғаты тамаша көптеген елдері осы салада айтарлықтай табысқа қол жеткізіп, мемлекет экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етуде. Қазақстан мен Ресейдің де бұл бағыттағы мүмкіндіктері орасан.

Екі елдің шекаралас өңірлеріне туристерді тарту үшін ең алдымен сол аймақтардың туристік тартымдылығын арттырудың және көркем табиғи ортаның мүмкіндіктерімен таныстырудың маңызы зор. Біз осыған орай “Эйр Астана” компаниясымен бірлесіп, түмендік журналистер мен мамандарға баспасөз турын ұйымдастырмақпыз. Қазақстанның тарихын, көрікті орындарын, халқының көркем қасиеттерін: қонақжайлығы мен меймандостығын таныстыру мақсатында ұйымдастырылатын шараға қатысушылар Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан өңірлерін аралайтын болады.

Солтүстік Қазақстан облысының туристік орындары аз емес. Өз басым былтыр Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар демалыс аймағында болып, көңіл арбаған көркем табиғатына таңдай қаққаным бар. Кейін Ресейдің Түмен, Қорған облыстарынан жаз мезгілінде бұл аймаққа арнайы келіп, демалатындардың қатары көп болатынын білдім. Биыл Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: тұрмыс пен табыс сапасын арттыру” атты Жолдауында Қазақстан Үкіметіне осы саланы дамытуды тапсырды.

Түмен облысында да шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудыратын туристік орындар мен нысандар аз емес. Қазақстандық туристер Түмендегі Распутин және Ершовтың үйлері, Тобыл Кремлі, Ялуторовск желтоқсаншылар қаласы сияқты тарихи орындарға жиі саяхаттайды. Былтыр Алматы қаласынан бір топ журналист Түмен облысының туризм тынысымен танысу үшін арнайы келді.

Ресейліктер Қазақстан кәсіпорындарында өндірілген азық-түлік тауарларын көп сатып алады. Себебі, өзге елдердің өнімдерінен жоғары сапасы пен қоспаларсыз өндірілуі ерекшелендіріп тұрады. Түменде Қазақстан өнімдерін саудалайтын дүкендер аз емес. Соның бірі “Қазмаркет” дүкендер желісі. Бүгінгі уақытта Түмен облысы үкіметі “Қазақстан” деп аталатын арнайы сауда үйін ашуды жоспарлап отыр. Мұнда Қазақстанның барлық өңірінде өндірілген азық-түлік өнімдері саудаланатын болады.

Түменде тұратын қазақтар өз ұлтының дәстүр-салттарын, әдет-ғұрыптарын берік сақтаған. Әйтсе де, тұрғындардың барлығы қазақ тілін жетік меңгерген деп айту қиын. Өз халқының ұлттық құндылықтарына бейжай қарай алмайтын отбасылар, ата-аналар балаларын қазақша тәрбиелейді. Бұл ретте қазақ ән және би ансабльдерінің ықпалы зор. Түменде ұлттық аспаптарда шебер ойнайтындар некен-саяқ. Біз қазіргі уақытта осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп, домбыра, қобыз сияқты ұлттық аспаптарды үйретуге ден қоюдамыз. Алдағы уақытта ұлттық аспаптар ансаблін құруды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Қазақстаннан өз ісінің нағыз шеберлерін, орыстілді балаларға білім бере алатын мамандарды іздестірудеміз. Жақын күндері жүзеге асыруды көздеп отырған қазақ тілін дамыту бойынша конкурс жыл сайын өткізілмек. Қазақ тілі мен мәдениетінің сақталуына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар да екі ел арасындағы байланысты дамытуға оң серпін бермек.

Есенғали ИБРАЕВ,

Түмен облыстық Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы.

Ресей Федерациясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp