Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын мерекелеу аясында Петропавлдағы Достық үйінде “Бейбітшілік пен келісім автошеруі” акциясы өтті.
Акцияны ұйымдастырушылардың бірі, облыстық әзірбайжан мәдени орталығы төрағасының орынбасары Чингиз Курбанов:
– Баршамыз өмір сүріп отырған тәуелсіз еліміз бүгінде этносаралық достық пен келісімді нығайтуда айдай әлемге танылуда. Оның бір көрінісі – Достық үйінің тіршілік-тынысы. Мұнда ниеті де, мақсаты да ортақ жандар жиналады. Олардың көксегені – егемендікпен атқан әр таңымызға тәубе етіп, оның мәңгілік болуына үлес қоса білу, – деді.
Содан кейін шара “Алға, Қазақстан!” жастар флеш-мобымен жалғасып, есімі өңірімізге таныс “Алуа” би тобы, Жәмиевтер отбасылық ансамблі ән-биден шашу шашты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының белгісімен, ұрандарымен, жалаушаларымен безендірілген ретро көліктерден, автобустардан және мотоциклдерден құралған автошеру Петропавл көшелерімен жүріп өтіп, Мағжан Жұмабаев ауданына аттанып кетті.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.