Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы этномәдени орталықтарының жетекшілері “Өрлеу” педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсында жүрген Ақжар мен Уәлиханов аудандарының тарих пәні мұғалімдерімен кездесу өткізді. Оған мұрындық болған – “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Кездесу барысында қоғамдық институт жанындағы ғылыми-сараптамалық топ мамандары Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі қоғамдағы алар орны жайында әңгімелеп, Достық үйінде таяуда құрылған “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысынан құлағдар етті.
Кездесуде сөз алған күрд этно-мәдени орталығының жетекшісі Рашид Надиров этномәдени орталықтардың жұмысына тоқталып, ұлт пен ұлыстардың басын біріктіруде Достық үйлерінің маңыздылығын атап көрсетті.
Іргесі нық орнаған татулықты одан әрі дамыту – өскелең ұрпақтың еншісінде. Ал оларға бағыт-бағдар беруде ұстаздар қауымына артылар жауапкершіліктің де аз еместігі айтылды. Бұдан соң жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері Достық үйінде орналасқан этномәдени орталықтардың жұмысымен танысты.
Әр ұлыстың тарихынан құлағдар болған ұстаздар танымдық кездесудің ұрпақ тәрбиесінде берері мол екендігін айтып, алдағы уақытта осындай кездесулер мектеп оқушылары үшін де ұйымдастырылса деген ойларын ортаға салды.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.