«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДОС КӨТЕРЕР КӨҢІЛДІ

Бағдат, Совет үшеуіміз түйдей құрдаспыз. Өткен ғасырдың қырық жетінші жылы мен – қазір Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын Қарағаш ауылында, Бағдат Мәлгаждаров көрші қоныстанған Қарғалы қыстағында, Совет Балтабай біздің елден он бес шақырымда жатқан Жаңатілек ауылында дүниеге келген. Үшеуіміз 1962 жылдың күзінде біздің ауылдағы сегізжылдық мектепте танысқан болатынбыз. Кейін жұбымыз жазылмай оқуымызды аудан орталығындағы Чкалов орта мектебінде жалғастырдық.

Бағдат Батаұлы Чкалов ауылына көшіп келіп, зейнеткерлікке шыққанша сондағы аудандық мемлекеттік сақтандыру мекемесінде еңбек етті. Совет Хамитұлының да өмір жолы өнегелі. Целиноград ауыл шаруашылығы институтында оқып, Зеренді аудандық “Коммунизм таңы” газетінде менімен бірге қызмет атқарды. Кейін мүйізі қарағайдай экономист болып кетті. Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасынан құрметті еңбек демалысына шықты.

Үш дос, үш құрдас қай қиырда жүрсек те бір-бірімізге хабарласып, сағыныш көңілі қанат бітірсе, құстай ұшып жетеміз. Осылайша, жігіттік пен орта жасты бірге өткердік.

Советтің әлі күнге дейін қолынан қаламы түскен емес. Ол – “Өздеріңе арналды”, “Жалғыз қарағай – Жаңатілегім” сияқты кітаптардың авторы. Бағдатты жерлестері әнші Ермек Серкебаевқа теңейді. Шынында да, дауысы қандай керемет! Ол интернатта оқып жүрген кездің өзінде хорға қатысып, талай байқауларда жүлдегер атанған. Халық әндерін орындағанда оның әсем дауысы құлақтың құрышын қандырады.

“Алла тағала бізге қанша ғұмыр берсе, соған дейін біз доспыз. Бізді Құдайдың өзі айырмаса, ешкім айыра алмайды”, – деген еді Совет құрдасым. Ол – шындық. Достық жас таңдамайтын бір ғаламат сезім екен. Біздің жарты ғасырдан асқан достығымыз арамызды жіпсіз байлаған. Достың кейде туыстан да жақындығын аңғарасың. Өйткені, олармен қуанышыңды ғана бөлісіп қоймайсың, ішкі сырларыңды да ақтара аласың. Бүгінде қай-қайсымыз да әкелік борышымызды орындап, ата болып, немерелердің қылығына сүйсініп отырған жандармыз. “Достыққа достық – парыз іс” дегендей, жұрт алдында қос құрдасыма айтар тілегім көп. Ең бастысы, денсаулықтары сыр бермей, ұрпағының қуанышына тоймай жүре беріңдер дегім келеді.

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі,

Мәдениет қайраткері.

Көкшетау қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp