«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ділі мықты елдің іргесі берік

ХХІ ғасыр жасты да, жасамысты да сынаған қайшылығы мол кезең болып отыр. Облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінде “Рухани иммунитетіміз неге әлсіз?” деген тақырыппен жарияланған мақала көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, ойталқыға жетелейді. “Дөңгелек үстелге” қатысқан зиялы қауым өкілдері бүгінгі өткір мәселелер төңірегінде тереңнен ой толғайды. Өмірден тура келген ақ өліммен емес, өзіне қол салып аттанған бейбақ жандар тағдыры, жастардың санасы мен жүрегін “жаулаған” теріс ағымдар тасқыны ұлтымыздың қорқынышы мен қаупіне айналғалы қашан?

Шынында да, бүгінгі күні рухани иммунитетімізді қалай нығайтуға болады? Қазақ халқы жерін қорғай алу үшін әуелі өзін қорғай алуға қабілетті болуы керек қой. Өзін-өзі қорғай алмаған халық жерін де, елдігін де қорғай алмайды. Бізде рухани иммунитет бар, бірақ тым әлсіз. Оған дәлел ретінде жүздеген мысал келтіруге болады. Соның біразы жоғарыда аталған мақалада айтылған. Қыздарымыздың шетелдіктердің етегінен ұстап, қыр асқаны да ұлтқа төнген қатер. Түрлі алаяқтардың, құйтырқы қаржылық ұйымдардың құрығына түсіп, үйінен, дүние-мүлкінен айрылып далада қалғандар да бар. Қатыгездікті бойына жұқтырып біреуді-біреу өлтіріп жатқан, әлділер әлсіздерді қинаған жан түршігерлік оқиғалар да жетеді. Халқымыз үміт артып отырған үлкенді-кішілі лауазымды тұлғалардың жемқорлыққа барып, ақшаны қалтасына басып, шетел асып қашып кеткені де ел абыройына түскен дақ емес пе? Мұндай келеңсіз құбылыстардың орын алуы – ұлтымыздың мүддесіне қарсы жойқын соққы, елдің дамуына үлкен кедергі. Біз өз халқымыздың салауатты жолмен дамуын толық қорғай алуға қабілетті болсақ, мұндай келеңсіз қоғамдық құбылыстар орын алмас еді. Бұл “қоғамдық аурулардан” бір күнде айыға алмасымыз сөзсіз. Ал одан айықпайынша рухани иммунитетімізді нығайту мүмкін емес.

Осы жайлы ойланған кезде, мүмкін, жас ұрпақты қазақы діл, ата-бабамыздан келе жатқан діни ұстаным мен әдет-ғұрып, салт-дәстүр аясында тәрбиелеуді отбасынан бастап, мектеп қабырғасында нығайту қажет шығар деген тоқтамға келдім. Бірақ бұл жүйелі жұмысты қажет етеді. Себебі, ата-ана бала тәрбиесін мектепке итерген заманда тағы бір қоғамдық күрестің шеті қылаң береді. Десек те, тәуелсіздік алғанға дейін дінді де, ұлттық ділді де керек етпеген қоғамның бүгінгі бетбұрысы осындай тәтті үмітке жетелейді. Егер тіл ұшында тұрған тілек орындалып, ұрпақтың ана тіліміз, ұлттық діліміз, тарихымыз жайлы түсінігін қалыптастыруға отбасы, мектеп бірлесе атсалысса, дінімізді теріс ағымдармен қаралап жатқандарға билік тарапынан мықты тойтарыс болса, солқылдақ танытқан тұсымыз нығаяр еді.

Мақалада жазылғандай, рухани құндылық пен материалдық игіліктің арасалмағы теңсіздік алған мына қоғамда Пайғамбарымыз керек етпеген байлықты қарапайым пенде жинап әлек. Ақыл тоқтатқан аға ұрпақ құлқынның құлына айналып, бала тәрбиесін ұмытты. Адамдардың бір-біріне деген мейірімі тәрк болды. Осыны көріп өскен ұрпақ та “алдыңғы доңғалақтың ізіне” түсері сөзсіз. Сол себепті, рухани иммунитетті күшейту жұмысы әр адамның жан дүниесіндегі ішкі күрестен басталуы тиіс сияқты. Әр адамның көкірегінде осындай рухани төңкерістер болмайынша, осы мәселе жайында айтылған толымды ойлар мен тұшымды пікірлердің мәні кетіп, сылдыр сөз болып қалары анық.

Айсұлу ХАМЗИНА,

№21 орта мектептің мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp