«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІНИ АХУАЛДЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ — ҚОҒАМ ТЫНЫШТЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы көптің көңілінен шыққаны сөзсіз. Бұл жолы да онда болашағымызға арналған бірқатар басымдықтар белгіленген. Дамудың даңғыл жолы көрсетілген Жолдауда діни ахуалды тұрақтандыру мәселесі, әрине, назардан тыс қалмаған. Әлбетте қоғам өмірінде діннің орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, әділеттілікті, тәрбие жүйесін қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам болмысының өзі дінге мұқтаж.

Ислам – адамгершілік құндылықтарға негізделген биік мәдениет пен өркениет діні. Дініміздің мәдениеті мен өркениеті он бес ғасырдан бері бүкіл адамзатты тегі мен нәсіліне қарамай қайырымдылыққа, жомарттыққа, ізгі ниеттілікке, кешірімділікке және әділеттілікке шақырып келеді. Сонымен қатар білім мен өркениеттің сарқылмас бұлағы екендігін әлем жұртшылығына паш етуде. Құран Кәрімде: “Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгітпен шақыр, әрі олармен ең көркем түрде пікір таластыр!” – деп бұйырады.

Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан рухани құндылықтарымызды құнттай білейік. Дегенмен де, соңғы жылдары еліміздегі діни ахуалға сызат түскені алаңдатпай қоймайды. Әсіресе, өткен жылғы Алматы мен Ақтөбедегі лаңкестік оқиғалардың салдары баршаға белгілі. Діннің атын жамылған содырлардың құқық қорғау органдарына қарсы бағытталған қарулы қақтығысы лаңкестік әрекеттің нағыз өзі.

Міне, осы жағдайларға байланысты Елбасымыздың Жолдауда мемлекет қауіпсіздігі мен діни экстремизмге қарсы күреске басымдық беруі әбден қисынды. “… Деструктивті күштерді қаржыландыруға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады”, – деп атап көрсетті Елбасы. Мұны деструктивті ағымдардың жұмысына тосқауыл қойып, діни экстремизмді насихаттаудың жолын кесу жөнінде Мемлекет басшысы жүктеген тапсырма деп түсінеміз.

Биылғы Жолдаудан байқағанымыз – “қауіпсіздік ахуалы” деген тіркес көзге түспей қоймайды. “Қауіпсіздік ахуалы” қуатты мемлекеттің өлшемдерінің бірі бола бастағанын атап көрсеткен Елбасының бұл ретте талапты қатайтқанын анық аңғарамыз. “Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке “мүлде төзбеушілікті” қалыптастыру керек”, – деп кесіп айтқан. Өткен жылдың қарашасында еліміздің Бас прокуроры бастаған топ мүшелерінің қатарында Ақтөбе облысында болып, түсіндіру жұмысын жүргізуге мен де қатысқан едім.

Жолдауда темір тордың ар жағындағы азаматтарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру жұмысын мақсатты түрде жүргізу міндеті қойылды. Бір жақсысы – біздің өңірімізде бұл жұмыс жолға қойылған деп айта аламыз. Өмірде адасып, ақыры абақтыдан бірақ шыққан сотталушылар айсыз түнде жалғыз қалғандай болып отырған жоқ. Облыс орталығындағы “Қызылжар”, “Нұр” және “Мұхсин” мешіттерінің қызметкерлері жүйелі түрде оларды оқытып келеді. Нәтижесінде ақ пен қараны айыра бастаған сотталғандар төбе көрсетіп жатыр. Ал мерзімін өтеп шыққан кейбір азаматтар өздеріне білім берген мешіт ұстаздарымен хабарласып тұрады. Бұл – еңбектің нәтижесі деген сөз.

Бірнеше ғасыр тарихы бар еліміз бір мазхабты ұстанудың арқасында тұтастығын сақтап қалғанын қалайша атап айтпасқа?! Сондықтан жат ағымдарға қарсы күрестің өзектілігі күн санап артып келеді. Мұндай жағдайда өздерінің теріс ағым екенін 10-15 жылдан бері көрсетіп келе жатқан дінбұзарларға жол бере алмаймыз. Әсіресе, ғаламтор жат ағымдардың насихат ошағына айналғаны жасырын емес. Олардың уағызын насихаттайтын ақпарат әлеуметтік желілерде аз емес. Діни танымы төмендеу жастар осындай желілердің қазған “орларына” түсіп қалып жатыр. Міне, осыған жол бермеу қажеттігін Елбасы Жолдауда қадап айтты.

Елбасы Жолдауының “Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек” деген тұсы да қуантады. Бұл іске діни бірлестіктерді де белсенді түрде тарту көзделіп отыр.

Жолдауда атап көрсетілгендей, міне, осының бәрі көп ұзамай қолға тиетін “Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада” ескерілмек.

Иә, биылғы Жолдау еліміздегі діни ахуалды тұрақтандырудың бір тетігі болып табылады. Біз Мемлекет басшысының сындарлы саясатына өз үлесімізді қосып, жұмыла жұмыс жасауға тиіспіз.

– Мемлекетіміздің болашаққа жасаған бағдарлы жоспарын жүзеге асыру үшін Елбасымыз үлкен міндеттерді алдымызға қойды. Ұлтжанды ұрпақ өсіру, саналы жастарды білім-ғылымға құлшындыру қашанда маңызды. Бұл ретте жастар санасына кері әсерін тигізетін жат мәдениеттерге тосқауыл қойып, діни теріс ағымдарға тұсау салу керектігін баса айтты. Қазіргі уақытта Интернет кеңістігіндегі жат ағымның үгіт-насихатына жол бермеуіміз керек. Халқымыздың бірлігіне сына қағып, бүлікке әкелетін ағымдарға қарсы күрестің қарқыны артуы тиіс, – деп айтқан болатын өз сөзінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Алла тағала елімізге амандықты, жерімізге тыныштықты, халқымызға береке мен бірлікті нәсіп етсін.

Кенжетай қажы БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp