«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІНИ БІЛІМГЕ – ЖАҢА САПА

Діни білім беру – жалпы білім беру жүйесінің ажырамас бір бөлігі. Ислам дінінің дамуына, әлемдік деңгейге көтерілуіне, өркендеуіне мұсылмандардың білімге құштарлығы да әсер етті. Медреселер ислам ғұламаларын даярлайтын негізгі орын болды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін құлшылық ету, ислами білім беру орындары көптеп ашыла бастады. Кеңестік кезеңде өз дінінен алыстап қалған халық бастапқыда мұндай жаңалықтарды қуана қарсы алды. Дегенмен, ислами білім беру саласында кемшіліктер де болғанын айтпай кетуге болмас. Ең алдымен, діни білім беру ошақтары азаматтарға Ханафи мазһабына сай келетін, қазақы дүниетаныммен үйлескен білім мен ілімді сіңіруі тиіс еді. Ал ұлттық тұтастыққа қауіп төндіретін, ел арасына жік салатын және экстремистік үндеулер тарататын білім беру орындарының қызметіне жол бермеуге міндеттіміз.

Мемлекетіміз діни білім беру саласындағы мәселелердің оңтайлы шешілуіне, дін саласындағы тұрақтылыққа мүдделі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасы осы саладағы жүйелілікті, бірізділікті қалыптастыруға ықпал етпек. Тұжырымдаманы орындау екі кезеңге бөлініп отыр. Бірінші кезең 2016-2018 жылдарды қамтыса, одан кейінгісі 2019-2020 жылдарға арналған. Сонымен қатар, ислами білім беру саласы 7 сатыға бөлінген:

1. Діни сауат ашу мен Құран сүрелерін жаттау курстары.

2. Діни оқу орындарына талапкерлер әзірлейтін дайындық курстары.

3. Діни оқу-тәрбие процесін жүргізетін қайырымдылық мекемелері.

4. Құран Кәрім сүрелерін кәсіби тұрғыда жатқа оқуды үйрететін қарилар дайындау орталықтары.

5. Техникалық және кәсіптік білім беретін медреселер.

6. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі діни білім беретін оқу орындары.

7. Имамдардың білімі мен біліктілігін жетілдіру институты.

Тұжырымдамада әрбір сатының ерекшеліктері мен міндеттері ашылып көрсетілген. Бір сатыдан екіншісіне жоғарылаған сайын діни білім беру бағдарламасы да күрделіленіп отырады. Ислами білім берудің мақсаты – азаматтардың діни сауаттылығын көтеру, өз дінінің практикалық міндеттерін орындауға баулу. Құжаттағы діни білім беруге қатысты мақсат-міндеттер дүниетанымын арттырғысы келген азаматтарға және болашағын діни саламен байланыстырған жандарға жәрдемдеседі. Сонымен қатар, онда білім беруші мен алушыға қойылар талаптар да нақтылы сипатталған.

ҚМДБ осы тұжырымдаманы қабылдай отырып, болашақтан күтілетін бірқатар нәтижелерді белгілеп отыр. Біз солардың ішіндегі маңыздыларына тоқталып өтсек: біріншіден, діни білім беру саласы барлық азаматтарға қолжетімді болуы қажет. Жасыратыны жоқ, бұл күнде қарапайым азаматтарға қажетті діни сауат ашу курстары өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ. Кей имамдар өз қызметін мектеп жасындағы балалармен ғана шектеп, ересектер назардан тыс қалып отыр. Діни білім берудің үгіт-насихаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, барлық жастағы азаматтарды қамтығаны жөн. Екіншіден, ислами білім беру ошақтары бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Өзіміздегі ислами оқу орындарын аздық етіп, кейбір азаматтарымыз шетел асып кетіп жатады. Тұжырымдамада азаматтардың сыртта діни білім алуын біртіндеп шектеп, болашақта өз елімізде ғана жүргізу міндеті қойылған. Бұл жайтты еліміздегі бірқатар дінтанушы мамандар кезінде ескерткен болатын. Мұны құптарлық бастама деп бағалаймыз. Осы нәтижеге қол жеткізу үшін өз еліміздің ислами білім беру орындарының сапасы жоғары болуы керек. Әйтпесе, шетелге қарай ағылған отандастарымыздың екпінін тоқтата алмаймыз. Үшіншіден, біз дінтанушы маман ретінде діни білімнің зайырлы біліммен өзара үйлескенін қалаймыз. Яғни, ислами білім ошақтарында қазіргі ғылым жетістіктері де ескерілгені жөн. Медреселерді колледж деңгейіне көтеру бастамасын өте орынды деп есептеймін. Төртіншіден, тұжырымдама аясында имамдардың білімі мен беделін көтеру мәселесі де айтылады. Қазіргі идеологиялық күрес алаңында жеңіліс таппас үшін дәстүрлі дін қызметкерлерінің біліктілігі жоғары деңгейде болуы тиіс. Имамдар тек дін саласымен шектелмей, жан-жақты тұлға болғандары жөн. Бесіншіден, ел аумағындағы мешіттерді білімді, білікті, дипломы бар мамандармен қамтамасыз ету. Кей жерлерде діни білімі жоқтар имамдық қызметті атқарып жүр. Өз кезегінде бұл жағдай халыққа дінді дұрыс жеткізе алмауға апарып соқтыруда. ҚМДБ шалғай аймақтарды білімді діни мамандармен қамтамасыз етуді қаперден шығармағаны абзал. Алтыншыдан, діни білім беру жүйесі қазақы ұлттық-мұсылмандық дүниетанымға негізделгенін, ғылыми тұрғыдан талдап түсіндірілгені жөн. Елдегі мұсылмандық жүйе, ұлттық дүниетаным мен мұсылмандықтың үйлескен тұсы – Ханафи мазһабы шеңберінде қызмет етуі тиіс. Жетіншіден, діни сала замана көшінен қалып қоймауы керек.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Тұжырымдаманың бастапқы тұсында осыған назар аударылған. ҚМДБ тарапынан қабылданған құжат діни саладағы аса өзекті мәселелерді шеше алады. Халыққа дұрыс үгіт-насихат жүргізу, бұқараны өзіне тарта білу, ел азаматтарының діни сауаттылығын көтеру тұғырлы міндеттер қатарына кіреді. Бүгінгі күні кейбір азаматтарымыз дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүр. Басқа бір отандастарымыз Сирия тәрізді қақтығыс ошақтарына кетіп, қару асынып, соғысқа араласуда. Осындай кемшіліктерді болдырмау жолында ҚМДБ-ға үлкен үміт артылады. Біз қабылданған тұжырымдаманың ислами діни білім беруді жаңа қарқынмен дамытарына сенімдіміз.

Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану

кафедрасының меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp