«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІННЕН ТАПҚАН ҮЙЛЕСІМ

Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша 22 наурыз күн мен түннің теңесу кезіне тап келеді. Парсы тілінен түркітілдес халықтарға өткен наурыз “но” – жаңа, “роуз” – күн деген сөзден шығады. Мағынасы – “Жаңа күн”. Наурыз мерекесін ирандықтар мұсылман болмай тұрып та тойлайтын болған. Оны байырғы түркілер де атап өткен. Ал кейінірек парсылар мен түркілер Ислам дінін қабылдаған соң біраз мұсылман ғалымдар наурыз мерекесін атап өтуге болатынын алға тартқан. Тарихшылар арасында Наурыз мерекесін Мұса (ғ.с.) пайғамбар және Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбармен байланыстырғандар да бар. Енді бір топ ислам ғалымдары Наурыз мерекесінің мәжусилерден (отқа табынушылар) бастау алғанына және ондағы отты айналу, оттың үстінен секіру сынды әрекеттер үшін оны тойлау харам деп үкім кескен. Бірақ бұл кездері Наурыз мерекесін көпшілік мұсылмандар тойламаған еді. Ал қазір әлемнің көп мұсылман елдері Наурыз мерекесін атап өтетіні белгілі.

Наурыз мерекесіне хазірет Әли (р.а.) және Муғауия (р.а.) сынды сахабалардың қарсы болмағандығы тарих кітаптарынан мәлім. Тарихшы әл-Хатыб әл-Бағдадидің айтуынша, имам Әбу Ханифаның атасы Нұғман ибн Марзубан сахаба Әли ибн Әби Талибке (р.а.) наурыз күні “фәлузаж” деп аталатын бір тәтті тағам ұсынған. Хазірет Әли (р.а.): “Бұл не?” – деп сұрағанда, Нұғман ибн Мәрзубан: “Наурыз күніне орай пісірілген тәтті тағам”, – деп жауап берген. Сонда сахаба Әли (р.а.): “Бізге күн сайын осындай наурыз тағамын әкеліп тұрыңдар”, – деген екен. Сахаба Әлиге (р.а.) наурыз тағамын бірнеше адам ұсынған. Бұл оқиғаларды Имам әл-Миззи, әл-Ғуззи, әл-Қасим, әл-Файрузабади, әз-Зәбиди және т.б. ғалымдар өз кітаптарында жазып қалдырған. Әбу Ханифаның атасының мұсылман бола тұра Наурыз мерекесіне орай хазірет Әлиге арнайы тәтті тағам ұсынғаны көп нәрсені аңғартады.

Егер Наурыз мерекесі өз алдына харам болса, онда оған орай жасалған сыйлық та харам болуы керек еді. Ал отқа табынушылардың сойған малдарын жеуге шариғатта рұқсат жоқ.

Кейбір этнограф ғалымдарымыз, салт-дәстүр зерттеушілері өз еңбектерінде Ислам дініне дейінгі нанымдар мен сенімдерді зерттеп, ондағы надандық дәстүрлерді, есте жоқ ерте замандағы мифологияны, көпқұдайшылдықты қайта жаңғыртуға шақырады. Мысалы, кейбіреулер Наурыз мейрамын отқа табынушылардың мейрамы деп санап, сол үшін оны тойлағанда отқа сиынып, оның үстінен секіріп ойнау қажет деген жөнсіз пікірлерін көңірсітіп, халықты надандық әдеттерге үндейді. Сондай-ақ, қазақ халқы мұсылмандықтан гөрі шамандыққа жақын болған деп, қатардағы оқырманның ойын сансаққа жүгіртеді, ана сүтімен дарыған мұсылмандық сеніміне селкеу түсіріп, әрі-сәрі күйде қалдырады. Ғаламның пайда болуы туралы жаңсақ мифологиялық пайымдарды қайта тірілтуге тырысады. Көпшілігі мұны білместікпен істейді, жазылған дүниенің қаншалықты әсерлі болатындығына, оқырманның танымына қаншалықты әсер ететіндігіне, қазақы мұсылманшылыққа қаншалықты залалы, салдары тиетіндігіне мән бермейді. Тым болмаса, қазіргі кезде қалыптасқан ислами таныммен аражігін ажыратып жатпайды. Себебі, олардың басым көпшілігінде шынайы мұсылмандық ұстаным қалыптаспаған. Сондықтан да сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ надандық ұғымдар мен ғұрыптарды қайта жаңғыртуға құмар. Ендеше замана көшінен қалып, жарамсыз болып ұмытылған дүниелерді жіпке тізе бермей, дұрыс пен бұрыстың аражігін ажыратып, халықтық мәдениет пен танымның біртұтастығын сақтау жолында жұмыс жасау қажет.

Тарихшылар қазақ халқы әз Наурыз мерекесін Ислам дінін қабылдамастан бұрын тойлағанын айтады. Олардың пікірінше, Наурыз мейрамы – қазақ халқының көшпелі тұрмысының қуанышты кездерін бейнелейтін ұлық мереке. Қыс айларында малжанын шүберекке түйіп, әупірімдеп көктемге әзер шыққан ел өрістегі малдың аузы көкке ілініп, арқа-басының кеңігенінің құрметіне Ұлыстың ұлы күнін ат шаптырып, аударыспақ ойнап, жамбы атып, балуан күрестіріп, ұлан-асыр той жасап қарсы алатын болған.

Наурыз мерекесінің Ислам дініне қайшы емес, керісінше, дінмен үндес мереке екенін Мәшһүр Жүсіп бабамыздың еңбегінен анық көруімізге болады. Ғұлама бабамыз Наурыз мерекесінің шежіресін былайша тарқатады: “Бұл наурызнама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазығұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, “салт атты, сабау қамшылы” болып судан шыққан”, – деп Нұх (с.а.у.)-ның қауымның топан судан аман-есен құтылғандарына шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, той жасағандығын жеткізеді. (Мәшһүр Жүсіп. Ит дүние – 242-бет. Алматы, 2008).

Бұдан Наурыз мерекесінің көшпелі қазақ жұртының төл мерекесі екендігін тануға болады. Қазақтар оны “жыл басы” санайды. Тілімізде Наурызға қатысты “жер бетіне жақсылық ұялаған күн”, “Ұлыстың ұлы күні”, “ұзақ ұшып келген күн”, “жыл басы” – жылқышы торғай (нәуірзек) келген күн, “көк құт көзін (өсімдік) ашқан күн”, “жылдың жерге түскен күні”, “Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн”, “Самарқанның көк тасы еріген күн” тәрізді бейнелі сөз оралымдары сақталған.

Тіпті, қазақ халқы бұл мерекеге “әзиз” атауын беріп, Ұлыстың ұлы күнін “әз Наурыз” деп қастерлейді. Сондай-ақ, Наурыз мерекесін тойлау барысында атқарылатын ағаш отырғызу, көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, балуандар күресі, айтыс, ән-жыр мен терме-толғау айту секілді дәстүрлер де Имам Ағзам мектебіндегі “әдет-ғұрып” қайнар көзіне қайшы емес. Әз Наурыз мерекесінде бауырларымыз “Ұлыс оң болсын!”, “Ақ мол болсын!”, “Жаратушымыз жарылқасын!”, “Жасың құтты болсын!” деп, ізгі тілектерін жүректен ақтара айтады. Көктемнің келгенін алғаш жеткізетін құсты “нәуірзек” деп атап, оның ұшып келуін жақсы ырымға балайды. Осы ұлық мереке күні дүниеге келген жас сәбилерге азан шақырып “Наурызбай”, “Наурызгүл”, “Мейрам”, “Мейрамгүл” деп ат қояды. Бір-бірін өлімге қимағанмен, өкпеге қиятын халқымыз Ұлыстың ұлы күнінің құрметіне көкіректе беріш боп қатқан өкпеназды ерітіп, бір-бірін құшағына алып, төс қағыстырып, қайта жарасып жатады. Демек, осындай ізгілікке құралған Ұлыстың ұлы тойы – әз Наурызды Хақ дінге қайшы деп айтуға болмайды.

Ұлттық болмысымызды дәріптейтін Наурыз мерекесін салт-дәстүрлеріміз және әдет-ғұрыптарымызды сақтай отырып өткізу қазақ болып жаратқан Жаратушы Иемізге шүкір етіп, мақтан тұтуымыз деп білейік.

Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ,

облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp