Жастар – барлық қоғамда ең үлкен рөл атқарушы топ. Ислам дінінде де жастарға нық сенім артылады. Жалпы жастарды тәрбиелеуге бүкіл қоғам жауапты.
Біз олардың жүректеріне, ең алдымен, имандылықты ұялата білуіміз керек. Имандылық деген – ар-ұят. Адамның жан дүниесінде атаққұмарлық, менмендік болса, ол өзін орға жығатын жаман қасиет. Елбасымыздың жоғары оқу орнын бітірген жастарды дипломмен ауылға жіберуінің мәні сонда деп ойлаймын.
Жастар төменнен бастап тәжірибе жинақтап, қарапайымдылықты үйренгені дұрыс. Біз жастарды айыптаудан бұрын өзімізге қарауымыз керек. Қазір мүйізі қарағайдай ағаларымыз да жастарды кінәлап жатады. Бірақ біз сол жастарға жақсы тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіре алдық па? Қазіргі кезде мешітке келетін жамағаттың 90 пайыздан астамы – қаршадай жандар. Олардың кейбірі өте тұйық, қоғаммен, тіпті, туыс-туғандарымен араласудан қалған. Біз олардың айналасындағы адамдармен қарым-қатынаста болуы үшін басқарма жанынан “Жалпы және жастар” деген бөлімді ашып, өрендермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаудамыз.
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.