«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІН ДОСТЫҚТЫ ДӘРІПТЕЙДІ

Тәуелсіз Қазақстан 130-дан астам этностарға ортақ мекен бола білді. Өзге елдермен салыстырғанда, мамыражай күн кешудеміз. Осының бәрі – ұлтаралық татулық пен дінаралық ауызбіршіліктің жемісі. Халық арасындағы нық орнаған достықтың тұғырын одан әрі биіктетуге әр қазақстандық тамшыдай болсын өз үлесін қосуы тиіс. Сонда ғана бүгінгі жетістіктеріміз еселене түсері анық. Бұл міндеттер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да айқын көрініс тапты.

“Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бұлар – Қазақстанның болашағының кілттері. Этносаралық келісім – өміршеңдік оттегі. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз”, – делінген жылдың басты құжатында.

Оны жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен дінбасыларына артылар міндет ауқымды. Алдыңғысы ұлтаралық татулықты сақтауға ұйтқы болса, екіншілері дінаралық достықты нығайтуы тиіс. Бұл ретте біздің өңірімізде де олардың атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Осы еңбектері ескеріліп, этносаралық ауызбіршілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін таяуда бірнеше солтүстікқазақстандық Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалімен марапатталған болатын. Солардың бірі – Петропавлдағы әулие Петр мен Павел шіркеуінің протоиерейі Сергий.

– Ел өмірінде Ассамблеяның алар орны ерекше. Қоғамдық институттың көздеген мақсаты халық арасындағы достықты дамытуға бағытталған. Елбасының тікелей төрағалығымен Ассамблея бұл ретте екі он жылдықты еңсеріп отыр. Мен өзім Ассамблеяға 15 жылдан бері мүшемін. Осы аралықта институттың талай алқалы отырыстарына қатысып, бірлік, достық, татулық тұрғысындағы Елбасының тебірене айтқан сөздерін өз аузынан естідім. Одан жиын мүшелерінің әрқайсысы ерекше әсер алғандығы анық. Әр жиында Нұрсұлтан Әбішұлы Ассамблея өкілдеріне жаңа тапсырмалар мен міндеттер жүктеп, жаңа саяси бағдарлама ұсынып отырды. Олардың барлығы ұлттарды ұйыстыруға бағытталған. Елдегі тыныштық – осының жемісі, – дейді ол.

Елімізді мекен еткен өзге этнос өкілдері – кезінде өздерінің тарихи Отандарынан еріксіз қоныс аударылғандардың ұрпақтары. Олардың ата-бабалары қиын кезде қазақтардан пана тауып, осы жерде өніп-өсті. Сондықтан да болар, олардың осында туған балалары Қазақстанды өздерінің Отандары деп есептейді.

– Қазақстан өзін барша әлемге зайырлы мемлекет ретінде танытты. Елімізде адам құқығы – бірінші орында. Қазақстанды мекен еткен өзге этностар өкілдерінің өздерінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен тілін, дінін насихаттауларына шектеу қойылмаған. Оны біз, яғни православие христиандары да айқын сезініп отырмыз. Мұның бәрі – Елбасының салиқалы саясатының арқасы, – дейді діндар.

Кеңес одағы тұсындағы солақай саясаттың кесірінен бұқара діннен қол үзген болатын. Ол Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Алайда, еліміз егемендігін жариялағаннан бері дінге бетбұрыс қайта жанданды. Оған діни мейрамдардың ел көлемінде кеңінен аталып өтілетіндігі дәлел.

Қай дінді алып қарасақ та, бәрі де адамдарды татулыққа, мейірбандыққа үгіттейді. Алайда, бүркеншік атпен белең алып жатқан теріс ағымдар да жоқ емес. Олардың меңзегені – халық арасында дінаралық алауыздық тудыру. Бұл ретте дінбасылары өскелең ұрпаққа діни тұрғыда тиісті деңгейде бағыт-бағдар көрсетіп, жүректеріне иман ұялатуы керек. Сонда ғана халық арасындағы достық беки түседі. Бұл Елбасының жыл сайынғы Жолдауында да айқын көрініс табуда.

– Бүгінде облысымызда православие христиандарының отыздан астам ғибадатханасы бар. Ондағылар мінәжат етушілерге Жаратушының мейірімі қаншалықты шексіз екендігін ғана түсіндіріп қоймай, дінге бөлінбей, достық пен татулықта өмір сүру қажеттігін насихаттап отырады. Өзгеге қиянат жасамау керектігі Інжілде де жазылған, – дейді ол.

Саналы ғұмырын дін жолына арнаған бұл азаматтың өмірлік ұстанған бағыты да осы – этносаралық келісімді нығайту. Онысы ескерусіз қалған емес.

– “Бірлік” медалі менің еңбегімнің ескерілгендігі деп түсінемін. Онымды Елбасының жоғары бағалауы мен үшін ғана емес, барша православие христиандарына деген құрметі деп білемін. Құдайға жасаған әр құлшылығымда елімнің, Елбасымыздың амандығын тілеймін. Татулықты ту еткен Қазақстанымыздың ертеңі бұдан әрі де гүлдене беретіндігіне сенімім мол, – дейді протоиерей Сергий.

Татулық пен келісім, тұрақтылық – бейбітшілігіміздің басты нышандары. Сондықтан елдің тұтастығы мен бірлігі әрдайым алғы шепте болуы тиіс. Елбасы ұсынған “Мәңгілік Ел” идеясының көздегені де – осы. Ал оны жүзеге асыру – баршамызға ортақ міндет.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp