Елбасымыздың ел газеті – “Егеменде” жарияланған “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” деп аталатын еңбегінде қозғалып отырған ойлар мен тұжырымдар кейбіреулерге тосыннан айтылғандай көрінуі де мүмкін. Олай емес, рухани жаңғыру, заман талабына сай санада сілкініс туғызу – Президентіміздің ұдайы назарында ұстап келе жатқан мәселелерінің бірі. Біз кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған “Мәдени мұра”, “Халық тарих толқынында” бағдарламалары шеңберінде елімізде ұлан-ғайыр істер атқарылғанын жақсы білеміз. Елбасы өзінің жаңа еңбегінде осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі тереңдете түсу, өрісін барынша кеңейту, рухани жаңғыру міндетінен туындайтын сан-салалы істерге тұрлаулы сипат беру мәселесін қозғап, көптің күш-жігерімен жүзеге асырылуға тиіс нақты міндеттерді айқындап, оны орындау жолдарын көрсетіп беріп отыр.
Елбасының осы мәселені нақ бүгін осындай дәрежеде батыл көтеруі тегін емес. Шыны керек, біз, әсіресе, жастарымыз әр кез бүгінгі заманның болмысына сай келе бермейтін батыстық жылтырақтарға еліктеп, біраз жерге барып қалдық. Ұлттық құндылықтарымыз көмескілене бастады. Арамызда ата жолынан адасқандар көбейді. Міне, осындай сын сағатта Елбасының рухани жаңғырудың өзекті де түбегейлі мәселелерін сөз етіп, бағыт-бағдар сілтеуі халқымызға ай туып, күн шыққандай әсер етуі тиіс.
Осы қадам арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің елі үшін басын бәйгеге тіккен ер екенін, не нәрсені болсын, шыңыраудан тартатын, тереңнен ойлайтын, болашақты болжай білетін сұңғыла саясаткер екенін көрсетіп отыр. Өйткені, Тәуелсіздік жылдары осындай үлкен ұмтылыс жасауға жақсы негіз қаланды. Халқымыз Елбасымыздың ұсынған стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыра отырып, өсті, өркендеді, жетілді. Экономикалық-саяси салаларда орныққан өркенді өзгерістер санаға да сәулесін түсіргені, жаңа замандағы жаңа Қазақстанның болашағына деген сенімімізді нығайта түскені анық. Әрине, жаһандық бәсекеге қабілетті болу, әлемнің озық елдерінің қатарынан көріну үшін мұның бәрі аз. Бұл ретте ұлттық рухани жаңғыруды жаңа сапалық деңгейге көтерудің, оған жол ашатын жаңа тетіктерді іске қосудың маңызы тіпті зор.
Мен Елбасының бұл бастамасының “Мәңгілік Ел” идеясымен астасып жатқанын баса айтқым келеді. Біз бүгінгі әлем-жәлем ғаламда бағытымыздан айрылып, адасып қалмау үшін алдымен ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап, халқымыздың бойында бұғып жатқан небір жақсы қасиеттердің бүгінгі ұрпақтың игілігіне айналуына қол жеткізуіміз керек.
Мен бұл еңбекті мемлекеттің руханиятты қуатты қолдауы деп білемін. Рухани жаңғыруға байланысты Үкіметке де нақты тапсырмалар берілетіні айтылған. Өңірлерде атқарылуға тиісті жұмыстардың көкжиегі айқындалған. Демек, оны жүзеге асыруға бүкіл халық болып жұмылсақ, еліміздің бәсекеге қабілеттілігі барынша артып, жұлдызы биіктен жарқырайтыны сөзсіз.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің
директоры – бас редакторы.