«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДҮНИЕҚОРЛЫҚ: ЖАҚСЫ MA, ЖАМАН БА?

Адам дүниені неге жинайды? Біріншіден, бала-шағасының тұрмыстық керек-жарағын қамтамасыз етсем деген ниеттің болуы; екіншіден, өзінше баспаналы болып, жұмыстан соң дем алу,  қонақ күту деген сияқты мүмкіншіліктер жасауға қаражат жинау; үшіншіден, ең­бекке уақытша жарамай қалғанда ешкімге алақан жаймау қамы; төртіншіден, отбасында, той-томалақ, өлім-жітім болғанда соған тиісті қаражатым болса екен деген тілек; бесіншіден, туған-туысқанның, жолдас-жораның жақсылық-жаманшылықтарына жәрдем жасау пейілі; алтыншыдан, өзің дүниеден өте қалғанда артыңда «мал да қалсын, тал да қалсын» дегендей, бала-шағаға қолдан келгенше материалдық жағдай жасап кетуге ұмтылу. Сондықтан да, данышпан қазағым дүниенің соңына түсемін деп, адамгершіліктен жұрдай болып қалмау үшін таза еңбегімен, білімімен, іскерлік қабілетімен жиналған азды-көпті дәулетіне қанағат ету жағын кімнің болса да  естен шығармауын талап етіп отырған. «Бала-шағаның қамы» деген пердемен араны ашыла бермесін деген қазағым: «Дүниеге келген әрбір нәрестенің ырыздығын Құдай өзі жаратады, өзі береді», «Әкенің малы балаға мал болмайды» – дегенді де қатты ескерткен…

Қазекем:   «Дәулетке мас болған айықпайды» деген қауіпті де естен шығармауды жөн көрген. Шынында да, табан ақы, маңдай термен келген байлыққа ешкім де мас бола бермейді, ал, оны арамнан жинаса, мас болудың да,  құтырудың да әкесі сонда. Сөйтіп түптің түбінде бір азғындайды да. Осындай жағдайларды ескерген елім: «Көп асқанға – бір тосқан» боларын да білген.  

Жалпы, баюға ұмтылу ниетінде жаман ештеңе де жоқ. «Ке­дейдің –байға, байдың Құдайға жетсем» дегені, тіптен, әлеуметтік прогрестің ең мықты деген қозғаушы күштерінің бірі екені де белгілі емес пе?  Олай болса, жо­ғарыдағыдай дәулет, байлық жолдарын  қуғандарға дүниеқорлар деп кінә тағу әділетті бола қоя ма екен? Сондықтан, олардың бұл қылығын адал, адами дүниежандылық десек болмай ма?! Ал, байлық мақсатындағы ой-тілек, пейіл, қанағат дегеннен жұрдай, қоғамдағы заңдарға қарсы жолдармен, өркениеттілік, адамгершілік принциптерінің талапта­рынан мүлдем алшақ, қасқырша шауып бас салып, тіптен, ну тоғайдағы (джунглидегідей) әлсіздің күштіге жем болатын тәсілімен іске асып жатса, оның аты тойымсыз, арам, жыртқыштық – дүниеқорлық делінсе әділетті болмай ма?!

Секен ДОРЖЕНОВ,
саясаттанушы.

(«Ақиқат» журналы, №12, 2014 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp