Өткен сенбі күні Петропавл қаласында оқыс оқиға орын алды. Тал түсте М.Жұмабаев көшесінің бойындағы “Пицца Хаус” дәмханасы отқа оранды. Тілсіз жау екіқабатты ғимараттың күл-талқанын шығарып қана қоймай, Ульянов көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің шатырын да жалмап өтті.
Жекеменшік кәсіпкердің иелігіндегі аталмыш дәмхана қызылжарлықтарға “Нұрпарк” атауымен таныс. Онда балаларға арналған ойын-сауық залы, сауда орны, шаштараз бен дәмхана орналасты. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы Евгений Журавлевтің айтуына қарағанда, сағат түскі он екі жарымда 101 нөміріне “Пицца Хаус” дәмханасы өртеніп жатқаны туралы ақпарат түсті. Облыстық төтенше жағдайлар және ішкі істер департаменттерінің бөлімшелері оқиға орын алған жерге үш минуттың ішінде жетті. Өрт дәмхананың шатырын қас қағым сәтте жалмады. Ульянов көшесінің бойында орналасқан бесқабатты тұрғын үйге де оңай жетті. Тұрғын үй газ бен электр қуатынан ажыратылды. Өрт сағат төрттен аса толығымен ауыздықталды. Абырой болғанда, құрбан болғандар жоқ.
Өртті ауыздықтауға 22 техника мен 70 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Ішкі істер департаментінің 400 қызметкері қоғамдық тәртіпті қадағалап, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру және арнайы техниканың еш кедергісіз өту жұмыстарымен айналысты.
Төтенше жағдайдың куәгері болған ерлі-зайыпты Галина мен Анатолий Плешаковтар – шатыры өртенген аталмыш үйдің тұрғындары. “Абырой болғанда, біздің пәтеріміз бірінші қабатта орналасқан. 8-інші подъезд бен 5-інші қабатта тұратын көршілеріміздің үйлерінің терезелері зақымданды”, – деген Галина Плешакованың сөзін жұбайы жалғастырды: “Дәмхананың шатырынан шыққан өрт лезде біздің үйге түсті. Шатырымыз түгелдей өртенді. Оған 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының аясында күрделі жөндеу жасаған едік. Ай сайын ақша төлеп келеміз”. Ал 5-інші қабатта тұратын Ирина Ходжаева: “Үйімнің терезелері толығымен жанып кетті. Шатырдағы отты өртсөндірушілер менің үйім арқылы сөндіруге тырысты. Үйім түгелдей су болды. Күні кеше ғана үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жасаған едік. Енді, міне, жаздың жалпағында терезелерім әйнексіз үңірейіп тұр”, – деді.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қайролла Ғалиев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен өрттен зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсетіліп, тұрғын үйдің шатыры мен подъездеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Ол үшін қалалық әкімдіктен 25 миллион теңге қаржы бөлінді. Үйлері өрттен зардап шеккен 13 пәтердің иелеріне 139 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілетін болады. Жөндеу жұмыстары 20 шілдеге дейін жалғаспақ.
Қазіргі таңда өрттің пайда болу себебі анықталуда. Сонымен қатар, өртсөндірушілердің жұмысы сараптамадан өтетін болады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.