Елдегі төтенше жағдай кезіндегі жұмыс тәртібін бұзғаны үшін Петропавлдағы ойын-сауық мекемесінің қожайыны соттың шешімімен 5 тәулігін темір тордың арғы жағында өткізетін болды. Тағы біреуі 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Соңғы күндері тәртіп сақшылары дәмханалар мен мейрамханаларды аралап, тексеруде.
Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбахтың айтуынша, рейдтер жүргізу үшін 4 жұмыс тобы құрылған.
«Екі күннің ішінде 14 тәртіп бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, бұл мекемелер түнгі оннан кейін жұмыс істеген. Төтенше жағдай кезінде мұндай әрекетке тыйым салынған. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, барлық материалдар сотқа жолданды», – деді Александр Розбах.
Сонымен қатар ол азаматтарды тұрғылықты жері бойынша қабылдау үшін облыста 6 санитарлық қосын ашылғанын жеткізді. Онда полицейлер санитарлық дәрігерлермен бірлесіп жұмыс істейді. Өзге елдерден және өңірлерден келгендер үшін сауалнама жасалған. Соңғы екі күн ішінде өңірімізге 2611 адам келген. Оның 335-і – Алматыдан, 331-і Нұр-Сұлтан қаласынан келген.
Сурет https://tengrinews.kz/ сайтынан алынды.