Қазақтың кестелі тілді, көркем ойлы ұлы жазушысы Сәбит Мұқановтың атын иеленген облыстық қазақ сазды-драма театрының да құрылып, өнер десе ішер асын жерге қоятын дүйім көрерменнің шөліркеген ықыласын сахналық қойылымдармен суарып, өмірдің мың сан кейіпкерлерін көз алдарында ойнатып жүргендеріне де он бес жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында театрдың атағы аспандап, Айға жетпесе де, біраз биіктерді бағындырды. Талай таланттарды бауырында баптап, түлетіп, ұясынан ұшырды. Еңбек жолын сол киелі шаңырақта бастаған әртістер бүгінде республикамызға танылуда. Бір талант мінбеге көтерілсе, тіл көзден сақта деп тілейтін өнерсүйер жұртшылық жас сахнагерлердің аяқалыстарына сүйсінуде. Солардың бірі “Ең үздік эпизодтық рөл” аталымы бойынша жүйріктер санатынан көрінген театрдың жас әртісі Дәрия Әбілмәжінованы аталмыш жетістігімен құттықтап, өнер турасында әңгіме өрбіткен едік.
– Дәрия Маратқызы, әңгімеміздің әлқиссасын өзіңізден бастасақ. Адамның эстетикалық талғамын өсіретін соны да соқпақты өнерге қалай келдіңіз?
– Мен Жамбыл ауданына қарасты Орталық ауылының тумасымын. Аталмыш елді мекендегі Орман орта мектебінде 9-сыныпқа дейін білім алдым. Оны тамамдауға шақ қалған күндердің бірінде Петропавл қаласында жас дарындарды іріктеп, жүзден жүйріктерді Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер университетіне оқуға қабылдайтын байқаудың өткізілетінін естіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін ұстазым Анар Бекхожина менің әртістік қабілетіме үміт артып, сол сайысқа алып барды. “Қозы көрпеш – Баян сұлу” пьесасындағы Баянның қоштасар сәтіндегі монологын орындадым. Бар ойым Баянның жан қиналысын, жүрек мұңын, көрген азап, тартқан бейнетін, махаббатқа кіршіксіздігін шынайы жеткізіп, аянышты халін дұрыс сомдап, қалайда Алматыдағы іргелі оқу орнына оқуға түсіп, ұстаздарымды, тілеуімді тілеген ата-анамды бір қуанту болатын. Сезімге адал, сертіне тұрақты Баян арудың қилы тағдырын жүректерге жеткізгенім соншалық, қазылар алқасы жанарларына жас алып, жүректерін шымыр еткізген бір мұңға егіліп, бастарын шайқасып отырды. Бүгінгі өзім жұмыс істейтін театрдың сол кездегі директоры әрі көркемдік жетекшісі Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек ағамыз менің аяқ алысыма ризашылық білдіріп, сайыстың алғашқы бөлімінен-ақ оқуға қабылданғандардың қатарына қосып қойды. Алайда, белгілі себептермен әкем екеуміз еліміздің оңтүстік астанасына өте кеш аттанып, бұл әрекетіміз менің оқуға уақытында үлгермей, алып-ұшқан балаң көңілімнің су сепкендей басылуына әкеп соқтырды. Өмірімдегі алғашқы талпынысым осылайша жаныма мұң сыйлады. Алайда, жігерімді жасыта алмады. “Талпынған бала талапты құстай, құмары қанбас биікке ұшпай” деген нақылды менің табиғи қабілетіме сай аңғарып айтқан Оразәлі аға 10-сыныбымды бітіртіп, Петропавлдағы өнер колледжінің “Актерлік шеберлік” мамандығына оқуға қабылдады. Жан қалауымен жасалған дүниеге ешқандай келеңсіздіктің кедергі болмайтыны рас-ау, бірінші курстың белортасына жетпей жатып, мен С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына әртіс болып жұмысқа орналастым. Осылайша театрдың кез келген адамға бұйыра бермейтін қасиетті сахнасына көтерілдім. Жақында сахнада жүргеніме он жыл болмақ.
– Осы он жыл ішінде көптеген рөлде ойнап, мыңдаған адамға қуанышты көңіл күй сыйладыңыз. Соншама өнерсүйер жанның ыстық ықыласына бөленіп, соншама жанның шершеменін тарқаттыңыз, кейбір жанды жаңсақ басқан қадамы үшін өкіндіріп, әлдекімді шынайы тәубе етуге үйреттіңіз. Адамның тікелей көңіл күйіне әсер ететін рөлдеріңіздің ішінде естен кетпей, ойға оралғанда жаныңызға жылылық сыйлайтындары бар ма?
– Әрбір рөлім, мейлі басты немесе қосалқы болсын, ол менің құрсағыма біткен тоғыз ай, тоғыз күн толғатып азап-қиналыспен жарық дүниеге әкелген балаларым іспетті. Әрбірінің өз орны бар. Дегенмен де, “Қырық қызым болса да, жалғызымның орны бір төбе” дегендей, ерекше жақсы көретін, сомдаған сайын сомдай бергім келетін рөлдерім де жоқ емес. Оспанхан Әубәкіровтің “Қожа мен спорт” шығармасының желісі бойынша қойылған спектакльде Ақжарқын әженің, Ш. Башпековтің “Шойын қатын” шығармасындағы Шарафат қыздың, Ә. Оразбековтің “Бір түп алма ағашындағы” қазақтың қайсар қызы Әлияның, “Қара шекпендегі” Қоянның рөлдері – менің актерлік шеберлігімді шыңдай түсуіме септескен бірегей туындылар. Теріс пікірдегі, жақсылыққа жат пиғылды кейіпкерлердің мінез-құлқын ойнасам да, олар менің сырластарым, мұңайсам да, қуансам да өмірімнен жоғалып, жарты жолда тайқып шықпайтын сенушілерім.
– Мәдениет және өнер саласы адамдарының алатын айлығы шайлығына жетпейтіні шындық. Адамның кез келген әрекеті ақшаға келіп тірелетін аласапыран уақытта өнерден біржола қол үзіп, табысы жоғары өзге салада жұмыс істегіңіз келмей ме?
– Орынды айтылған сөз. Алайда, мен өзімнің қызмет орныма, театрға тәуелділікке тап болып, амалым құрып, шарасыздықтан бармаймын. Ол менің демалып, бой сергітетін, әріптестеріммен емін-еркін әңгіме-дүкен құрып, көзі қарақты көрерменге қуаныш сыйлауға асығатын жерім. Әрине, дүниеге қолымыз жетпей, табатын табысымыз қажеттілігімізді өтей алмаған кездерде эмоцияға беріліп, ішкі ашу-ызамызды тежей алмай, сабырымызды сетінетіп алып жатамыз.
Анам әртіс боламын деген ойымды алғашында құптамаған еді. Бұл өнердің ер адамдарға оңайырақ екендігін, сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің той басқарып, түрлі жиындардың тізгінін ұстаса да, отбасын асырауға қауқары да, жағдайы да жететінін айтқан. Ал тұрмысқа шығып, балаларының анасы бола жүріп, шаңырақтың отанасы атанған нәзік жандарға өнер ортасында жүрудің қиындығын көп ескертетін. Мен бес теңге тапсам да адал ісіммен, маңдай теріммен табуды негізгі ұстанымыма айналдырғанмын. Мұндай мінезге мені өнердің өзі тәрбиеледі. Өнер колледжінің студенті атанған алғашқы жылда 2900 теңге шәкіртақыға, театрдың әртісі болып жүріп 3000 теңге айлыққа қол жеткізгенімде өзімді әлемдегі ең бақытты адамның қатарына жатқызған едім. Құдайға шүкір, бүгінде сол еңбекақымыз он еселенген. Кез келген кәсіп иесінде қарын тойғызар қанағатшылдық қасиет болса, адамзатқа ауызды берген Алла нәсіпсіз де, нәпақасыз да қалдырмайды.
– Әртіс болмағанда қандай мамандық иесі атанар едіңіз?
– Әр адамның өмірде өзіне тиесілі жолы, несібесі болады. Біреулер жылдар бойы әнші, актер болуды армандайды, десе де тағдыры оған ырық бермейді. Егер жазмышы оны актер болуға жазса, қашып та құтылмайды.
Маңдайыма өнер адамы болу бақыты бұйырмаған жағдайда ойланбастан математика немесе журналистика саласын таңдаушы едім. Өйткені, оқушы кезімде көп жағдайда есеп шығаруға келгенде қатарластарымнан оқ бойы озық болатынмын. Математикадан сабақ беретін Раушан Күдерова деген ұстазым мені үнемі сыныптастарыма үлгі етіп, есепке жүйріктігіме сүйсініп отыратын. Сегізіншіде оқитын болуым керек, математика пәнінен бақылау жұмысын орындап, сыныптан жалғыз мен бес деген баға алып, қалған оқушылардың бәрі үшті місе тұтып, ұнжырғаларын түсірді. Сол кезде сыныптас құрбыларымның бірі апайдан: “Неге Дәрия бес алып, қалғанымыз үшке жауап бердік? Бәріміз Дәриядан көшірген емес пе едік?” – деп сұрап, баршамызды қыран-топан күлкіге кенелткені бар.
– “Бұрын бір спектакль көрсек, соны келесі қойылымға дейін жыр қылып, ауызымыз құрғамай мақтанышпен, ондағы әртістердің көз қуантар қабілеттерін, шеберліктерін айтып отырушы едік. Бүгінгі жастар театрға баруға ықылас таныта қоймайды” деген пікірлерді ара-тұра естіп қалып жатамыз.
– Біздің театрымызда Біржан Жалғасбаев бастаған әртістік тәжірибелері де, шеберліктері де мол Баатырбек Шамбетов, Шолпан Айтыбаева, Кенжекей Ақжолова, Болат Мамытбеков сынды Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері, Қажыбай Айтыбаев, Дәурен Тойбазаров сынды адуынды әртістер қызмет етеді. Аяқ алыстары көңілге қуаныш сыйлайтын Думан Адыкенов, Нұрбол Асқаров сынды талапты, еңбекқор жастарымыз бар. Театрдың табалдырығын аттап, сахнаның киесін сезінгендеріне аз ғана уақыт өтсе де, олар түрлі рөлдерге еніп, өздерінің жан-жақтылығын көрсете білуде. Театрға келген көрермен көп жағдайда спектакль барысында өзге кейіпке енген сүйікті әртістерін танымай, қойылым соңында өнер иелеріне қоғадай иіліп, гүл сыйлап, қошеметтерін көрсетіп жатады.
Көрермендер саны әр спектакльде тауыққа шашқан тарыдай аз деп біржақты айту қиын. Залдың босап, кейде ине шаншар жер болмай қалатын кездер болады. Оған қарап, әртістің еңбегін немесе көрерменнің ықыласын бағалау әсте дұрыс емес деп ойлаймын.
– Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Басты мақсат – ұлттық өнердің өркендеуіне қалтқысыз қызмет ету.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
