Петропавлда облыс аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері, қалалық мемлекеттік және жекеменшік емдеу мекемелерінің мамандары, сондай-ақ, аудандық және ауылдық әкімдіктердің өкілдері «Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры, ақпарат-түсінік жұмыстары бойынша республикалық штабтың мүшесі Жұмағали Исмаиловпен кездесті.
Басқосу әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру жұмыстары бойынша ауқымды акцияны өткізуге арналды. Бұл акция бүгіндері Қазақстанның барлық өңірлерінде өтіп жатыр.
Жұмағали Исмаиловтың айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстанда келесі жылдан бастап енгізіледі.
Мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына кірістің белгілі бір пайызын аударып отырады. Бұл қаржы еліміздегі медициналық жәрдемнің сапасын арттыруға, дәрігерлердің еңбекақыларын көтеруге және осы заманғы медициналық жабдықтарды, дәрі-дәрмектерді алуға жұмсалатын болады.