
Соңғы күндері өңірімізде коронавирус жұқтырғандардың саны күрт көбейіп, тұрғындар арасында алаңдаушылық белең алған болатын. Қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыспен танысу мақсатында №1 қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде болған облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Facebook” әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына сырқатқа шалдыққандардың біреуі тиісті ем алғаннан кейін оңалып, ауруханадан шығуға дайындалып жатқаны жайлы жазды.
Бұл бөлімде вирус жұқтырғандар үшін 10 орын дайындалып, осынша жасанды тыныс алу аппараты қойылған. Жалпы өңірімізде 74 жасанды тыныс алу аппараты болса, бесеуі жуырда ғана сатып алынғанын айта кеткен жөн.
– Бүгінгі таңда өңірімізде коронавирус жұқтырудың 25 оқиғасы тіркелді. Олардың арасында ауыр халде жатқандар жоқ. Бір адам қауіпті індеттен айықты, жақында ауруханадан шығарылады, – деген облыс әкімі күні-түні тынымсыз еңбек етіп жатқан ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді.
Коронавирус жұқтырғандардың өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлердің ағайын-туыс, дос-жарандарымен байланысы шектелген. Әкім олар жеке қонақүйге орналастырылғанын, алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалғанын жазды.