Өңірде дәрігер тапшы. Қазір аймақта 130-дан астам маманның орны бос тұр. Аудандарды айтпағанда, Петропавлдың өзінде жағдай мәз емес. Биыл өңірге 59 дәрігер келгенімен, қордаланған мәселені шешу үшін бұл аз. Себебі еңбек етіп жатқан ақ халаттылардың көбі – зейнет жасына таяғандар.
Астана қаласының тумасы Дина Әбдірахманова қолына дипломын ала салысымен өңірде ақ халаттыларға жасалып жатқан жағдайды естіп, еңбек жолын солтүстіктен бастауды жөн санапты. Қазір ол көпбейінді балалар ауруханасында пульмонолог дәрігер болып еңбек етіп жатыр. «Әріптестер мені өте жылы қабылдады. Қолдау көрсетіп, тәжірибелерімен бөліседі. Маған Петропавл қаласы ұнады. Осы қалада маман ретінде тәжірибе жинақтағым келеді», – дейді Дина Әбдірахманова.
Соңғы жылдары аталған медициналық ұйым бірнеше маманмен толықты. Олардың бәріне әлеуметтік қолдау көрсетілді. Осының арқасында кадр мәселесі тұрақталды.
– Дәрігер жалғыз болса, оның пәтер жалдап тұруына ай сайын аурухана есебінен 63 мың теңге аударылады. Ал екі баласы болса – 100 мың теңгеден жоғары. Реті келсе, дәрігерлер үйінен пәтер алуға қолқабыс етеміз. Артынша біліктілігін арттыру үшін шетелге жіберу жағын да қарастырамыз, – дейді балалар ауруханасы директорының орынбасары Александр Гассман.
Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарғанымен, шешімін таппай жүрген басты мәселе осы – маман тапшылығы. Қазір ауыл былай тұрсын, облыс орталығында жағдай күрделі. Сондықтан мәселені шешу үшін өңірге жұмысқа келгендерге берілетін көтермеақы көлемі ұлғайтылды. Әрі бір дәрігердің бірнеше жерде еңбек етуіне мүмкіндік қарастырылды.
– Гинеколог, невропатолог, хирург, кардиолог сынды өте тапшы мамандарға көтермеақы – 8,5 млн. теңгеге дейін көтерілді. Сонымен қатар ауылды жерге барған мамандардың «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысуына мүмкіндік бар. Маман екі емханада немесе екі ауруханада жұмыс істей алады. Бұл халықты барынша медициналық көмекпен қамту мақсатында жасалып жатыр, – дейді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».