
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында “Ашық есік” күні өтті. Аутизм мәселесі туралы Дүниежүзілік ақпарат тарату күні аясында өңірде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталмыш ауруханада өткен “Ашық есік” күні аясында психолог, невропатолог, логопед, психиатр дәрігерлер дамуында ауытқушылығы бар балаларды қабылдады. Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Лариса Бахур мұндай шара биыл алғаш рет ұйымдастырылғанын айтты.
– Қазір қоғамда психикалық дамуы кешеуілдеген балалардың көбеюі өзекті мәселенің бірі болып табылады. Жыл сайын олардың саны артуда. Біздің облыста 230-дай бала есепте тұр. Статистикалық көрсеткіш бойынша әр бесінші бала аутизмге шалдыққан. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарамау керек. Ата-аналардың дені баланың тілі мүкіс болуына байланысты дабыл қағады. Бірақ аутист баланың бойында өзге де ерекшеліктер болуы мүмкін. Сондықтан оңалту шараларын дер кезінде жүргізген абзал, – дейді психикалық денсаулық орталығының бөлімше меңгерушісі Лариса Батырева.