«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘРІГЕР БОЛУ – ЖҮРЕКТІҢ ІСІ

Елімізде жыл сайын маусымның әр үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні аталып өтіледі. Ақхалаттылардың кәсіби мерекесіне орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында өткен салтанатты шарада облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін төл мейрамдарымен құттықтады.

– Адам өмірі – ең асыл құндылық. Сіздер азаматтардың денсаулығына қамқорлық көрсетуді өмірлік ұстанымға айналдырғансыздар. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту, дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз ең жоғары марапат пен құрметке лайық. Халқымызда «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы», деген сөз бар. Адам өмірі мен денсаулығын сақтау, антына адал дәрігер болу – үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті мамандық. Баршаларыңызға алғыс айтамын, – деді өңір басшысы Ғауез Торсанұлы.

Салтанатты шара барысында денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқан бірқатар маманға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері табыс етілді. Марапатқа ие болғандардың қатарында ұзақ жылдар бойы талмай еңбек етіп жүрген тәжірибелі дәрігерлермен қатар өз ісіне адал жас мамандар да бар.

«Дәрігер болу – жүректілер ғана таңдайтын мамандық. Өмір мен өлім ортасында жатқан науқасқа үміт сыйлау, жаны жараланған жанның дертіне шипа болу үшін дәрігерге ең алдымен мейірім мен батылдық қажет. Бүгін облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болдым. Балаша қуанып тұрмын. Әр адам өз денсаулығына аманат ретінде қараса деген тілегім бар», – дейді денсаулық сақтау саласының ардагері Алтынтас Ғабдұллина.

Марапаттау рәсімінің соңы жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концертке ұласты.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp