Індет алқымнан алған шақта дауа іздеп дәріханаларға сабылған жұрт кейде керегін таппай, қиналып қалуда. Бұл жағдай барлық өңірге тән. Дәріханалардың кейбірінде әдетте үйіліп жататын қарапайым парацетамол табылмай жүргенін жасырып қайтеміз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары қоғам өкілдерімен бірлесіп, өңірімізге дәрілік препараттар мен медициналық керек-жарақты жеткізетін “Медсервис Плюс” қазақ фармацевтикалық компаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен “СК-Фармация” компаниясының өңіріміздегі филиалының қоймасына барды.
“Медсервис Плюс” қазақ фармацевтикалық компаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірімізге аса қажетті дәрі-дәрімектің 41 түрін жеткізеді. Бүгінде компания тасымалдайтын өнімдердің ішінде вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін дәрілерге сұраныс зор. Аталған компанияның өңіріміздегі филиалының директоры Евгений Могуновтың айтуынша, тұрғындар тарапынан сұранысқа ие препараттар тапшылығын болдырмау мақсатында Алматы қаласынан апта сайын дәрі-дәрмек жеткізіледі екен.
Ал “СК-Фармация” компаниясының қоймасында арнайы қорғаныш костюмі, бетперде және антисептик сынды медициналық керек-жарақтар жеткілікті. Бұлар өңірдегі ауруханалар мен емханаларға тегін беріледі. Мониторингтік топ мүшелері соңғы күндері қоғамның наразылығын тудырған мәселе – шетелден келген гуманитарлық көмекті тарату жайын сұрады. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері өңірімізге он шақты гуманитарлық көмек келіпті. Ал оларды кімге беру керектігін денсаулық сақтау басқармасы өздері шешетін көрінеді.
Апта басынан бері тұрғындар тарапынан он шағым түсті. Тұрғындар дене қызуын түсіретін және вирусқа қарсы дәрілерді таба алмаған. Қазір біз тәртіп сақшыларымен бірлесіп, дәріханалардағы жағдайды тексерудеміз. Егер заң бұзушылық орын алса, әкімшілік хаттама толтырылады, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басқарма басшысы Дамир Хабибулин.
Жүргізілген тексеріс барысында мониторингтік топ мүшелері тұрғындардың арыз-шағымының негізсіз еместігіне көз жеткізді. Мәселен, “Биосфера” дәріханасында дәрі-дәрмектің бағасы өспегенмен, тұрғындар тарапынан сұранысқа ие парацетамол жоқ. Мұның себебін түсіндірген облыстың бас санитар дәрігері Серікбай Қасмақасовтың айтуынша, қазіргі таңда республика бойынша дәрінің 41 түрі тапшы көрінеді. Соңғы үш күнде облыс бойынша 303, ал Петропавл қаласындағы 106 дәріханадағы бағаны қадағалау барысында тек үшеуінің дәрі құнын өсіргені анықталған. Төрт дистрибьюторлық компанияға да тексеріс жүргізілген.
Бүгінгідей қысылтаяң шақта дәрінің құны мүдделі органдардың бақылауында болса да, халық қалаулылары тұрғындардан қырағылық танытып, бағаның негізсіз өсуі мен алаяқтыққа жол бермеуге үндеді. Егер осындай келеңсіздік орын алса, қоғамдық қадағалау картасының 8-707-564-14-24 нөмірі бойынша хабарласуы керек.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.