«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘРІ ТАПШЫЛЫҒЫНА ДӘРІГЕР КІНӘЛІ ЕМЕС

“Qyzyljar – adaldyq alańy” және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық бірлесе жүргізген медицина саласындағы мемлекеттік сатып алулар, тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мониторинг қорытындыланды.

Отырыс барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Ахметов медицина саласында жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласында қағазбастылықты азайту, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетілетін медициналық қызметтер мен тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінген. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында емдеу мекемелерінде электронды жүйе енгізілуде.
Өткен жылы өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарында тұрғындарға үш миллионға жуық медициналық қызмет көрсетілген. Дені қызметтерді электронды форматта алған. Бұл орайда, дәрігердің қабылдауына жазылу, медициналық қызметкерді үйге шақыру, электронды кезек сынды бірқатар жаңашылдықты айтып өткен жөн.
Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық филиалының жетекшісі Руслан Асаубаев тұрғындар үшін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі тиісті деңгейде емес екенін айтып, емдеу мекемелерінің ақпараттық жүйесін сынға алды. Ол медициналық ұйымдардың тіркеу бөлімдері арқылы дәрігердің қабылдауына жазылу тұрғындарға бірқатар қиындық туғызатынын, кейбір емдеу мекемелерінде ақпараттық жүйе дұрыс жұмыс істемейтінін жеткізді.
Жиында облыстық аурухана, кардиологиялық орталық пен қалалық емханалардың бас дәрігерлері елімізде дәрі-дәрмекті жеткізумен айналысатын бірыңғай дистрибьютор – “СК-Фармация” компаниясының жұмысына сын айтты.
Олардың айтуларынша, өңірімізге дәрі-дәрмек уақытында жеткізілмейтіндіктен, денсаулық сақтау ұйымдарында дәрі тапшылығы орын алады.
– Қазір медицина саласында маман тапшылығы өзекті. Қоғам тарапынан түсінбеушіліктер де жиі орын алады. Медициналық қызметкерлердің жұмысына сын айтатындар аз емес. Оның себебі әртүрлі. Қазір тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге шағым айтатын науқастар баршылық. Сырқаттар тегін дәріге қол жеткізе алмаса, алдымен емдеуші ұйым мен дәрігерлерді кінәлайды. Сол себепті дәрі-дәрмек өңірімізге уақытында жеткізілуі керек. “СК-Фармация” компаниясы жұмысын ширатса, мұндай олқылықтар орын алмас еді, – деген кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Асхат Молжігітов кейбір науқастар қаңтарда алатын дәріге тек ақпан айында ғана қол жеткізгенін айтты. Сондықтан емдеу ұйымдарының басшылары отырысқа қатысқан “СК-Фармация” компаниясының өкілдеріне осы мәселеге назар аудару жөнінде кеңес беріп, денсаулығы сыр берген сырқаттарды әуре-сарсаңға салуға болмайтынын ескертті.

 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp