Облыс орталығындағы “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2001-2002 жылдары туған жасөспірімдер арасында бокстан КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинді еске алуға арналған республикалық турнир басталды. Оған Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарынан келген 90-ға жуық былғары қолғап шебері қатысуда.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин саналы ғұмырын спортқа арнап, өңірімізде бокстың дамуына өзіндік үлесін қосқан жерлесіміздің спорттағы жетістіктеріне тоқталып өтті.
– Әйгілі жерлесіміз, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, марқұм Камиль Са фин – отандық спорт тарихында өшпес із қалдырған жерлестеріміздің бірі. Бүгінгі таңда республикалық және халықаралық сайыстарда қолғап түйістіріп жүрген боксшылардың басым бөлігі – Камиль Масғұтұлының тәрбиеленушілері. Атақты жерлесімізді еске алуға арналған турнирге қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Руслан Бахыттыұлы.
Содан кейін бәсі биік додаларда өңір намысын абыроймен қорғай білген жергілікті былғары қолғап шеберінің досы, Петропавл қаласының құрметті азаматы, облыстық күрес түрлері федерациясының құрметті президенті Бауыржан Құлжанов естелігімен бөлісті.
Спорттық шараға қатысқан Камиль Масғұтұлының ұлы Дамир, бокстан облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, “WBA “SUPER”, “IBO”, “ЕВU” тұжырымдары бойынша әлемнің эксчемпионы Жанат Жақиянов, бокстан облыстық федерацияның вице-президенті Шайбек Қарағазиев жас өрендерге сәттілік тілеп, атақты жерлесімізден үлгі алуға шақырды.
Солтүстік өңірдің намысын ең үздік деген 17 спортшы қорғауда. Қарашаның 30-ы күні бокстан облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңында Камиль Сафиннің мүсіні ашылатыны хабарланды.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.