«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘСТҮРЛІ ДІН — ТАТУЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

Көпэтносты елімізде тұрақтылықты және конфессияаралық келісімді нығайту, сондай-ақ, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үзбей жүргізіліп тұрады. Аталмыш мәселеге арналған конференция кеше М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өтті.

Облыстық дін істері басқармасы мен “Конфессияаралық және этносаралық қарым-қатынастарды зерттеу орталығы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жиынға елімізге белгілі дінтанушылар қатысты. Атап айтар болсақ, дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы Тұрар Әбуов өз баяндамасында дәстүрлі рухани құндылықтардың ішкі тұрақтылығын сақтау ықпалына тоқталды. Ал Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің талдау және өңірлік жұмысты үйлестіру басқармасының бас сарапшысы Бауыржан Шериязданов жоғары билік тарапынан лаңкестік әрекеттерге қарсы қабылданған шаралар жайлы айтып берді.

Бүгінгі таңда діни ахуалға атүсті қарауға болмайды. Терроризммен қоғам болып күресу қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Баяндамашылар да лаңкестіктің алдын алуға дәстүрлі дін өкілдері ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының, психология, дінтану секілді пән ұстаздарының да көмегі қажеттігін баса айтты. Осылайша, терроризмді тудыратын факторлардың ықпалын азайтуға болады, дейді мамандар.

Біздің өңіріміздегі діни ахуалдың деңгейін облыстық дін істері басқармасының басшысы Мұратбек Зейнуллин баяндады. Ол атап өткендей, бүгінгі күні өңірімізде діни жағдай тұрақты. Бұл конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Өңірімізде 130-дан астам діни бірлестік пен 171 діни ғимарат тіркелген. Алдағы жылдары олардың қатары тағы да көбеймек. Өйткені, бүгінгі күні 6 мешіттің және 7 шіркеудің құрылысы жүріп жатыр. Ресми зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, тұрғындардың 40 пайыздан астамы дәстүрлі мұсылман дініне сенеді. 52 пайыз жұртшылық христиан дінінің православ, 5 пайызы католик тармағын ұстанады екен.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp