«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР

Уәлиханов ауданының орталығында қазақ күресінен республикалық турнир өтті. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ахметжан Қазымбетовтың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған додаға Алматы, Семей, Орал, Тараз, Ақтөбе, Көкшетау қалаларынан және жергілікті балуандар қатысып, 8 салмақ дәрежесінде күш сынасты.

Жарыстың ашылу салтанатында Уәлиханов ауданының әкімі Аман Төрегелдин, Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, Қазақ күресі федерациясының вице-президенті Марат Шәмшінұров жиналғандарды үлкен доданың басталуымен құттықтап, жас балуандарға сәттілік тіледі.

Сайыстар барысында Петропавл қаласының “Күрес” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері үздік өнер көрсете білді. Атап айтқанда, 50 килограмм салмақ дәрежесінде Арман Жетпісбаев жеңіске жетсе, 64 килограмда Райымбек Алпысов үздік атанды. Илья Мосенко 72 килограмм салмақ дәрежесінде екінші орынға ие болса, Болатбек Сайлаубеков 81 килограмм салмақта жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Төрешілердің шешімімен “Көрермендер көзайымы” аталымына облыс орталығындағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің 10-сынып оқушысы Райымбек Алпысов лайық деп танылды.

Қазіргі уақытта балуандарымыз жаттығуларын жалғастыруда. Қаржы мәселесі оң шешімін тапса, олар Тараз қаласында өтетін республикалық турнирде өңір намысын қорғайтын болады. Сондай-ақ, алдымызда одан да басқа үлкен сайыстар бар. Соның ішінде “Жас барыс” жарысына дайындығымыз мықты болуы қажет.

Ғалым ӨРКЕШОВ,

“Күрес” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp