«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘСТҮРЛІ ӘН – ХАЛЫҚ МҰРАСЫ

Халқымыздың мұң-зары, қуанышы мен қайғысы ұлтымыздың бекзат болмысы көрініс тапқан дәстүрлі ән өнері – біздің асыл қазынамыз. Оларды сақтау, насихаттау тіліміз бен өнеріміздің болашағына бейжай қарай алмайтын әр қазақтың міндеті.


Әншілік өнер жайлы сөз қозғағанда халқымыздың музыка мәдениетінің көрнекті өкілдері Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды тұлғалардың еңбектерін айналып өте алмаймыз. Замана бұлбұлдарының сара жолын жалғаған Қосымжан Бабақов, Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, Ғарифолла Құрманғалиев, Қайрат Байбосынов сияқты дарынды тұлғаларды қалайша мақтан етпеске?! Талай ғасырдың сүзгісінен өтіп, қаймағы бұзылмай бүгінге жеткен дәстүрлі ән-күйдің тарихы тереңнен тамыр тартады.
Дәстүрлі ән айту өнерінің басқа жанрлармен салыстырғанда құрылымы өзгеше. Домбыраның, қобыздың сүйемелдеуімен айтылатын әндер кең диапазонды, күрделі ырғақ-иірімді қажет етеді. Сондықтан да болар өнердің бұл түріне екінің бірі бара бермейді.
“Құлақтан кіріп, бойды алар
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй”, – деп дана Абай атамыз өлеңіне арқау еткен әсем ән мен тәтті күйдің құдіреті мені де өзіне баурап алды. Менің өнерге, соның ішінде дәстүрлі ән мен домбыраға деген құштарлығым бала күнімде оянды. Мектепті тамамдаған соң арман құсы қиялыма қанат бітіріп, Қызылжардағы өнер колледжіне оқуға түстім. Дәстүрлі ән сыныбында есімі өңірімізге белгілі әнші Жанат Айтбаевтан тәлім алдым. Кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында оқуымды жалғастырдым. Дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкімановтың шәкірті болғаныма мақтанамын. Бүгінде дәстүрлі ән айту өнерін дамытуға, халқымыздың баға жетпес құндылығын дәріптеуге шама-шарқымша үлесімді қосып келемін.
Қолыма диплом алып, өзімнің білім-білігімді көрсететін сәт туғанда мен туған жеріме келіп, еңбек етуді жөн көрдім. Жас өнерпаздарды дәстүрлі ән өнеріне баулуды басты мақсат еттім. Бүгінде Қызылжар ауданындағы “Мерей” өнер мектебінде өрендерді тәрбиелеудемін. Мәдениет үйінде ардагерлердің хорына жетекшілік етемін. Сондай-ақ, жеке орындаушы ретінде облыстық филармонияда жұмыс істеймін.
“Мерей” өнер мектебінде дәстүрлі ән сыныбы 2018 жылы ашылды. Құдайға шүкір, қазір дәстүрлі ән-күйге жақын талапты, дарынды балалар аз емес. Олардың өнерін шыңдап, білім көкжиегін кеңейту үшін облыс, аудан орталықтарында түрлі үйірмелер жұмыс істеуде. Ауылдарда, шалғай елді мекендерде мұндай мүмкіндіктер жоқтың қасы. Мені осы жағдай алаңдатады. Ән-күйден сабақ беретін ұстаздар тапшы. Мұның бір себебін мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысының төмендігімен де байланыстыруға болатындай. Ол үшін мектептерде домбыра пәні оқытылып, ұстаздар үшін қосымша сағат бөлінсе жақсы болар еді. “Бұлақ көрсең – көзін аш” демекші, сол балалардың арасынан мықты күйші, әнші шығуы мүмкін ғой. Біз қос ішекті аспап пен дәстүрлі әншілік өнердің құдіретін түсінетін өнегелі ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Сондықтан ауылдың алты ауызын шырқайтын өнерпаздарды елдің ішінен іздеген жөн. Өйткені, барлық талант иесі алтын бесік – ауылдан шығады. Ал өнерлі балалардың жұлдызын жағу – біздің міндет.
Менің өнерге келуіме себепкер болған марқұм Ағыбай Әбілмәжінов сияқты ел ішінде өнер десе ішер асын жерге қоятын ұстаздар табылып жатса, қазақ әншілік өнері қанатын бұдан да кең жаяр еді. Сол себепті, дәстүрлі ән-күйге өрендердің қызығушылығын арттыру қажет.
Жастардың эстрадаға қарағанда, дәстүрлі әнге деген қызығушылығы төмен. Олай болуы заңды. Өйткені, дәстүрлі ән шынайы талантты талап етеді. Осы бағытта көптеген байқаулар ұйымдастырылып, аудан, ауыл тұрғындарын дәстүрлі әнмен сусындатып, бұл өнерді кеңінен насихаттау қажет. Облыстық филармонияның өнерпаздары жер-жерді аралап, концерт қоюда, жеке орындаушы ретінде мен де елді мекендерде ән кешін өткізуді жоспарлап отырмын. Мұндай бастаманы өткен жылы дәстүрлі әнші Біржан Есжанов қолға алған болатын.
Өзім ұстаз болған соң қазақ әншілік өнерінің тәжірибесімен бөлісіп, теориясын да балалардың бойына сіңіру керек екенін жақсы түсінемін. Сондықтан ән өнерінің көрнекті өкілдерін жастарға үлгі етсек, болашақта мықты өнерпаздар мәдениетіміздің дамуына сүбелі үлес қосатынына сенім артуға болады.

Еркебұлан ҚАРЫПОВ,  дәстүрлі әнші.
Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp