«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘСТҮР ЖӘНЕ ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Әр адамның өмірлік ұстанымы, көзқарасы болады. Тіпті, әркім өзі берік ұстанатын салт-дәстүрі де болатындығын айта кеткен жөн. Оларды сақтауға тырысамыз. Бір қызығы, адам өзінің үйреншікті болып қалған салт-дәстүрлерін жаңарту, жаңғырту, өзгерту туралы әдетте Жаңа жыл қарсаңында ойланады екен.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да дәстүр бойынша жыл сайын ақпарат алу тәсілі ретінде дәстүрлі пошта байланысын таңдаған салымшыларға жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы үзінді көшірме салынған хат жібереді.

БЖЗҚ қолданыстағы заңға сәйкес жеке зейнетақы шоты бар жеке тұлғаға жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап кез келген сұрау салынған күнге оның сұрауы бойынша зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты ақысыз береді. Сондай-ақ, оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа қолжетімділігінің электронды және өзге де тәсілдерін қамтамасыз етеді.

Көпшілігіміз зейнетақы шотын ашу жөніндегі шартты жеке зейнетақы қорлары жаңадан құрылып жатқан кезде жасасқанбыз. Салымшылар шартқа қол қойып жатып, әрине, өздерінің жеке деректемелерін (мекенжайы, телефоны, электрондық поштасының мекенжайы) көрсетеді. Ал бұл деректер уақыт өткен сайын белгілі бір себептермен өзгеріп отыратыны рас. Өкінішке қарай, салымшылар бұл өзгерістер туралы зейнетақы қорына хабарлауға асықпайды. Содан қор жыл сайын салымшылардың атына үзінді көшірмесі бар хат жібереді. Ал салымшылар көрсетілген мекенжайдан әлдеқашан көшіп кеткен болуы мүмкін. Сол себепті, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы үзінді көшірмесі бар хаттардың бір бөлігі «Хат алушы көрсетілген мекенжайда тұрмайды» деген белгімен кері қайтарылады. Мысалы, 2018 жылдың қаңтар айында жолданған хаттардың шамамен 8 пайызы қорға қайтарылған. Егер хат осындай белгімен кері қайтарылатын болса, одан кейінгі жылы зейнетақы шотының жай-күйі туралы хатты иесіне жібермеуге құқылы. Осылайша, салымшының қормен байланысы үзіледі. Сөйтіп, жинақтарының жағдайы қалай болып жатқандығынан бейхабар болып жүре береді. Осыған орай тағы да әрбір салымшы өзінің жеке зейнетақы шоты туралы ақпаратты алып тұруға мүдделі болуы керектігін ескертеміз. Сондықтан кезінде зейнетақы шоты бойынша ақпарат алудың қандай тәсілін таңдағандығын нақтылап, қорда сақталған жеке деректерін жаңартуы тиіс. Заң бойынша өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғалар қордың міндеттемелерін орындауға әсер ететін барлық өзгерістер жайында хабарлап отыруға міндетті.

БЖЗҚ өз тарапынан салымшыларға зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алудың бірнеше тәсілін ұсынады. Солардың ішінен салымшы өзіне ыңғайлысын таңдайды. Бүгінде зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты:

– дәстүрлі пошта байланысы;

– электрондық пошта;

– БЖЗҚ кеңсесіне тікелей өзі келу;

– интернет байланысы (электронды цифрлық қолтаңба немесе тіркелген жеке сәйкестендіру нөмірі мен құпия сөздің көмегімен қор сайты немесе смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы) арқылы алуға болады.

Бүгінде ақпарат алу тәсілдерінің ішінде ең ыңғайлысы – интернет байланысы. Сол арқылы жеке зейнетақы шоты бойынша үзінді көшірмені “enpf.kz” сайтындағы “жеке кабинет” және смартфондар мен планшеттерге арналған “ENPF” ұялы қосымшасы арқылы кез келген уақытта көруге болады. Қосымша қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.

Егер сіз бұған дейін ақпарат алу тәсілін таңдамаған болсаңыз немесе оны өзгерткіңіз келсе, қордың жергілікті бөлімшесіне келіп, хабарлау тәсілін өзгерту/белгілеу туралы қосымша келісімге қол қоясыз. Қазіргі уақытта еліміз бойынша қордың 216 бөлімшесі жұмыс істейді. Бұл операция бар болғаны бірнеше минут уақытты алады. Ұялы телефоныңызға «ENPF» ұялы қосымшасын жүктеп алу да жеңіл. Кейін логин мен құпия сөзді қолдана отырып, кез келген жерде, кез келген уақытта жеке зейнетақы шотыңыздың жай-күйін осы ұялы телефоныңыздағы ұялы қосымшадан немесе қор сайтының “жеке кабинетінен” көруіңізге болады. Қазір логин ретінде жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) қолданылады.

Айта кетелік, жеке деректемелеріңізге өзгерістер енгізу үшін де жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызды алып, қорға жүгінесіз. Құжатта жеке сәйкестендіру нөміріңіз (ЖСН) көрсетілген болуы керек. Ал егер электронды цифрлық қолтаңбаңыз бар болса, қор бөлімшесіне келмей-ақ, enpf.kz сайтының «Электронды қызмет көрсету» бөлімі арқылы ақпарат алу тәсілі ретінде интернет байланысын таңдауға және жеке деректемелерді өзгертуге болады.

Тағы да айта кететін жәйт, жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты «www.e-gov.kz» сайтының «Әлеуметтік қамтамасыз ету» – «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» бөлімі арқылы да көруге мүмкіндік бар. Бұл үшін алдымен осы электронды үкімет сайтына тіркеліп аласыз және электронды цифрлық қолтаңбаңыз болуы шарт. Ол халыққа қызмет көрсету орталығынан беріледі.

Міне, зейнетақы жинақтарының жай-күйін онлайн тәртібінде біліп отырудың осындай мүмкіндіктері бар. Айтпақшы, үзінді көшірмені өзіңіз таңдаған кезең бойынша (бір күннен бірнеше жылға дейін) ала аласыз.

Бүгінде ақпарат алудың интернет байланысы салымшылар мен алушылар арасында кеңінен танымал болып отыр. Мысалы, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша үзінді көшірмені пошта байланысы арқылы 1 805 000 адам алған. Ал үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде бұл тәсілден 270 мың адам бас тартқан.

Зейнетақы шотынан ақпарат алу тәсілі ретінде электрондық пошта байланысын таңдағандар саны жыл басынан бері 68 мың, ал интернет байланысын таңдағандар саны 1 145 890 адамға өсті. Сондықтан Жаңа жыл қарсаңында қордың өзіңізге жақын бөлімшесіне ерінбей барып, ақпарат алудың заманауи тәсілін таңдаңыз.

Дана БЕРДІҒҰЛОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp