Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, қиын-қыстау кезеңдерде сенімді тірегіне айналған сүйікті басылымымыз “Soltústik Qazaqstan” газетінің әр нөмірінде терең тарих жатыр. Қай кезеңде болмасын, тіл, діл, мәдениет, руханият жанашыры бола білген өңірлік басылым оқырмандар арасында зор сұраныс тудырып, әр шаңырақтың төрінен табылып келеді. Биыл Мағжан, Смағұл, Сәбит, Сафуан сынды алып тұлғалар еңбек еткен Қызылжар өңіріндегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы болып саналатын “Soltústik Qazaqstan”-ның алғашқы саны оқырман қолына тигеніне 100 жыл толады. Облысымыздың мәдени-рухани өміріндегі осындай айтулы күн барша солтүстікқазақстандықтар үшін мерей десек, артық айтқандығымыз емес.
Қазақтың көптеген ұлы мен қызы іспетті біз де ауылда өсіп, ата-әжеміздің тұнық тәрбиесінің қайнар көзінен мейір қандырдық. Атам марқұм Жұсып мерзімді баспасөздің тұрақты оқырманы болғандықтан бала кезімізден газет-журналға үңіліп, жаңалыққа құлақ түре жүруге ерте дағдыландық. Өңірдің байырғы газеті – “Soltústik Qazaqstan”-нан бастап, біздің үйден табылатын барша басылымның жарияланымдары жадымызға жаттала берді, мазмұнды мақалалардың авторларын сырттай танып, есімдері мен еңбектерін біліп жүрдік.
1920 жылы 22 ақпанда алғашқы нөмірі жарық көрген “Кедей сөзі” газеті бір жыл бойы Омбы қаласында шығып тұрды. Басылым бес облыстың, атап айтқанда Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Ақмола және Омбы уезіндегі қазақ еңбекшілерінің тұрмысын көрсетіп, солардың қызметі арқылы өзге халыққа ұран тастады. “Көтер басты! Аш көзді! Таста керенау жалқаулықты! Қайраттан, сілкін! Жармасыңдар бос шашылып жатқан ғылым-білім жемістеріне! Хат білмегенің білуге, тануға қам қылып, түпке жеткен надандықтан құтылуға кірісіңдер!” – деп газет тілшілері қазақ кедейлеріне үн тастады. Мен бұл кезде төрт жастағы баламын. Бірақ ата-әжемнің: “Мағжан Омбыда газет шығарыпты, онымен бірге ұлтымыздың оза туған Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров сынды жастары мақала жазыпты”, – деген әңгімелері есімде сақталып қалыпты.
1939 жылы 1-сыныпқа қабылдандым. Ол кезде жақын маңда орналасқан ауылдардың жоғары сынып оқушылары біздің Қарағашқа келіп оқитын. Отбасымызда үш-ақ адам болдық: атам, әжем және мен. Аралағаш (Төңкеріс) ауылынан әжемнің Сәлима, Әшімбай есімді екі туысқаны да біздің үйде тұрып, мектепте оқыды. Олар “Ленин туы” деп атауын өзгерткен газеттегі очерктерді, суреттемелер мен сыни мақалаларды жарыса оқитын. Газеттің шықпай қалатын тұстары да аз болған жоқ. Бұған түрлі тарихи оқиғалар себеп болса керек. Жаппай ұжымдастыру, қазақ жерін түрлі бекіністерге бөлу, ұлт зиялыларын жаппай қудалау сияқты өзгерістер кесірінен қазақ басылымдары зардап шекті. Бірақ ұлтымыздың жағдайын ойлаған зиялы қауым өкілдері қазақ тілі мен ділі тоқырауға тап болған тұста табандарынан тозып үй-үйді, ауыл-ауылды аралап газет таратты. Сөйтіп, “Ленин туы” ортамызға қайта оралды.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде біз мектеп оқушысымыз. Атам “Ленин туы”, “Октябрь” газеттерінің жаңа нөмірін тағат-сыздана күтіп отыратын. Бастауыш сыныптың оқушысы болсақ та, онымен бірге біз де өңірдегі жаңалықты білуге асығамыз. Ауыл ақсақалдары Сапар, Қазиакпар, Бейсенбай, Құсайын, Рамазан аталар біздің үйге жиналып, түннің бір уағына дейін газетті оқумен болатын. Ұлы Отан соғысы жылдарында “Ленин туы” редакциясына күні-түні жұмыс істеуге тура келді. Газет бұқараға соғыстың кесапатын, жауды жеңу үшін тылдағы еңбекті қарқынды жүргізу керектігін түсіндіріп отырды. Жаудың күл-талқанын шығарып құрту үшін халықты аянбай еңбек етуге үндеді. Тілшілердің ұрандары халыққа күш-қуат берді. Қиын-қыстау кезеңде көптеген публицистік шығармалар дүниеге келді. Олардың әрқайсысында майдан мен тылдың шындық шежіресі асқан шеберлікпен көрініс тапты. Жауынгерлерге үлкен күш-жігер берген өңіріміздің сөз зергерлерінің шығармалары отты жылдар шежіресінің өшпес парақтарына айналды.
Жергілікті басылым беттерінде жедел түрде жарияланған әрбір мақала жауынгерлердің намыс-жігерін қайрады. Редакция өз төңірегіне қазақтың майдандағы ұл-қыздарынан тілшілер қауымын топтастыра білді. Олар материалды орысша да жазды, журналистер қазақ тіліне аударып, газетке жариялап отырды. Басылым әр жылдары отаншылдық рухты, патриотизмді тәрбиелеуге зор маңыз берді. Мәселен, Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Темірғали Нұртазин, Ғалым Малдыбаев, Сәбит Мұқанов, Молдахмет Тырбиев және басқа ақын-жазушылар газетке жиі мақала жазатын. Майдан мен тыл қаһармандарына жігер беріп, ерлікке үндеген материалдар үзбей жарияланып тұрды. Сол тұстағы редактор Өміржан Оспанов жайында жақсы пікірлер жиі айтылушы еді. Ол жас мамандарды шақырып алып, тәрбиелік мәні зор ақыл-кеңестерін айтып, журналистика қызметінің қиындығын түсіндіруден, үйретуден жалықпаған екен.
Майдан кезінде ауыл ақсақалдары соғысқа кеткен балаларынан хат тосатын. Ауыл пошташысы келді деген хабар жетсе, тұрғындар да үй алдына шығып, мәре-сәре болатын. Хат алған ауыл адамдары бізді шақырып алып, оқып беруді өтінетін. Бірде сабақтан үйге келе жатсам, есік алдына жиналған ағалар жақын келуімді өтінді. Барсам, қолдарында – “Ленин туы”. “Мына газетті оқып берші”, – деп өтінді олар. Жыр жолдарының авторы Қасым Аманжоловтың суреті де беріліпті. Өлеңді дауыстап оқи жөнелдім:
“Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін…”.
Енді мына өлеңді де оқышы, қарағым!
“Сен фашиссің,
Мен қазақпын.
Өзің айтқандай, Азиятпын.
Сен еліңде жұлдыз қақтың,
Мен елімде түйе бақтым.
Егер де мен түссем қолға,
Қамар едің темір торға.
Олай болмай, былай болды
Біздің бақыт, сіздің сорға”, – деген ақынның өлең шумақтарын аяқтай бергенімде, қариялар қуаныштарын жасыра алмай, көздеріне жас алып, жалынды өлең жолдарын тағы бір қайталап оқып беруімді өтінді. Сол сұрапыл жылдары газеттің ел ішіндегі беделі осындай жалынды өлеңдермен, күш-қуатты қайрайтын ұрандармен жоғары болатын. Басылым аптасына бір рет соғыс тақырыбын кеңінен қозғап, Жеңістің күні жақын екенін жазып, баршамызды жігерлендіріп тұратын. Сөйтіп, көптің арман-тілегі орындалып, 1945 жылы қазақ жауынгерлері өзге ұлттардың өкілдерімен бірге фашистерді жеңді. “Ленин туы” газетінің 1945 жылғы 9 мамырдағы нөмірінің бірінші бетіне мынадай өлең берілді:
“Жеңіске жеткен ер халық,
Өркендей бер күні ертең.
Жеңіске жеткен ер халық,
Құтты болсын мерекең!”.
Қазақ баспасөзінің қарыштап өсіп, қауырт дамыған кезеңі деп өткен ғасырдың 60-80 жылдарын атауға болады. Осынау кезеңде “Ленин туы” баршаның рухани азығына айналды. Осы тұста газет тиражының он мың данаға жеткенін көбіміз біле бермейміз.
1957-1963 жылдары газетке басшылық еткен Балтабек Асановтың да азаматтық келбеті ерен еді. Ол Ұлы Отан соғысы жылдары республикалық “Социалистік Қазақстан” газетінің редакторы болған. “Ленин туына” келер алдында Семей қалалық партия комитетінде лауазымды қызмет атқарды. Бәкең сол келгеннен тың өлкесі құрылып, газет жабылғанға дейін істеп, кейін Қарағандыға көшті де сол жақта өмірден озды.
Газетке Құрмантай Меңдіғожин, Уәп Рақымжанов басшылық етті. Бұл азаматтар да өте қарапайым жандар еді. Уәп Әшімұлы “Ленин туы” газетінің редакторы болып жиырма жыл істеді. Оның басшылығымен газеттің көлемі артты, бүкіл республикаға танылды, марапат, мақтауларға ие болды. “Ленин туының” беттерінде қаламы төселген журналистер еңбек етті.
Ал тәуелсіздік таңы атқаннан кейін газет-журнал қатары әлденеше есеге көбейіп, отандық БАҚ нарығында бәсеке қыза бастады. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған басылымдар түрлі тақырыпты қозғаса да, жүз жылдық тарихы бар “Soltústik Qazaqstan”-ның биігіне жете алмайды. Әсіресе, төл басылымның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында егемендіктің нығаюына қосқан үлесін айрықша атап өтуге болады. Ұлттың мүддесі сыналған кезде газет тілшілері аянбай күресті. Сонымен қатар экономикамыздағы оң өзгерістер, рухани құндылықтар сияқты алтын арқаулы мәселелердің бірде-бірі ұлттық баспасөз назарынан тыс қалған емес.
Рахмет ЖҰСЫПОВ,
ардагер ұстаз.