Кейбіреулер жасының ұлғайғанын сылтауратып, вакцина салдыруда құлықсыздық танытады. Бұл – қате түсінік. Зайыбым екеуіміз 70-ке иек артқан шағымызда “Спутник V” вакцинасының екі дозасын да салдырдық. Мен екпеге ешқашан қарсы болған емеспін. Айналамдағы жұртқа да үгіт-насихат жүргізіп келемін.
Құдайға шүкір, қазір денсаулығымыз жақсы. Қалған өмірімізде жұқпалы індеттің құрығына ілініп кетпей, бала-шағаның қызығын көрсек, соның өзі үлкен бақыт қой. Әу баста жастардан басталып, енді жасамыстар, оқушы мен жүкті әйелдерге екпе қойылып жатыр. Бас амандығы үшін әркім вакцина салдыруы шарт. Өйткені бұл аты жаман індет тез жұғады екен. Ауруға қарсы қорғаныш қабілетің мықты болғанымен, отбасыңда, араласатын ортаңда басқа біреу ауырса, мұрттай ұшасың. Сондықтан бәріміз жаппай екпе салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз керек.
Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқардым. Талай қиындықтарды көрдік қой. Өзімнің үш баламды жеткізу үшін бастан не өткермедік? Небір тәуекелдерге бардық. Құдайдың берген қуаты бәрінен аман алып шықты. Жас ұлғайған сайын адам ағзасы әлсірейді екен. Сондықтан сақтанған абзал.
Вакцина – өзіңізді және жақындарыңызды “COVID-19” жұқпалы індетінен қорғайтын ең тиімді жол. Коронавирустың таралу динамикасына қарасақ, ерте ме, кеш пе, инфекцияны бәрі жұқтыратыны сөзсіз. Менің түсінігімше, оған ағзаны алдын ала дайындап, иммундық қорғаныс қалыптастырған жөн. Коронавирус, әсіресе созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіпті екенін жиі естимін. Асқыну қаупі жоғары. Дәрігерлер өкпе, жүрек-қантамыр аурулары және сусамырмен сырқаттанғандар вакцинаны мүмкіндігінше тезірек алуы керек деп жатыр.
Екпе алғаннан кейін ешқандай ауырсыну сезімі болған жоқ. Ағзада ешқандай күрделі өзгеріс байқалған жоқ. Екпе қойған жер қызарып, ісінді, шамалы әлсіредім. Бұл, әрине, қалыпты жағдай. Кейбір адамдардың дене қызуы көтеріліп, аздап қалтырайды, жүрегі айниды екен. Дәрігерлердің айтуынша, мұның бәрі – иммунитет қалыптастырудағы қалыпты реакциялар.
Егде жастағыларға екпенің пайдасы көп екенін айтқым келеді. Сақтықта – қорлық жоқ. Жаман аурудан аман болып, жастарға ақыл-кеңесімізді айтып, орталарында жүре берейік.
Хамза ОМАРОВ,
зейнеткер.
Мамлют ауданы.