2014 жылғы 11 қарашада Қазақстан халқына Жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жыл мемлекетіміздің тарихындағы ұлы оқиғаларға толы екенін айта келіп, солардың ішінде Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына айрықша тоқталып еді. Осыдан кейін бүкіл еліміздегі сияқты біздің өңірімізде де осы оқиғаға арналған жиындар, басқосулар өтті. Солардың ішінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылғаны жадымыздан шыға қойған жоқ.
Мен өзімнің мамандығыма орай мектебіміздегі сабақтарымда орта буын оқушыларға мемлекетіміздің өміріндегі осынау айтулы кезеңді үнемі әңгіме өзегіне айналдырып келемін. Міне, енді осы шараның соңғы нүктесіндей болып елордамызда 11 қыркүйекте болған салтанатты жиында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның барлық қиырынан бас қосқан азаматтардың алдында тыңдағанның жүрегіне ұялайтын ұлағатты сөздерінде хандығымыздың құрылуындағы бедерлі белестің маңызын санамызға сіңіре отырып, еліміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы алтын көпірді, соның ішінде білектей біріккен берекелі тұрмыстың қадір-қасиетін ұғындырды.
Тарихшы мұғалім болғандықтан, мен теледидар арқылы Елбасымыздың осы сөздерін асқан мұқияттылықпен тыңдадым. Н. Назарбаев Кеңес Одағы заманында ұлтымыздың тамырына балта шабуға арналған сұрқия саясаттың жетегінде кеткенімізді ашып айтып, сол кездің ащы шындығын алдымызға тартты.
Асыра сілтегендік емес, біздің елдігімізді, осынау кең-байтақ, аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын жерімізді ұрпақтарға табыстау жолында жандарын пида еткен ақылман хандарымыз бен көбеген батырларымыздың ерлігін біз зор мақтаныш көреміз.
Жиында Елбасымыз айтқан сөздер тарихи танымымыздың көкжиегін кеңейте түседі. Әсіресе, Қазақ хандығының бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, ол сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, түрік қағанатының, Дешті Қыпшақ және Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері екендігі тілге тиек етілді. Демек, хандығымыздың 550 жылдығынан оның мемлекеттілігінің тамыры әлдеқайда тереңде.
Елбасымыз тыңдаушыларды тарихымызға бойлата отырып, ортақ тіл табыса алмаудан, рухани келісімді қастерлемеуден сақтандырды. Бірліктің берекесін кетірмеудің мысалы үшін ұлы Абайдың “Бас-басына би болған өңкей қиқым” деп келетін өлең жолдарын тағы бір мәрте есімізге салып, елдің сиқын кетірмеуді ескертті.
Өткенімізді айта отырып, жетістіктерімізге мақтана бермей, еліміз тарихындағы олқылықтардан сабақ алуды да санамызға сіңірді. Осы ретте Қазақстан Республикасының бүгінгі аяқ алысын, көршілермен тату қарым-қатынас орнағанының жемісі мен игілігін, оған өз ішіміздегі береке-бірлікті сақтауымыздың арқасында қолымыз жетіп отырғанын атап көрсетті.
Басты стратегиялық мақсатымыз әлемдегі үздік отыз елдің қатарына кіру екендігіне назарымызды аудара түсті. Алдымызда осындай зор міндеттер тұр. Оларды еңсеріп, жүзеге асыру небір сыңдарда шыңдалған, ұйымшылдықпен ұйыса білген халқымыздың қолынан келеді. Біз болашаққа сеніммен қарайтын, сол сенімді еңбегімізбен орнықтыратын әлеует иеленген халықпыз. Ел болу үшін егемендікке қол жеткіздік, тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреттік. Кемеңгер Елбасымыздың арқасында экономикада, саясатта, мәдени-әлеуметтік өмірімізде бар болғаны жиырма жылдың ішінде әлемнің озық елу елінің қатарынан берік орын алдық. Мен осы жеңістерімізді мақтан ете отыра, өзім білім мен тәрбие дарытып жүрген жас ұрпақты отаншылдыққа, білімдарлыққа баули беретінімді айтқым келеді.
Гүлбаршын ЗЕЙНУЛЛИНА, Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.