Елімізде жыл сайын 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтіледі. Осы күні Қызылжарда да бірнеше іс-шара ұйымдастырылып, жастарға қастерлі құндылықтардың мән-маңызы түсіндірілді.
Көпқабатты үйлердің тұрғындары көк байраққа құрметін көрсетіп, зәулім ғимараттардың қабырғасына Ту ілді. Жастар ұйымдары акциялар ұйымдастырып, патриоттық шараларға белсенді қатысуға шақырды. Спорт сүйер қауым жаппай жүгіруге қатысты. Ал орталық алаңға жиналған жұрт салтанатты шараға куә болды. Қызылжарлықтарды айтулы мерекемен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
«Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттік рәміздер әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдіреді. Рәміздеріміздегі нышандар арқылы ұлтымыздың бейнесі қалыптасады. Сондықтан да рәміздер әр Қазақстан азаматы үшін қастерлі. Білім беру, мәдениет, спорт майталмандарының арқасында көк Туымыз әлемдік додаларда биіктен желбіреп, еліміздің мерейі үстем болуда. Бұл күні біз даңқты жерлесіміз, Мемлекеттік елтаңбаның авторы Шота Уәлихановты құрметпен еске аламыз», – деді өңір басшысы.
Салтанатты шарада өңірдің дамуына үлес қосып, көктемгі су тасқынында белсенділігімен көзге түскен азаматтарға марапаттар табысталды. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен «Қазақстан халық партиясы» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болат Қожахметов, «СТАН» серіктестігінің басшысы Қанат Бекенов, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Нежинка ауылдық округінің әкімі Мағзұм Дүйселеков, облыстық перинаталдық орталықтың шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ануарбек Ақылманов марапатталды. Ал қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Айдын Ақмағамбетов, 6637 әскери бөлімінің аға сержанты Жантілеу Рахимов, Ақжар ауданындағы «Айгөлек» балабақшасының музыка пәнінің жетекшісі Айнұр Закенова Алғыс хат иеленді.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».