«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ СЕНІМДІ САҚШЫСЫ

Облысымызда әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Еркінбек Байболов хабарлады.

– Мемлекет басшысы, Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев “Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2017 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы” №449 Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлыққа сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде жас жігіттерді мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Осыған орай біздің департамент пен бөлімдердің мамандары әскерге шақырылушыларды алдын ала іріктеу жұмыстарын атқаруда. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру үшін әскери қызметке шақыру комиссиясы және дәрігерлік комиссияның құрамы бекітілді, – деді Еркінбек Серғалиұлы.

Департамент бастығының айтуынша, көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны барысындағы негізгі мақсат – еліміздің Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарын тиісті білімі бар, физикалық және психологиялық тұрғыдан дайындалған жас сарбаздармен жасақтау. Облысымыздың 18-27 жас аралығындағы 750-ге жуық ер-азаматы төрт бағыт бойынша міндетті әскери қызметтерін атқаруға жіберіледі. Сәуір айында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметіне және Елбасы Жарлығымен Президенттің Күзет қызметі мен республикалық “Ұланның” біріктірілуі нәтижесінде құрылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылатын болады.

Шара барысында мерзімді әскери борышын өтегеннен кейін келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастырушылар қатарын толтыратыны хабарланды. Мысалы, 2012 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 100-ден астам адам жіберілсе, 2013 жылы келісімшарт бойынша әскери қызметке іріктеу бөлімшелеріне 300-ге жуық адам өтініш білдірген, 110 адам конкурстық комиссиядан өтіп, келісімшарт жасау үшін әскери бөлімдерге жіберілді. 2014 жылы 140 келісімшарт жасалды. 2015 жылы 100 адам келісімшартпен қызметтерін жалғастыруды қаласа, былтыр 84 үміткердің тек жартысының жолы болған. Биыл департаментке келісімшарт бойынша 110 адам келеді деп күтілуде.

Петропавл гарнизоны әскери прокурорының аға көмекшісі Абылай Игембаев әскерге шақырудан жалтарған азаматтар қолданыстағы заңнамаларға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығына тоқталып өтті. Жергілікті әскери басқару органдарында есепке тұру қағидаттарын бұзған азаматтарға бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Немесе түзеу жұмыстарына тартылып, бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылатын болады. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 647-бабында әскери міндетті атқармаған азаматтарға жауапкершілік енгізілген. Бұл ретте айыпталушы айыппұл төлейтін болады. Жыл басынан бері 19 солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Баспасөз мәслихаты барысында Еркінбек Серғалиұлы көктемгі әскерге шақыру Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдық мерейтойына сәйкес келіп отырғандығын атап өтті.

– Осыған байланысты облысымызда қоғам өкілдерін қатыстыра отырып, әскерге шақырылғандарды салтанатты жағдайда шығарып салу, ант беру рәсімін ашық алаңдарда өткізу шаралары жүргізілетін болады, – деді департамент бастығы.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp