«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГІНГЕ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРҒА НАЗАР АУДАРЫЛДЫ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Шал ақын және Тимирязев аудандарында болды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жиынтерім жұмыстарының барысымен танысу. Диқандар қазір ашық күндерді пайдаланып қалуда. Өңір басшысы астықты уақтылы жинап алу үшін жұмыс қарқынын күшейте түсу, сондай-ақ, мал шаруашылығын дамытумен айналысу қажеттігін айтты.

Өңір басшысы Шал ақын ауданында ат басын тіреген алғашқы нысан – “Агросевер” серіктестігі. Ауа райының жылынуы диқандардың тоқтаусыз жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызған. Шаруалар жалпы аумағы 10,5 мың гектар егіннің 62 пайызын дестеге түсіріп, 25 пайызын жинапты. Гектар берекелігі зығыр мен рапстан – 14-20, ал дәнді дақылдардан 29 центнерден айналуда. Астықты кептіру жұмыстары да қарқынды. Ол үшін биыл шаруашылықта арнайы кептіргіш қондырғылар орнатылыпты.  

– Жаңа қазандықтар зығыр сабанын жағудың арқасында жұмыс істейді. Бұрын кептіргіштер дизель отынымен жұмыс істейтін. Қазір үнемдеу байқалады. Бүгінгі күнге дейін 600 тонна арпа, рапс кептіріп үлгердік, – дейді “Агросевер” серіктестігінің директоры Николай Луговой.

Ерік Сұлтанов серіктестік басшылығына жұмыс қарқынын күшейтіп, мал шаруашылығын дамытуды жүктеді. Айта кеткен жөн, шаруашылықта 440 бас қазақтың ақбас сиыры бар. Оның 300-і биылғы жылы сатылып алынған.

Облыс әкімі Повозочное-Баян-Архангелка елді мекендерін жалғастыратын жолдарды жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Бұл ұзындығы 2,4 шақырымды алып жатқан эксперименттік аумақ алты бөлікке бөлініп, оған құрамында 20 пайыз қиыршықтасы бар Новоишимкадан жеткізілетін қоспа төселуде. Мердігер компания – “Петропавл жолдары” фирмасы. Бұл мақсатқа бөлінген қаражат – 30 миллион теңге. Жөндеу жұмыстарын қазан айында аяқтау көзделіп отыр.

Етпен қатар, сүт өндіру де басты назарда болуы шарт. Шаруалармен әңгіме барысында облыс басшысы ол үшін өңірімізде барлық жағдай жасалғандығын тілге тиек етті. Жалпы, Шал ақын ауданында барлық егіннің 61 пайызы орылып, 74 мың тонна бидай мен 4 мың тонна майлы дақылдар жиналып алыныпты. Жанар-жағармай, өнімді қабылдау, кептіру мен сақтау жөнінен кедергі жоқ.

Сергеевка қаласында болған облыс әкімі биылғы жылы ашылған “Тамшы” шағын орталығына барды. Онда 2 мен 5 жас аралығындағы 100 бала тәрбиеленуде.

Ерік Сұлтанов “ТНС – 2020” серіктестігінің дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің жағдайымен де танысты. Қыс бойы мекеменің жұмысы жылу жүйесі тартылмағандықтан, тоқтап тұрған. Бұл жерде су да жоқ. Дегенмен, мұнда ауданаралық және облыс деңгейіндегі спорт шараларын ұйымдастыруға әбден болады. Облыс әкімі серіктестік директорына қысқа мерзім ішінде жылу жүйесін реттеп, кәріз құбырларын тартып, әрлеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бұл күні облыс әкімі Тимирязев ауданына да барды. Жарқын ауылында Ерік Сұлтанов дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Ол ауылдықтардың өтінішімен салынуда. Оған қажетті металл құрылғыларды жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылғылар зауыты жеткізген.

– Құрастыру жұмыстары бір апта уақытты қажет етеді. Бұл біздің облыс аумағындағы алғашқы нысанымыз. Алдағы уақытта басқа та тапсырыстар алуды жоспарлап отырмыз, – дейді жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылғылар зауыты директорының орынбасары Азамат Бекқожинов.

Дене шынықтыру және сауықтыру кешені мектептің аумағында салынуда. Білім ордасында 83 бала оқиды. Тағы 20 бүлдіршін шағын орталыққа барады. Ауыл жастары талай рет футбол және волейболдан аудандық, облыстық жарыстарға қатысқан. Сондықтан дене шынықтырумен айналысуға мол мүмкіндік туғызатын нысанның ашылуын олар асыға күтуде.

Облыс әкімі аудан диқандарымен де жолықты. Алқап басында егін орағы қызу жүріп жатыр. Техника күні-түні танап басында. Биылғы жылы аудан бойынша 196, 6 мың гектар аумаққа дәнді дақылдар егілсе, бүгінде оның 50 пайызы орылған. Бастырылған астық – 77 мың тонна. Гектар ризығы орта есеппен 13,6 центнерден айналып отыр. Диқандармен әңгіме барысында облыс әкімі жұмыс қарқынын арттыруды міндеттеді.

Ал, Мичурин ауылдық округінің тұрғындары болса өңір басшысынан Мичурино-Тимирязев бағытындағы жолды жөндеуге көмектесуін сұрады. Ерік Хамзаұлы аталмыш мәселенің алдағы жылы шешілетінін жеткізді.

Фариза ЖАЗИТОВА,

журналист.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp