Аққайың және Мағжан Жұмабаев аудандарының агроқұрылымдарында болған облыс әкімі Ерік Сұлтанов орақ науқанының барысымен танысып, диқандармен кездесті.
Аққайың ауданында үстіміздегі жылы егін алқабы 110 мың гектарды құрап отыр. Оның 50 пайызы орылып, 45 мың гектары бастырылды. Орташа шығымдылық – 15 центнер. Майлы дақылдар 22300 гектарға егілсе, бүгінде оның үштен бірі бастырылыпты.
Аталмыш аудандағы “Леонов” шаруа қожалығы иелігіндегі малдың санын 200 бас голштинфриз тұқымдас ірі қарамен көбейтіпті. Украинадан бұзаулар әкелген шаруа қожалығының басшысы Павел Леоновтың айтуынша, 700 сиыр күн сайын 4 тонна сүт береді екен. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік алғандықтан, жыл аяғына дейін ірі қараның басын 1000-ға жеткіземін деген жоспарымен бөлісті.
Аталмыш шаруашылықта мал азығын өндіру де қолға алынған. Осының арқасында қысқы мал азығының қорын әзірлеп, 500 тоннадан астамын ауылдастары мен жұмысшыларына берген.
Үстіміздегі жылы 3 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар сепкен шаруашылық бүгінде бидайға орақ түсіріп, гектарына 20 центнерден өнім алып жатқан көрінеді. Ауа райы қолайлы болса, маңызды науқанды 10 күннен кейін аяқтамақ.
Ал “Симаргл” ЖШС-нің директоры Владимир Пожиткиннің айтуынша, бидай алқабының 30 пайызын жинап алыпты. Оларда гектар өнімділігі 20-21 центнерден айналуда. “Полтавское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орақ науқанын 28 тамыздан бастап, егін алқабына 13 жоғары өнімді техника шығарып, 160 адамды жұмылдырған. Бүгінде 8000 гектар алқаптың тең жартысы орылып, гектар берекелігі 17 центнерді құрап отыр.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Аққайың ауданы диқандарының жұмысына оң бағасын беріп, осы екпінмен орақ науқанын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Осы күні өңір басшысы Мағжан Жұмабаев ауданына да барып, жергілікті диқандардың жұмысымен танысты.
(Өз тілшіміз).