Шалғайдағы Ақжар ауданы диқандарының дәнді дақылдарды оруға кіріскеніне бір аптадан асты. Үстіміздегі жылы ақжарлық шаруалар 183,4 мың гектарға дәнді дақыл сіңірген. Оның 142,7 мыңы бидай болса, 38,8 мың гектарына – арпа, 0,2 мың гектарына – сұлы және 0,1 мың гектарына бұршақ отырғызылған. Майлы дақыл алқаптарының жалпы ауданы 72,4 мың гектарды құрайды. 5,5 мың гектарды – рапс, ал 59,7 мың гектарды зығыр құрайды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Шайсұлтановтың айтуынша, егін ерте піскендіктен, орақ науқанын әдеттегіден ерте бастапты.
– Қазіргі уақытта аудандағы шаруашылықтардың басым бөлігі орақ науқанына кірісті. Себебі, мамыр айында егілген бидай пісіп үлгерді. Астықтың сапасы жақсы. Агроқұрылымдар бүгінге дейін 21,1 мың гектар бидайды бастырып үлгерді. Бұл – жалпы жоспардың 11 пайызы. Жергілікті элеваторлар мен астық кептіргіштерге 1600 тонна бидай мен 14100 тонна арпа жеткізілді. Аудан бойынша әр гектардың орташа шығымы 15 центнерден айналуда. Ендігі мақсат – әр ашық күнді тиімді пайдаланып, ала жаздай бапталған егінді шашпай-төкпей жинап алу, – дейді Азамат Тұрлыбекұлы.
Аудан бойынша орақ науқанына 425 комбайн, 320 жатка және 307 жүк көлігі жұмылдырылмақ.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.