«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГІН ШЫҒЫМДЫЛЫҒЫН ЕЛУ ЦЕНТНЕРГЕ ЖЕТКІЗУ – “Тұқым” серіктестігінің мақсаты

Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта түседі. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек”, – деді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің алдына қойылып отырған зор міндет. Соған орай атқарылып жатқан шаралардың жайымен таныспақ болып, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка ауылында орналасқан “Тұқым” ЖШС-іне арнайы ат басын тіреген едік.

 

Элиталық тұқым шаруашылығына бетбұрыс

 

Аталмыш серіктестіктің атқарушы директоры Николай Кадун бұл күндері өзі басқарып отырған агроқұрылымның аудандық тәжірибе шаруашылығы негізінде 1993 жылы құрылғанын, содан бері элиталық тұқым өндіруге ден қойып келе жатқандығын айтты.

Агроқұрылымның ауыл шаруашылығына жарамды 45 мың гектардай жері бар. Соның 23033 гектары егістік алқапқа пайдаланылмақ, 19 мың 795 гектары өткен жылы парға қалдырылыпты. Осынау ауқымды жермен жұмыс істеуге арналған шаруашылықтың “Джон Дир” маркалы шетелдік заманауи 14 себу кешені, америкалық, канадалық, германиялық 34 комбайны, химиялық өңдеу жүргізуге арналған өздігінен жүретін 35 метрлік 6 қондырғысы, 35 “КамАЗ” автомобилі бар. Осы шаруашылықта 15 жылдан бері басшылық қызметтер атқарып келе жатқан Николай Иванович агроқұрылымда техника паркінің толықтай жаңартылып болғанын, өткен жылы және биыл 15 метрлік жаткасы бар 3 “Джон Дир”, америкалық 3 “Челенджер” комбайнын, ауа райы құбылмалы өңірлер үшін масақты тарамдап кесетін ағылшындық 4 кеңалымды жатка сатып алғандарын, алдағы уақытта да олардың санын көбейтуді көздеп отырғандарын айтып берді.

Рузаевка, Золотоноша, Чернобаевка, Сарыадыр, Көкалажар ауылдарында серіктестіктің 6 егіс бригадасы орналасқан. Оларда 450 адам еңбек етеді. Механизаторлар Көнтай Жүсіпов, Владимир Прохоренко, автомобиль жүргізушілері Елубай Дүйселенов, Владимир Литвиненко сынды озаттар шаруашылықта аз емес.

Өнген өнімді үзіліссіз қабылдау, талапқа сай тазарту және бүлдірмей сақтау мәселелері серіктестікте толығымен шешілген. Рузаевка ауылында – 65 мың, Новоишимкада 10 мың тонналық элеваторлары, қуаттылығы сағатына 50 тонналық астық кептіру кешені, 45 мың тонналық астық сақтайтын 15 қоймасы, 20 мың тонна астық қабылдай алатын 4 ашық алаңы бар.

– Биыл 21297 гектар алқапқа “Омбы-28”, “Омбы-35”, “Омбы-38” жұмсақ бидай, “Сібір інжуі” атты қатты бидай тұқымдарын сепкелі отырмыз. “Кедр” арпасы егілетін жер 1716 гектарды құрайды. Көктемгі-жазғы дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруашылыққа 550 мың литр дизель отыны, 30 мың литр бензин қажет. Үкіметтің қолдауы арқасында жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен “Бақыт Ойл” компаниясы арқылы жеткізілуде. Қажетті қаражат толығымен төленген. Тыңайтқыштар мен химиялық дәрілерге де төлемақы жөнінен бізде күрделі мәселе туындаған емес. Бұл сала қаражат үнемдеуді қажет етпейді, – дейді Николай Кадун.

Озық технология – жоғары өнімділік кепілі

 

Серіктестік элиталық тұқым өндіруді мақсат ететіндіктен, астық шығымдылығын арттыру үшін әлемдегі озық технологияларды ұтымды пайдалануға баса назар аударады. Шаруашылықтағы агротехникалық шараларға бас агроном Евгений Дубов басшылық етеді. Ол аталмыш кәсіпорында агроном болып тәжірибе станциясы кезінен еңбек етеді. Оның өзіне де 29 жыл болыпты.

– Біз жоғары өнімділікке қол жеткізуді мақсат еткелі жерді барынша тыңайтуға, өсімдіктерді аурулардан қорғауға және сабанды жинамай, алқапқа бірдей етіп шашып тастауға ерекше көңіл бөлеміз. Соңғы 12 жылда егістік алқаптарға 40400 тонна минералдық таңайтқыш сеуіппіз, оның 10 мың тоннасы – аммофос, 25 мың тоннасы – аммиак селитрасы, 5 мың тоннасы – диамофос. Бұл агротехникалық шара өз нәтижесін беруде, – дейді Евгений Николаевич. Бас агрономның айтуына қарағанда, соңғы 15 жылда гектар берекелілігі 23 центнер, соңғы 5 жылда 26 центнер болған. 2011 жылы серіктестіктің 2-ші бригадасы – 48 центнерден, 5-ші мен 6-шы бригадалар тиісінше 41 және 43 центнерден өнім алған. Сөйтіп, сол жылы серіктестік бойынша орташа өнім 43 центнерден айналған. Өткен жылғы ауа райының қолайсыз жағдайының өзінде 28,3 центнерлік өнімге қол жеткізген.

Евгений Дубов дәнді дақылдардың тұқымына ерекше назар аударатындықтарын баса айтады. Ол үшін жыл сайын 5-6 гектарлық тәжірибе алаңына дәнді, дәндібұршақты және майлы дақылдардың 60 шақты сұрыбын егіп, экологиялық сынақтан өткізеді. Нәтижесінде ең жоғары өнімділік көрсеткен сұрыптар ғана өз шаруашылығы үшін таңдалынып алынады және басқа агроқұрылымдарға ұсынылады.

Агроқұрылымның көктемгі дала жұмыстарын нөлдік технологиямен жүргізуге бетбұрыс жасағанына да 7 жылдай болып қалыпты.

– Содан бері шетелдік, әсіресе, канадалық әріптестеріміздің тәжірибесімен кеңінен таныстық. Барып көрдік те. Нөлдік технология қолданатын егістік алқаптарды орақ науқаны кезінен бастап әзірлеу керектігіне көз жеткіздік. Жиналатын өсімдік қалдықтары барынша үгітіліп, жер қыртысына жатканың өн бойымен шашылып отыруы керек. Біздегі шетелдік комбайндар осылай жабдықталған. Сонымен бірге, көктемде себу науқанына дейін арамшөп шыға бастаған алқаптарға гербицидпен химиялық өңдеу жүргізуді де қолға алдық. Негізінен глифосат қолданамыз. Топырақта ылғал сақтауға аса мән береміз. Тағы бір ескеретін жағдай – нөлдік технологияда химиялық пар ерекше рөл атқарады. Оны да толығымен меңгердік. Мамыр айының 20-сына дейін және көктемгі ылғал түсуге байланысты шілде айының ортасында екі рет химиялық өңдеу жүргіземіз. Жылдағы тәжірибе бойынша дәнді дақылдар себу науқаны 18 мамырда басталып, айдың соңына дейін аяқталады. Заманауи себу кешендерінің арқасында оған мүмкіншілігіміз толығымен жетеді, – дейді өсімдік шаруашылығына бар саналы ғұмырын арнап келе жатқан Евгений Николаевич.

Елбасы биылғы Жолдауында: “Егіншілікте суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет”, – деп атап айтты. “Тұқым” ЖШС – осы бағытқа ден қойған шаруашылықтардың бірі. Оны серіктестік басшыларымен болған әңгіме барысында байқадық.

– Нөлдік технологиямен жұмыс істеуге 2006 жылы көшкенімізбен, жаңа әдіспен толықтай жұмыс істей бастағанымызға екі жыл ғана болды. Осы кезеңде техника паркін толық жаңарттық. Соның арқасында егістік алқаптардан тұрақты өнім алуға қол жеткіздік. Елу центнерлік өнім біздің басты мақсатымыз болып қала береді. Сол үшін ізденіп жатырмыз. Алдағы уақытта сатылу құны бидайдан 3-4 есе қымбат майлы дақылдар егумен айналыссақ деген ойымыз бар. Соған лайықты себу кешені сияқты қосымша осызаманғы техникалар сатып алуымыз қажет. Оған мүмкіншілігіміз толығымен жетеді. Жеріміз де, сұрып сынайтын тәжірибе алаңымыз да бар. Білікті мамандардан тапшылық көріп отырғанымыз жоқ. Заман талабына орай әрекет етудің қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Көштен қалмайтындығымызға сенімдімін, – дейді серіктестіктің атқарушы директоры Николай Кадун.

Бүгінгі күні ғылым мен тәжірибені ұштастыра білген шаруашылықтар ғана өз еңбегінің жемісін көретіндігін, құбылмалы ауа райында тұрақты өнім алатындығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан заманауи техникалармен қаруланып, алдына зор мақсат қойған агроқұрылымдар осы әлемдік жаңалықтарға ден қоюда. Солардың қатарында нөлдік технологияны меңгеру арқылы елу центнерлік өнімге құлаш ұрып отырған “Тұқым” ЖШС де бар.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp