
“Tikeleı baılanys” айдарының кезекті қонағы – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов тұрғындардың сауалдарына жауап береді. Көктемгі егіс науқанын ұйымдастыруға және ауыл шаруашылығы саласында шешімін таппай жатқан мәселелерге қатысты сұрақтар “Soltústik Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және “WHATSAPP” желісіне көптеп түскенін айта кеткен жөн.
Марат СЕЙІТҚАС,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясы алқапқа шыққалы отырған диқанның жұмысына қалай әсер етті. Облыс диқандары көктемгі егіс науқанына дер кезінде дайындала алды ма?
– Еліміз үшін ауыл шаруашылығының маңызы зор. Дәл қазіргі басты міндет – 13 мамыр – 5 маусым аралығында егіс науқанын ойдағыдай өткізу. Қазақ “көктемнің бір күні – жылға азық” деп бекер айтпаған. Кез келген қауіп-қатерге қарамастан, бұл жұмысты уақтылы жүргізу керек. Үстіміздегі жылы 4,2 млн. гектар алқапқа егін егу жоспарланса, соның ішінде дәнді дақылдардың үлесі 2,8 млн. гектарды құрайды. Майлы дақылдар 955,4 мың гектарға сіңірілмек. Бұл – жалпы егістіктің 23 пайызы. Сондай-ақ, 47,4 мың гектар алқапқа соя егілмек. Азықтық дақылдар 352,9 мың гектарға отырғызылса, оның 32,2 мыңы – картопқа, ал 6 мыңы көкөніске тиесілі. Биыл қар көп жауғандықтан, ылғал қоры жеткілікті.
Агроқұрылымдар минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етілді. Биыл шаруаларға 130 мың тоннаға жуық тыңайтқыш қажет. Бүгіндері оның жартысы жеткізілді. Бұл жердің құнарлығын арттырып, өнімділікті молайтуға мүмкіндік береді. Топырақтың құнарлылығын арттыру мақсатында 129,4 мың гектар алқапқа минералды тыңайтқыштар енгізілді. Сондай-ақ, барлық шаруашылықтар тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, 493,8 мың тонна тұқым дайындалды. Жылдағы жоспарға сәйкес алқаптарда дәнді дақылдарды аурудан қорғау үшін фунгицидпен және гербицидпен дәрілеу жұмыстары жүргізілді.
Егіс науқанына жалпы 13,6 мың трактор, 15,8 мың дән сепкіш, 1,2 мың заманауи егіс кешені қатысады. Бұл техникалардың барлығы жөндеуден өткізілді. Жалпы, жыл басынан бері облыс диқандары 6,2 млрд. теңгеге 407 жаңа техника сатып алды. Бұдан коронавирус ауыл шаруашылығы саласына көп әсер етпегенін аңғарамыз.
Айбек ЖҰМАБЕК,
Уәлиханов ауданының тұрғыны:
– Жыл сайын жауапты науқан қарсаңында шаруаларға арзандатылған жанар-жағармай бөлінеді. Дегенмен, былтыр біздің ауданда жанармайға қол жеткізе алмаған шаруашылықтар болды. Бұл жұмыс биыл өз деңгейінде атқарыла ма?
– Биыл аграрлық секторды дамытуға республикалық бюджеттен 42,8 млрд. теңге бөлінді. Оның 5,7 млрд. теңгесі минералды тыңайтқыштар бойынша демеуқаржы ретінде беріледі. Жыл басынан бері “ҚазАгро” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ-ның қаржы институттары 18,3 млрд. теңгенің 300 өтінімін қаржыландырды. Диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 68,9 мың тонна дизель отыны, 10,8 мың тонна бензин және 3,2 мың тонна мотор майы қажет еді. Үстіміздегі жылы дизель отынының бағасы 1 литр үшін 165 теңгеге дейін төмендетілуі шаруаның мойнындағы зіл батпан салмақты біршама жеңілдетті. Жанармай, негізінен, Павлодар мен Атырау мұнай-химия зауыттарынан жеткізілді. Отынды тасымалдау бойынша кедергі болған жоқ, барлық шаруашылықтар жанар-жағармаймен уақытында қамтылды.
Асхат СҰЛТАН,
Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны:
– Мен көп жылдан бері егін егіп, қара жерден несібемді тауып келемін. Дегенмен, қарамағымдағы техниканың басым бөлігінің тозығы жеткен. Аудандағы басқа да агроқұрылымдарда жағдай мәз емес. Техника темір болғанымен, ол да тозады. Бір жылдары Петропавл қаласында “Батыр” маркасымен трактор шығаратын зауыт жұмысын бастаған болатын. Бірақ нәтижесі көрінбейді. Сол тракторлар бізге неге сатылмайды? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бұл мәселені шешу бойынша қандай шараларды қолға алуда?
– Жыл басынан бері облыстың машина-трактор паркі 9,4 млрд. теңгенің 578 техникасымен толықтырылды. Олардың ішінде 116 трактор, 23 егіс кешені, 191 дән сепкіш бар. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 126 техникаға көп. “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ы, “Технолизинг” ЖШС-і, “ҚДБ-Лизинг” АҚ-ы және тағы басқа лизинг нарығының көшбасшы компанияларынан 2,2 млрд. теңгеге 55 жоғары өнімділікті техника сатып алынды. Дегенмен, тозығы жеткен техника мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Бүгінгі таңда облыста 100 мыңнан астам түрлі ауыл шаруашылығы техникасы бар болса, жыл сайын оның тек 3 пайызы ғана жаңартылады. Бұл – біздің облыс үшін өте төмен көрсеткіш.
Мәселені шешу үшін 2016 жылы Петропавл трактор зауытының тұсауы кесіліп, жылына “К704-4Р” маркалы техника шығарыла бастаған болатын. Бұдан бөлек, кәсіпорын мамандары пневматикалық егіс кешені, астық өлшегіштер мен аспалы шалғылар жасайды. Бүгінге дейін зауыт тапсырыс аясында 24 “Батыр СК” тракторы мен 17 егіс кешенін құрастырды. Биыл германиялық “CLAAS” компаниясы “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында комбайн құрастыратын зауытты іске қоспақ. Нәтижесінде жылына 200-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы шығарылмақ. Аталмыш мәселені шешуге “AVAGRO” ЖШС-і де өз үлесін қосып келеді. 2004 жылдан бастап елімізде ғана емес, Ресейдің шекаралас облыстарында да сұранысқа ие бүріккіштер жасайтын серіктестік толық өндірістік циклді – жобалаудан бастап дайын өнімді дайындауға және сынауға дейін жүзеге асырады.
Мейрам АҒЫБАЙ,
Шал ақын ауданының тұрғыны:
– Мен сияқты шаруаларды Үкімет беретін демеуқаржы мәселесі алаңдатады. Мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмаған, оның ішінде элиталық тұқым мен гербицидтерге берілетін субсидияны ала алмаған шаруалар бар. Биыл бұл мәселе қалай шешілмек? Субсидия бөлуде қандай өзгерістер мен жаңашылықтар бар?
– Мемлекет соңғы жылдары шаруаларға үлкен қамқорлық танытып, агроқұрылымдарды арнайы бағдарламалар мен жобалар арқылы қаржылай қолдауды жүзеге асыруда. Пайызы төмен несие берумен қатар минералды тыңайтқыштар мен элиталы тұқым сатып алуға субсидия төлеу үрдісі жолға қойылған. Дегенмен, бұл бағытта да келеңсіз жағдайлар тіркелуде. Мәселен, 2019 жылы бизнес сәйкестендіру нөмірі (“БСН”) бар фермерлік немесе шаруа қожалықтары Қазақстанның бас аграрлық порталы – www.Qoldau.kz сайтында субсидиялауға өтінім берген кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің кадастрлық нөмірлерін көрсетпеген болатын. Нәтижесінде бірқатар агроқұрылым тиесілі демеуқаржыны ала алмады. Бүгінгі таңда ақпараттық-есептеу орталығы субсидиялауға өтінім беру мәселесін жеңілдету жолдарын қарастыруда. Сөйтіп, алдағы уақытта былтыр сатып алынған тыңайтқыштар, гербицидтер мен элиталы тұқымдарға субсидия ала алмаған агроқұрылымдар қайта өтінім беру мүмкіндігіне ие болады.
Биыл көктемгі егіс науқанын жүргізуге ел бюджетінен 200 млрд. теңге бөлінген болатын. Оның 70 млрд. теңгесі тұқым өндірісін дамытуға және тыңайтқыш сатып алуға жұмсалды. Қызылжар өңірінің ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға 12 бағдарлама бойынша 42,8 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,2 млрд. теңгеге артық. Өсімдік шаруашылығында пестицидтер мен биоагенттерді, тыңайтқыштарды және тұқымдарды сатып алуға бюджеттен демеуқаржы бөлінді. Сондай-ақ, биылдан бастап арамшөптерге қарсы қолданылатын гербицидтерден бөлек, зиянды және аса қауіпті организмдерге қарсы өңдеу шараларын жүргізуде пайдаланылатын фунгицидтер мен инсектицидтерге де демеуқаржы төленетінін атап айтқан жөн.
Шаруа ОСПАНОВ,
Айыртау ауданының тұрғыны:
– Біз техниканы жыл сайын Петропавл қаласындағы сервистік орталықтарда жөндетіп, қажетті саймандарды да солардан сатып алушы едік. Бірақ коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде облыс орталығына бару қиындағанын білесіздер. Блокбекеттерден өте алмаған кездеріміз де болды. Сервистік орталықтардың мамандары неге аудандарға шықпайды?
– Агроқұрылымдарға техниканы жөндеу және саймандар сату қызметін көрсететін компаниялар мен серіктестіктердің басым бөлігі Петропавлда орналасқаны рас. Облыс орталығының карантинге жабылуы жергілікті диқандарға біраз қиындық туғызды. Дегенмен, шаруаларға қызмет көрсететін серіктестіктер жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Облыстық штаб мамандары минералды тыңайтқыштарды, ауыл шаруашылығы техникасы мен жанар-жағармай жеткізушілердің, карантин кезеңінде жұмысы тоқтатылмайтын мамандандырылған дүкендердің тізімін жасаған болатын. Қалалық әкімдіктің бақылау-өткізу бекеттеріне берген тізімдерге сәйкес техникалық қызмет көрсету серіктестіктеріне еш кедергісіз аудандарға шығу мүмкіндігі жасалғанын айта кеткен жөн.
Біздің басқармада 16 сәуірден бастап бұл мәселе бойынша толық ақпарат беретін және өтініштерді қабылдайтын Call-орталығы іске қосылған. Бүгінге дейін шаруалардан 3202 өтініш түсті. Олардың тек 2621-і мақұлданды. Өтініштер кейін автоматтандырылған “Сергек” бейнебақылау жүйесінің базасына енгізілді. 11 мамырдан бастап елімізде төтенше жағдай алынып тасталғанын білесіздер. Өңірде карантин талаптары да жеңілдетілді. Аудандар арасында жүріп-тұруға еш кедергі жоқ.
Алмас МҰҚЖАНОВ,
Ақжар ауданының тұрғыны:
– Былтыр облыста алқаптарды әртараптандыру мақсатында майлы дақылдар егісі 1 млн. гектарға дейін жеткізілді. Біз де жаңа бағытта бағымызды сынап, күзде мол өнім алған болатынбыз. Бастамамыз сәтті болды әрі оның нарықтағы бағасы бидайға қарағанда бірнеше есе жоғары екеніне көзіміз жетті. Ендігі кезекте майлы дақылдарды қайта өңдеу немесе экспорттау бойынша ақпаратпен бөліссеңіздер.
– Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Бұл орайда басымдыққа ие (рентабельді) дақылдарды көбейту үшін егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы ала жаздай танап басында таң атырып, күн батырған диқандар еңбегінің нәтижесінде гектар шығымдылығы орта есеппен 19 центнерден айналды. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында жоғары рентабельді майлы дақылдар бұл жолы да 955,4 мың гектарға сіңірілетін болады. Оның 673 мың гектарын зығыр, 187,7 мың гектарын рапс, 37,1 мың гектарын күнбағыс, 47,4 мың гектарын соя және 10,1 мың гектарын қыша құрайды. Қажетті 31,5 мың тонна зығыр тұқымының 12,1 мың тоннасы еліміздің басқа өңірлерінен және Ресейдің шекаралас облыстарынан жеткізілді. Негізінен, “Солтүстік”, “Кустанайский янтарь” және “Август” сорттары егілетін болады. АҚШ, Еуропа, Ресей елдерінен рапстың “Билдер”, “Брандер”, “Сальса”, “Солар”, “Культус” және “Кюрри” сияқты сұрыптары сатып алынды.
Облыста қуаттылығы жылына 491 мың тонна майлы дақыл өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Былтыр облысымызда “Солтүстіктің соясы” бағдарламасы жүзеге асырылған болатын. Аталмыш бағдарламаға 35 фермерлік шаруашылық қатысып, 20 мың гектарға соя дақылы егілді. Бұл көрсеткіш биыл 47,4 мың гектарға дейін жеткізіліп, “Алтын”, “Сібір”, “Черемшанка”, “Эльдорадо”, “Сиб НИИК 315”, “Аляска” сұрыптарын егу көзделіп отыр. Өкінішке қарай, өңірде сояны өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Сондықтан өнімнің басым бөлігі Қытайға, Иранға және Таяу Шығыс елдеріне экспортталуда. Бір атап өтерлігі, қайта өңдеуден өткен соя өнімдері құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарда сұранысқа ие. Мәселен, Тайынша ауданындағы “ЕМС – Агро” ЖШС-нің басшылығы құрамында соя өнімдері бар құрамажемді Алматы облысынан жеткізеді. Біздің өңіріміз үшін бұл жаңа әрі рентабельді дақыл болғандықтан, алдағы уақытта оның көлемін 150 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Қанат ӘБІЛМАЖИНОВ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Біздің облыста картоп отырғызатын шаруашылықтар жетерлік. Әсіресе, Тайынша ауданының шаруалары жыл сайын мол өнім жинайтынын білеміз. Дегенмен, олардың басым бөлігі картопты күзде бірден сатып жіберуге мәжбүр. Себебі, жыл бойы сақтауға мүмкіндік беретін заманауи қоймалары жоқ. Өңірімізде бұл мәселе қашан шешімін табар екен?
– Қызылжар өңірі картоп өсіруге қолайлы. Топырақтың құнарлылығы жақсы. Ең ірі алқаптар Қызылжар мен Тайынша аудандарына тиесілі. Облыс бойынша картоп өндірумен 150 ауыл шаруашылығы айналысады. Бұл орайда “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы”, “Петерфельд-Агро”, “Астық Сату Компаниясы”, “Астық Stem” ЖШС-і, “Зенченко және К” КС-і және “Коломеец” ШҚ-ын атап айтуға болады. Жуырда олардың екеуі (“Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” мен “Астық Stem” ЖШС-і) өнімділігі гектарына 60 тоннаға дейін жететін “Невский”, “Алая заря”, “Гала”, “Удача” картоп сұрыптарын өндіру бойынша аттестаттаудан сәтті өтті.
Былтырғы орақ науқаны кезінде гектар берекелігі орта есеппен 179,8 центнерді құрап, 605,5 мың тонна картоп жиналды. Әсіресе, тамшылатып суару әдісі қолданылатын 84 гектар алқаптан мол өнім алынды. Алайда, халық сұранысынан артық жиналған картоптың басым бөлігі қажетті қоймалардың жоқтығынан сатылуда.
Былтыр Петропавлда жыл бойы көкөнiс сақтауға арналған заманауи қойма пайдалануға беріліп, жағдай біршама түзелген болатын. “Радуга” ЖШС-нің жаңа қоймасы соңғы үлгiдегi желдету және салқындату жүйелерiмен қамтамасыз етiлгендіктен, мұнда көкөнiстер мен картопты сапалы әрi ұзақ сақтауға болады. Ал аудандарда картоп сақтайтын заманауи қоймалар тапшы. Қазіргі уақытта ондай нысандар тек Тайынша мен Тимирязев аудандарында бар. Сондықтан шаруашылық басшылары заманауи қоймалар салу мәселесіне көңіл бөлсе екен дейміз.
Дайындаған
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.