Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры агроөнеркәсіптік кешенді сақтандырудың операторы ретінде осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыруда. Дәл бүгінгі таңда егіс алқаптарын сақтандыру жүріп жатыр.
Топырақтағы ылғалдың артық болуынан келетін зияннан сақтандыру шарттарын 2020 жылдың 1 тамызына дейін жасау қажет. Шарт жасасу “Qoldau.kz” сайтындағы “Agroinsurance” ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Егіс алқабын сақтандыру кезеңі 2020 жылдың 15 тамызынан 15 қазанына дейінгі аралықты қамтиды.
Топырақ ылғалының артық болуынан сақтандыру шарттарын жасайтын фермерлер мемлекеттік қолдауға ие болады. Яғни, сақтандыру сыйақысының 50 пайызын мемлекет субсидиялайды. Осылайша, сақтандыру құны төмендейді.
Сақтандыруға жататын дәнді дақылдар – бидай, арпа, сұлы, жүгері. Ал майлы дақылдардан – күнбағыс, рапс, зығыр өнімдері. Бұл мүмкіндікті еліміздің астықты өңірлерінің шаруалары ғана пайдалана алатынын ескерте кеткен жөн. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы да бар. Сонымен қатар Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарының фермерлері егіс алқаптарын сақтандыра алады.
Ол үшін фермер “Qoldau.kz” сайтындағы жеке кабинетінде өзінің егіс алқабын көрсетіп, сақтандыру компаниясын анықтап, келісімшарт жасасуы тиіс. Одан кейін сақтандыру сыйақысын төлейді. Сақтандыру компаниясы, өз кезегінде, субсидияға өтінім жолдайды.
Сақтандыру жағдайы туындаған кезде пайдаланушының жеке кабинетіне хабарлама келеді және ол электронды цифрлық қолтаңба арқылы төлем туралы өтінішке қол қояды. Бұл жерде ол төленетін соманы көре алады. Осыдан кейін фермердің шотына сақтандыру төлемі аударылады.
– Топырақ ылғалының артықтығынан сақтандыру – бұл тәуекел деңгейі орташа сақтандыру болып есептеледі. Қазақстанның астық егетін негізгі өңірлерінде биыл жауын-шашын ұзаққа созылып, мөлшерден екі есеге артық ылғал түсті. Бұл – егінге зиян. Сақтандырудың бұл түрі фермерді шығынға батып қалудан қорғайды. Ең жоғарғы сақтандыру төлемі сақтандыру құнының 20 пайызына дейін жетеді, – дейді “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның басқарушы директоры Асқар Қалиев.
Мысалы, фермер 1000 гектар егіс алқабын сақтандырса, бір гектарға шығын нормасы 30 000 теңге болады. Яғни, сақтандыру шартын жасаса, сақтандыру сыйақысы 729 000 теңгені құрайды (1000 га * 30000 тг * 2,43 % сақтандыру тарифі). Оның 364 500 теңгесін мемлекет субсидиялайды. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде фермер 6 000 000 теңге мөлшерінде сақтандыру төлемін алады (1000*30000*20%). Бұл сақтандыру құнының ең жоғары – 20 пайыз мөлшеріне сәйкес келеді.
Биыл маусым айынан бері агроөнеркәсіп кешенінде ерікті сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастағанын да айта кету керек. Сақтандыру топырақтағы ылғалдың жетіспеушілігі мен артық болуына негізделген тәуекелдерді қамтиды.
Топырақтағы ылғалдың жетіспеушілігіне байланысты жасалған шарттарға сәйкес ел бойынша 57 фермер мемлекеттік қолдауға ие болды. Олар жалпы сомасы 82 миллион теңге болатын сақтандыру сыйақы субсидиясына қол жеткізді. Жасалған шарттарда көзделген сақтандыру жағдайларының нәтижесінде сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы 384 млн. теңгені құрады.
Әлия ЕҢСЕБАЕВА,
“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры”
АҚ-ның баспасөз хатшысы.