«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЖЕЛГІ МӘДЕНИЕТТІҢ КӨНЕ МЕКЕНІ

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне ұлы даладан тарағанын айтты. Осылайша, Елбасы әлемге қазақ жерінен тараған жылқының қадірін жете түсінуге шақыруда.

 

 

Жылқыны қолға үйрету арқылы атабабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғаны белгілі. Осы орайда, Айыртау ауданындағы Никольское ауылынан бір жарым шақырым жердегі “Ботай” қонысын атап өтпеске болмайды. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі бұл қоныста жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.

 

1981-1983 жылдар аралығында менің жетекшілігіммен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізді. 15 гектар жерді алып жатқан аумақтан жылқы сүйектерінен жасалған пышақ, садақ, найза ұштары табылып, 133 мыңдай жануардың сүйегі зерттелді. Көне Ботай қонысында қыш ыдыстардың сынықтары және көп мөлшерде жылқы сүйектерінің табылуы тарихта Еуразия даласын мекендеген сақтардың мәдениеті туралы бұған дейінгі көзқарасты түбегейлі өзгерткен ғылыми төңкеріс болды.

 

Ботай жылқысының бітім-болмысына қарап оның үй шаруасына, жорыққа, саят-серуенге пай-даланылғанын аңғаруға болады. Ботай жылқысын зерттеуге Ресей, Англия және Германия ғалымдары да ниет танытты. Зерттеу жұмыстарынан кейін ғалымдар Ботай жылқысы қолға үйретілген деген ортақ пікірге келді.

 

Осылайша, археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осыдан алты мың жыл бұрын бұл аймақты мекендеген ботайлықтардың қымыз ішіп, адамзат тарихында алғаш рет жылқыны қолға үйреткенін дәлелдедік. Жылқыны алғаш рет көлік ретінде пайдалану Еуразия аумағындағы тұрғындардың көшіп-қону үрдісіне, басқа аймақтағы халықтармен сауда, экономикалық байланыс-тар орнатуына, ат үстінде соғысу әскери өнерін жетілдіріп, жаңа жерлерді жаулап алуына, географиялық кеңістік аумағын кеңейтуіне жол ашты. Жылқыны қолға үйрету адамзаттың өмір салтына, ойлау жүйесіне, мәдениетіне, техникалық дамуына бұрын-соңды болмаған өзгерістер әкеліп, әлемдік өркениетке жаңа серпін бергені сөзсіз. Сондықтан өткенді мақтан тұту арқылы болашаққа нық қадам жасай аламыз.

 

Виктор ЗАЙБЕРТ,

 

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp